Ел көлемінде оның ішінде Жетісу өңірінде де жұмыссыздық мән беретін мәселе ретінде күн тәртібінен түспеді. Әсіресе, жастар арасында оқу бітіргеніне қарамастан тұрақты жұмысты таба алмай жүргендері аз емес. Бұл жайт бүгінгі қоғам алаңдататын, ауқымды проблема. Неге десеңіз, жұмыссыз жүрген жастардың әлеуметтік күйі, олардың болашаққа деген сенімінің аздығы және қылмысқа бейімділік танытуы – ел ертеңіне теріс әсер ететін жағдай.
Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев:
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 692 мыңнан астам халықтың 45 пайызы экономикалық белсенді халық санатына жатады. Оның ішінде 296 мың адам жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ға дейін төмендеді. Облыс әкімінің 2025 жылға бекіткен Өңірлік жұмыспен қамту картасына сәйкес биылғы жылы 33,3 мың жұмыс орны құрылып, 19 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылмақ», деп аймақтағы жағдайды сипаттады.
Басқарма басшысының айтуынша, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жастар тәжірибесі, алғашқы жұмыс орны, қоғамдық жұмыстар және кәсіпкерлікке бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Жұмыссыздықтың салдары тек экономикалық шеңберде ғана шектелмейді. Ол әлеуметтік күйзелістер мен құқық бұзушылықтарға әкеп соғады. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалардың бірі – Талғар ауданындағы трагедия. Байқасаңыздар Шерзат Полаттың өлімімен аяқталған қанды оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл іс бойынша күдіктілердің жұмыссыз жүргені анықталған. Бұл жағдай жастардың бос жүріп, әлеуметтік орнын таппағанының салдарынан қандай қасіретке апарып соғатынын көрсетіп отыр.
Қылмыс пен жұмыссыздық арасындағы байланысты әсте жоққа шығаруға болмайды. Кейінгі уақытта ұрлық, тонау, алаяқтық секілді құқық бұзушылықтарға қатысқандар арасында жастар да баршылық. Көп жағдайда олар жұмыс таба алмаған, әлеуметтік қолдаудан тыс қалған азаматтар.
Мысалы қазір танымал мейрамханалардың бірінде жұмыс істейтін Елнұр Абдықай бағдарламашы мамандығын тәмамдаған жас түлек. Алайда, жұмыс таба алмағандықтан, қазір мейрамхана аспазшысы болып жұмыс істеп жүр. Ол өз жағдайын былай баяндайды: «Мен бағдарламашы мамандығын бітірдім. Бірақ жұмыс табу қиын болды. Қазір мейрамханаға аспаз болып кеттім – табыс бар, бірақ өз мамндығым бойынша жұмыс ітеген дұрыс деп ойлаймын». Бұл мысал жастардың еңбектік әлеуетінің тиімді пайдаланылмай отырғанын көрсетеді.
Жетісу облысының басқарма басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, өңірде жастарды ауылға тарту, субсидияланған жұмыс орындарын кеңейту және кәсіпкерлікті дамыту арқылы бұл мәселені шешуге болады. Мысалы, ауылда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша тұрғындар оқуға жіберілген. Бұл бастамалар жастардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына ықпал етеді. Дегенмен, ауылда өмір сүру мен еңбек етуге ынталандыратын жағдай толық жасалған жоқ. Көптеген ауылда инфрақұрылым, мәдениет, демалыс пен білім беру сапасы қаладағыдан әлдеқайда төмен.
Мәселені шешу үшін, біріншіден, білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты күшейту керек. Жастар мамандық таңдауда еңбек нарығындағы нақты сұранысқа сүйенуі тиіс. Екіншіден, ауылдарда жастар үшін қажетті жағдайлар жасалуы керек – тұрғын үй, интернет, мәдениет ошақтары, бос уақытты өткізу орындары. Үшіншіден, қылмыстың алдын алуға бағытталған әлеуметтік-психологиялық бағдарламалар қажет.
Жұмыссыздық – бұл жай ғана әлеуметтік-экономикалық мәселе емес. Бұл – жастардың болашағы, қоғамның тұрақтылығы мен дамуы үшін маңызды фактор. Жетісу облысындағы жағдай – бұл еліміздің кез келген өңірінде де орын алып жатқан ортақ проблема. Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулар бар, бірақ оларды тиімді жүзеге асыру, жастардың нақты қажеттілігіне бейімдеу – келесі міндет. Жастарды қолдау – болашақты қолдау.
Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді – 2024 жылы бұл көрсеткіш 3.83% құраса, ал 2025 жылдың 1-ші тоқсанында 3.10% болды.
Жастардың жұмыссыз қалуы бірнеше себепке негізделеді: бос жұмыс орындары туралы ақпараттың жеткіліксіздігі. Жұмыс берушілердің 90%-дан астамы практикалық дағдылар мен тілдік білімді талап етеді, ал жастардың 45%-ында тәжірибе мен тіл дағдысы жетіспейді.
Еуропа елдерінде жастар жұмыссыздығына байланысты оңтайлы бағдарламалар іске асуда.Жапония, Германия және Финляндия сияқты елдерде дуальды білім беру тәжірибесі жастардың алғашқы жұмысқа кірісуін 30-40% арттырған.
Мысалы, Швейцария 18–35 жас аралығында АҚШ және басқа елдермен 12 айға уақытша жұмыс тәжірибесін алмастыру бағдарламаларын іске қосқан . Сондай-ақ Үкімет жұмысқа тұру және табыс деңгейін уақытылы арттыру мақсатында жалақы субсидияларын, қысқа мерзімді бағдарлау курстарын ұсынады .
Мәулен Әнербай