Абайдай алыптың қасиетті жырын сүйсіне оқудың өзі көңілді көкжиекпен астастырғандай адамға ерекше әсер ететін құбылыс. Бұлай деп тебіренсек, бүгінгі өскелең ұрпақтың өзегіне хәкім өлеңі қонғанға құба-құп қуанады екенсің. Күні кеше қазақ елі алыбын ардақтап, ақын аруағын аспандата Абай 10 күндігін рухани бағытта айрықша атап өтсе, тотыдай түрленген Талдықорғанда да маңызды шаралар шеруі алма-кезек өтті.
Рухани шаралардың бірі ретінде В. Маяковский атындағы қалалық орталық кітапханада өткен «Абай әлемі» көркемсөз оқу шеберлерінің және Абайға арналған арнаулардың қалалық челленджін айтар едік. Бүлдіршін мен боздәурен шақты өткеріп жатқан өскелең ұрпақ осындай тағылымды іске толайым араласып, өз үнін қосты. Бұл бір жағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Кітап оқу өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан біз ел ішінде, әсіресе, жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуіміз керек…», – дегенін дәлелдесе, екіншіден Мұқағали Мақатаев айтқан «Абай жаққан сәуленің сөнбейтінін» айғақтайтындай.
Айталық, қалалық кітапханада өткен қос бағыттағы шара – ұлы ойшыл, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, дара ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау, ақын мұрасын жас ұрпаққа дәріптеу және көркемсөз оқу мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.
Алып Абайдың жырын мәнерлеп оқып, хәкімге арналған жүрек жырларын видео арқылы таратқан жастар ішінде бас жүлдені Әмина Серікболат жеңіп алды. Аталмыш додада Камила Қайратқызы І орын иеленсе, ІІ орын Жания Әсенғазға, ІІІ орын Айнұр Полатбековаға берілді.
Тарихтың қатпар-қатпарын жазып, қазақтың мәдениеті мен тұрмысындағы олқы түскен жерлерді қалам күшімен түзете отырып, соңындағы ұрпаққа өлмес мұра қалдырған алып Абайдың әр сөзі елге өнеге. Жас ұрпаққа тағылымды жол. Бұл орайда жеңімпаз деп танылғандарға Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ә. Алинов жүлдесіне қарай Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырғанын да атап өткеніміз жөн.
Арда Би





