Арамызда есту қабілеті нашар адамдар аз емес. Бұл дерттің себебін ғылым да нақты түсіндіре алмай отыр. Анығы, мұның тарихы тереңде жатыр. Мәселен, ежелгі Греция мен Римде есту қабілеті бұзылған адамдарға қатысты түрлі көзқарастар болған. Кейбірі оларды қоғамдық өмірге белсенді түрде тартса, басқалары шеттеткен деген де дерек бар. Дей тұрғанмен ХIХ ғасырда есту қабілеті бұзылған жандарды оқыту мен қоғам жұмысына қатыстырылудың жаңа тәсілдері пайда бола бастады.
Сурдопедагогиканың қалыптасуы осы кезеңмен тығыз байланысты. Сурдопедагогиканың түрлі әдістері дамып, есту қабілеті бұзылған балалардың білім алуына жол ашты. Әр елде өз ерекшелігі бар ымдық тілдер де дамыған. Мамандар пікірінше, соңғы жылдарда қоғамда есту қабілеті бұзылған адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктері артқан. Инклюзивті білім беру, әлеуметтік қызметтер мен қолдау жүйелері олардың өмір сүру сапасын жақсартуда.
Бүгінгі таңда бұл жандардың құқықтарын қорғау мақсатында түрлі бірлестіктер мен ұйымдар жұмыс істейді. Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдарға арналған төрт бірлестік бар десек, соның бірі – Айгүл Оқбаева басқарып отырған «Инклюзия» қоғамдық бірлестігі.
Үнсіздік әлемінде ұғынысу
«Талдықорғандағы мектеп-интернаттың жанында бір-бірімен қол, ым-ишара арқылы сөйлесетін екі оқушыны бірнеше мәрте көрдім.Сөйтсем ол балалар үзілісте далаға шығып өзара әңгімелеседі екен. Сол кездері мені: «Олар не туралы әңгімелеседі екен» деген ой мазалайтын-ды. Шынымды айтсам олардың әлемі мені қызықтыратын еді», – депті бір сұхбатында Жетісу облысының есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдарға арналған «Инклюзия» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Оқбаева.
Үнсіздік әлемінде ұғысатын жандардың жанына желеу болып жүрген маманмен тілдесудің орайы туды. Айгүл ханымның негізгі мамандығы – педагогика және психология саласы. Жаркент педагогикалық колледжін қызыл дипломмен бітіргеннен кейін Талдықорғандағы Жетісу мемлекеттік университетінде екі жыл оқыған. Өзі айтқандай, 5 жылдық жоғары білімі бар.
– Бір кездері ым-ишара арқылы әңгімелесетін балалардың не айтатынын білсем ғой дейтін сөзімді Құдайым құп көрді ме, оқуымды тәмамдаған соң, 1999 жылы аталмыш мектеп-интернатқа тәрбиеші болып орнықтым. Қызығы сол, мектеп директоры мені дәл сол екі баланың сыныбына тәрбиеші етіп қойды. Осылай он екі жыл тәрбиеші, бес жылдан аса психолог болып еңбек еттім. Мұнан соң үйірме жетекшісі болдым. Жалпы мектеп-интернатта 20 жыл бойы еңбек еттім, – деп ағынан жарылды ол.
Айгүл Жұмашқызы балаларды қолмен ымдау тілін баулитын үйірмесін ашып, кейін соған жетекші болған.
– Жетекшілік ісімде балаларды облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатыстырып, ән айтуға үйреттім. Балалар 2017 жылы тұңғыш кәсіптік білім беру бағдарламасына бет бұра бастағанда бұл мектептен кетіп, Талдықорғандағы политехникалық колледжіне сурдоаудармашы болып жұмысқа ауыстым, – деген кейіпкеріміз ым тілінің белгілі бір заңға бағынбай, жаңарып отыратынын да айтты.
Талдықорғандағы политехникалық колледжден арнайы топ ашылып, аталмыш мектеп-интернаттың оқушыларын қабылдай бастаған жылы Айгүл ханым осы оқу орнына жұмысқа орнығады. Алғашында топ белгілі бір мамандықтар бойынша балаларды қабылдай бастаған. Яғни, рұқсат берілген веб-дизайнер, программист және дене-шынықтыру мамандықтарына оқуға түсе алады. Ал биылдан бастап мектеп-интернат балалары үшін жоғары оқу орнына түсу мәселесі де оң жолға қойылып жатқан көрінеді.
«Мені таңғалдырғаны, құжаты жоқ деп қамаған жандардың бәрі демейін біреуі болса да неге қолұшын созып, көмек бермеген. Басқа жерден келген жоқ, өз еліміздің баласы. Осы уақытқа дейін доп секілді анда бір, мында бір теуіп келген.»
*«2019 жылдан Zhas Project жобасына қатысып, сол жылы екі проект, 2020 жылы тағы бір жобаны ұтып алдық. 2021 жылы Жетісу облысының атынан тағы төрт жоба ұсынып, екеуін ұттық».
