Алдағы, яғни 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тәсілдері енгізіледі. Аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетіні баршаға мәлім. Бұл орайда, жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Сондай-ақ, қиын жағдайдан шығару үшін отбасына кешенді қолдау көрсетіледі. Жетісу облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтан алдағы жылы атаулы әлеуметтік көмекті көрсетудің шарттары туралы ақпарат беруін сұраған едік. Ол атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері жайлы жан-жақты айтып берді.
«Көмек көрсету шартты және шартсыз түрде жүзеге асырылады. Еңбекке қабілетсіз азаматтары бар отбасыларға шартсыз ақшалай көмек көрсетіледі. Олар жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысуы міндетті емес. Шартты ақшалай көмек отбасы құрамында кемінде бір адам еңбекке қабілетті болған жағдайда беріледі. Екіншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі әртүрлі шаралар жүзеге асады. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың барлық кезеңіне отбасымен келісімшарт жасалады. Келісімшартты бұзу бүкіл отбасына АӘК төлеуді тоқтату және келесі алты айда көмекті тағайындаудан бас тартуға негіз болып табылады», – деді ол.
Аз қамтылған отбасылардан шыққан 1 жастан 6 жасты қоса алғанға дейінгі әрбір балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш (2024 жылы 5 538 теңге) мөлшерінде қосымша төлем беріледі. Өңірлер бөлінісінде АӘК алушылардың ең көп саны Талдықорған қаласына тиесілі. Әлеуметтік мәртебе бөлісінде АӘК алушылар арасында ең көбі балалар. Бұл 18,6 мың адамды құрайды. АӘК алушылардың құрылымында көпбалалы отбасылар басым. АӘК-тің басты мақсаты – еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту. Сонымен қатар, еңбекке ынталандыру арқылы кедейлік шеңберінен шығару.
Мәселен, биыл шартты ақшалай көмек алушылардың 6,7 мыңы еңбекке қабілетті, 4,1 мыңында жұмысы бар. Ал 2,3 мыңы сырқат адамдарға күтім жасайтындар және 0,3 мыңы жұмыссыздар қатарын түзеген. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларында негізінен тұрақты жұмыспен қамту басым екенін атап өткен жөн. Мәселен, есепті кезеңде 725 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар, 379 адамға немесе 34%-ға уақытша жұмыспен қамту шаралары көрсетілген. Оның ішінде 247 адам қоғамдық жұмыс орындарына, 44 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылып, 19 адам жастар тәжірибесіне жолданды.
Ермек Мизамбаевтің айтуынша, 10 адамға кәсіпкерлік бастауға жәрдем көрсетіліп, 59 адам біліктілікті арттыру, қайта даярлау және қайта оқыту курстарына жіберілді.
Осындай жанды шаралардың нәтижесінде осы жылы кедейлік жағдайынан шыққандар саны 7,9 мың адамды құрағанын айта кету керек.
2025 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына қойылған негізгі міндет – учаскелік комиссияның қызметін цифрландыру. АӘК тағайындау кезінде учаскелік комиссия отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізіп, көмек көрсетудің қажеттілігі туралы қорытынды шығарады. Осылайша, тексеру жүргізу кезінде формальді тәсілді болдырмау және автоматтандыру мақсатында учаскелік комиссиялар үшін «FSM Social» мобильдік қосымшасы әзірленді.
Мобильді қосымшаны пайдалану кезінде учаскелік комиссияның мүшесі отбасының материалдық жағдайы бойынша барлық деректерді енгізеді. Алдын ала қорытынды шығарып, учаскелік комиссияның басқа мүшелеріне қол қоюға жібереді. 2025 жылдың қаңтарынан бастап бүкіл ел бойынша мобильді қосымшаны енгізу жоспарлануда. Мобильді қосымшаны енгізудің артықшылығы геолокацияны анықтау (өтініш берушінің нақты географиялық орны), жедел шешім қабылдау және қорытынды шығару рәсімін оңтайландыру. Көмек беруді зерттеу және шешім шығару кезінде формальді тәсілді алып тастау.
Биылғы жылғы 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы нақты мұқтаж азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырғаны мәлім. АӘК тағайындау кезінде көмек беруді айқындау өлшем шарттарын мынадай өлшем шарттармен толықтыру ұсынылады. Тұрғын үй және жеңіл автокөлік сатып алу, отбасының әрбір мүшесіне айына бір рет ең төмен күнкөріс деңгейінен жоғары мөлшердегі ипотекалық қарызды қоспағанда, банктік қарыздарды және микрокредиттерді рәсімдеу. Жиынтығында отбасының әрбір мүшесіне айына кедейлік шегінен асатын адамның банктік шоттары бойынша шығыс операцияларының болуы. Ипотекалық депозитті қоспағанда, бір отбасына 200 АЕК-тен астам мөлшердегі жинақ салымының, депозиттің болуы назарға алынады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘК-ке үміткер адамдардың келісімін ала отырып, азаматтардың шығыстарын есепке алу тетігін сынақтан өткізу пилоттық жобасын іске қосу жоспарлануда.
Өтініш беруші АӘК алу үшін уәкілетті органға жүгініп, пилоттық жобаға қатысуға өтініш береді. Осыдан кейін өтініш берушінің отбасы құрамына кіретін барлық кәмелетке толған адамға жеке телефон нөмірлеріне 1414 нөмірінен sms-хабарлама жіберіледі. Оған олар бір жұмыс күні ішінде жауап беруі тиіс.
Ақпарат алу өтініш берушінің келісімі бойынша және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылатынын айта кету керек.
Гүлжан ТҰРСЫН





