Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында педагогикалық еңбекті отбасылық дәстүрге айналдырып, білім саласына ұшан-теңіз үлес қосып келе жатқан бірегей отбасылар назарға ілігуде, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жетісу өңірінде өнегелі ісімен танылған Жапақовтар әулетінің жалпы педагогикалық еңбек өтілі 200 жылдан асып жығылады. Ағартушылық жолда бірнеше буынды біріктірген отбасының оқиғасы – еңбекке адалдық пен білімге құрметтің айқын көрінісі. Бүгінгі цифрлық дәуірде ұстаз мәртебесін арттыру және отбасылық құндылықтарды дәріптеу басты орында.
Әулеттің ұстаздық шежіресі Мәли Жапақұлынан басталады. Математика пәнінің білікті маманы 26 жыл бойы мектеп директоры лауазымын атқарып, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа буын оқулықтарын алғашқылардың бірі болып сынақтан өткізуге қатысқан. Кезінде Қыздар педагогикалық университетінде де дәріс берген ардагер ұстаздың еңбек өтілі 43 жылды құрайды. Оның осы салада 36 жыл еңбек еткен жұбайы, география мен биология пәндерінің мұғалімі Мәрия Баймырзаева «Қазақстан Республикасының оқу-ағарту ісінің үздігі» атанған.
Ата-ана өнегесін кейінгі ұрпақ сәтті жалғастырып келеді. Қызы Майгүл Жапақызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 30 жылдан астам уақыт сабақ берсе, оның жұбайы Әсет Байбеков балалар көркемсурет мектебінде 20 жыл ұстаздық етті. Ұлы Сабыржан Жапақов – 22 жылдық еңбек өтілі бар заңгер, PhD докторы. Ал оның жұбайы Қорлан Исаханқызы – лингвистика бағытында 21 жыл еңбек еткен PhD докторы. Әулеттің келіндері Орал Саймасаева (23 жыл өтіл) мектеп директорының орынбасары қызметінде болса, Айнұр Мекебаева (11 жыл өтіл) Алматыдағы мектепте ағылшын тілінен дәріс береді. Осылайша, отбасы мүшелерінің ортақ еңбек өтілі 207 жылдан асады.
Ұстаздар әулетінің бұл тәжірибесі білім саласындағы сабақтастық пен сапаны қамтамасыз етудің бірегей үлгісі саналады. Отбасылық педагогикалық әулеттерді қолдау – жас мамандарды ағартушылыққа тартып, мектептердегі білім сапасын арттырудың тиімді шешімдерінің бірі. Атадан балаға дарыған тәжірибе мен білімге деген сүйіспеншілік жас ұрпаққа сапалы тәлім беруге жол ашады.