*«Ерекше қажеттілігі бар балаларды ыңғайлы деген мекемелерге жұмысқа орнықтырып, солардың жайын жасауға барынша ден қойылса, балаларды еңбекке баулу деген дүние қайта қалпына келтірілсе».
*«Біздің балаларды тестке дайындайтын орталықтар жоқ. Ал қазір кез келген жұмыс орны жоғары білімді талап етеді. Олар орта біліммен ғана шектеліп қалып жатады. Сондықтан осы дүниеге де көңіл бөлінсе».
Жол ашқан жоба
– Инклюзивті білім беру жоспары енгеннен кейін, бізде кәсіптік білім беруге көңіл бөліне бастады», – деп жалғады әңгімесін ол. – Ал балаларымыздың колледжге оқуға түсуі бәрімізді қуантты. Сол кезде сурдоаудармашы болып қызметке орналастым. 2018 жылдан бастап балалардың жұмыссыздығы, дипломы бола тұра табысының болмауы сынды мәселелерге көңіл бөле бастадым. Себебі олар жұмысқа тұруда біршама қиындыққа кезігіп қалып жатты. Әсіресе кәсіп ашуға жағдай жасау керек екенін түсіндім. Сонымен 2019 жылдан Zhas Project жобасына қатысып, сол жылы 2 жоба, 2020 жылы тағы бір жобаны ұтып алдық. Тарқатып айтсам, Шаяхмет Санжар есімді баламыз ер азаматтарға арналған шаш қиятын салон, яғни барбершоп ашқысы келетін. Ал екіншісі «Кестелі орамал» деген жоба болды. Ол жерде зерде бұзылыстары орын алған студенттер бар, ойлау қабілеті бұзылғандар бар, бірігіп бір идеяға топтасты. Жоба әуелден белгілі бір мерзімге жоспарланғандықтан, сол мерзім аяқталған соң әркім өзіне тиесілі жабдықтарды алды да, жоба тоқтатылды.
2021 жылы Жетісу облысының атынан тағы 4 жоба ұсынып, екеуін ұттық. Ол кезде Шаяхмет Санжар шаштаразын әмбебап етіп, салон ретінде үлкейткісі келді. Сөйтіп, тағы да жобаға қатысып, 1 миллион теңге көлемінде грант ұттық. Жанына жұмысшылар, шеберлер алып, маникюр, педикюр, визаж сынды қызметтерді ашты. Екі құлағы нашар еститін қыз баланы осы салаға бейімдеп, алдын ала оқыттық. Кейіннен колледж жатақханасынан бір бөлме сұрап, сонда қызмет көрсетті. Әрі Санжар өзі секілді ерекше қажеттілігі бар жандарға тегін қызмет ететінін де айта кетейін. Жоба ережесі бойынша 6 ай бойы әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға да тегін қызмет ұсынды. Ол өз саласында үнемі ізденіп, біліктілігін арттырып келеді.
Ал Нәби Диас есімді баламыз сурет үйірмесін ашып еді, идеясы ұтқанымен, кәсібі алға баса қоймады. Неге десеңіз, Талдықорғанда сурет салу үйірмесі көп әрі біразы тегін. Ата-аналар көбіне тегін үйірмеге жүгінетіндіктен, кәсібі тұралап қалды, – деп әңгіме ауанын қоғамдық бірлестік жайына бұрды.
Ерекше қажеттілігі бар жандарға не қажет?
– Қоғамдық бірлестікті ашқаныма биыл екінші жылдың жүзі болды. Негізінде бірлестікті ашу идеясын 2019 жылдан бері ойланып жүрген едім. Колледждегі әріптестеріме «Айгүл – «Инклюзия» есімімен танымал болғандықтан бірлестікті солай деп атауды жөн көрдім. «Инклюзия» қоғамдық бірлестігінде қазіргі таңда өзіммен қосқанда 12 адам еңбек етеді. 10 адам үшінші топтағы мүгедектігі бар жандар. Оның үшеуін былтыр мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған субсидияланатын жұмыс орнымен алдым.
Санжар атты баламыз қазіргі таңда қаладағы «Банка» атауымен аталатын ғимараттың екінші қабатында балалар шаштаразы болып үш күн жұмыс істесе, үш күн бізде еңбек етеді. Әрине, бізден алатын ақшасына қарағанда ондағы табысы жоғары.
Бірлестікке жүгінетін 60-70-тей адам бар десек, солардың әрқайсысына барынша көмек қолын созуға тырысамыз. Жеке мәселесіне қатысты шаруаларын да реттеуге, ауруханаға баруға, кәсіп ашуға көмектесеміз. Мәселен, Диас контент мейкер қызметін атқарады. Яғни, бірлестіктің инста парақшасын жүргізеді. Бұдан бөлек,сырттан тапсырыс түсіп жатса сол жұмыстарға да барады(видео, фотоға түсіру деген сынды). Негізінен құлағы естімейтін жандардың той-томалағына барып, қызмет көрсетеді. Неге десеңіз, олармен байланысқа шығу, кері байланыс орнатып, түсіндіру оңай. Бір сөзбен айтқанда, оның өз әлемі ғой. Осылай қосымша табыс көзін табады.
Жалпы, бізге келіп жүгінетін 60-70-тей адамның балаларына шаш қию қызметі тегін. Сонымен қатар сурет, қажетті қағаздарды басып шығарып беруді де тегін жасаймыз. Сырттан келген адамдарға ғана қызмет ақылы түрде көрсетіледі.
Қазіргі таңда тырнаққа маникюр жасайтын шебер алсақ деген ойымыз бар. Субсидияланатын жұмыс орны бойынша мен жұмыс орнын құрып, қажетті барлық затын алып беремін. Барлық құжатты дайындап көрсеткен соң мемлекет маған қаражатымды қайтарады. Содан кейін оларға төленетін қаражаттың 70 пайызы үкіметтен берілсе, қалған 30 пайызын бірлестік төлейді. Мемлекет беретін қаражаттың 70 пайызы алғашқы жылында төленсе, екінші жылында 65 пайызға, үшінші жылы 60 пайызға дейін төмендеп отырады. Ал қалған сомасы бірлестіктен төленеді. Бұл дегеніңіз, олардың аяғынан тік тұрып кетуіне дейінгі мемлекеттен берілетін көмек қой.
Қоғамдық бірлестікті құрған күннен бос жүрген балаларды жұмысқа орналастыруды қолға алғанмын. Кеше ғана бір баламды жұмыскерлер қатарына қостым. Сондай-ақ, сурдоаудармашы ретінде менен қызмет алатын адамға керек кезінде ғана көмек көрсетпеймін, олардың әлеуметтік мәселесін де шешуге тырысамын.
Біздің балалар намысшыл келеді. Сондықтан көп жағдайда тауып беретін жұмыстарға көпшілігі бара бермейді. Бірлестікке жүгінетіндердің шаруасы шаш етектен.
Жуырда маған біздің интернатта оқыған баламыз жүгінді. Ол қолындағы бар құжатынан айырылып, тіркеусіз жүр екен. Қазір жасы 27 келген. Оның басынан өткен жағдайды естіп білген соң баратын жерге барып, істі шешуге кірістім. Мектеп бітірген жылы тиесілі жеке кәулігін алмай, содан бері әркімге бір жалданып жұмыс істеп жүріпті. Мені таңғалдырғаны, бұл баланы жұмысқа алған, яки құжаты жоқ деп қамап тастайтын жандардың бәрі демейін біреуі болса да неге қол ұшын созып, құжат жасауға көмек бермегені?! Басқа жерден келген жоқ, өз еліміздің тумасы. Осы уақытқа дейін доп секілді анда бір, мында бір теуіп келген. Бұған, не дей аласыз?! Ерекше қажеттілігі бар жандарға керегі қоғамның мейірімі мен қамқорлығы ғана ғой…
Бірлестікті ашудағы себеп дейсіз бе? Үнсіздік әлемінде ұғынысатын жандардың жұмыссыз жүргені жаныма бататын. Сол себептен бірлестік құрып, соларға аз да болса қолұшын берсем деген ой болды. Олардың бәрін жұмысқа орналастырып тастамасам да барынша қолдау көрсетуге атсалысып келемін. Дей тұрғанмен осы уақытқа дейін колледж бітірген 50 баланың жұмысқа тұрғандары саусақпен санарлық қана, – дейді Айгүл ханым.
Өз сөзінде ол колледж бітіріп жатқан ерекше қажеттілігі бар балаларды ыңғайлы деген мекемелерге жұмысқа орнықтырып, солардың жайын жасауға барынша ден қойылса, балаларды еңбекке баулу деген дүние қайта қалпына келтірілсе ғой деген ішкі ойын да ақтарды.
«Тағы бір мәселе, біздің балаларды тестке дайындайтын орталықтар жоқ. Мен қызым барған ҰБТ-ға даярлайтын орталықтың басшысымен сөйлесіп 6 баланы тестке дайындадық. Ең құрығанда шекті балл алып шықсыншы деп. Сол балалардың 2-еуі ғана өтті. Бұл да нәтиже ғой. Қазір кез келген жұмыс орны жоғары білімді талап етеді. Ал біздің балалар орта біліммен ғана шектеліп қалып жатады. Сондықтан осы дүниеге де көңіл бөлінсе», – дейді Айгүл Жұмашқызы.
Осы уақытқа дейін ерекше қажеттілігі бар балалардың оңалуына, әлеуметтеніп, қоғамдық өмірге бейімделуіне, білім алып, тіпті өз кәсіптерін ашуына жәрдемші бола білген қоғамдық бірлестіктің төрайымы Айгүл Оқбаеваның еңбегі еленіп, әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде «Үздік жұмыс беруші» номинациясымен марапатталды.
Әр күніне есеп беріп, жұмысына жауапкершілікпен қараған Айгүл Жұмашқызы секілді өз ісінің кәсіби маманы барда ерекше қажеттілігі бар жандарға деген қолдау көрсету қажеттілігі арта түсері хақ.
Сарби ӘЙТЕНОВА