Облысықа жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жергілікті жұртшылықпен кездесуде былтыр ел бойынша өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп, тарихи рекордтық деңгей тіркелгенін, бұл көрсеткіш облыста 75,71 жасты құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,74 жылға артқанын атап өтті. Бұл – аймақтағы медициналық қызметтің сапасы жақсарып, профилактикалық жұмыстардың нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіштің бірі.
Елімізде ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында да оң өзгерістердің барын айтқан вице-министр: «2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста нәресте өлімі 8,8 пайызға төмендеп, тірі туған мың балаға шаққанда 7,18 көрсеткішін құрады. Мамандар мұны перинаталдық көмек сапасының артуымен және заманауи медициналық технологиялардың енгізілуімен байланыстырады», – деп нақты сараптама жасады. Сондай-ақ, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 5 пайызға азайғанын, жазатайым оқиғалардан, жарақаттар мен уланудан өлім құшқандар көрсеткіші 6 пайызға төмендегенін алға тартқан маман бұл денсаулық сақтау саласындағы профилактикалық жұмыстың тиімділігін көрсететінін жеткізді.
Соңғы жылдары тұрғындар дәрігер қабылдауына жазылу мен медициналық қызметтің қолжетімсіздігін жиі көтеретін еді. Бүгінде бұл бағытта нақты нәтиже бар. Соған сай алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде дәрігерлердің қабылдау уақыты ұзартылып, мейіргерлердің құзыреті кеңейтілді. Онлайн жазылу жүйесі жетілдіріліп, цифрлық шешімдер енгізілді. Нәтижесінде дәрігерге қаралу үшін бұрын екі аптаға дейін күту қажет болса, қазір бұл мерзім орта есеппен екі-үш күнге қысқарған.
Одан бөлек, азаматтарды алдын ала тексеру үшін скринингке қатысу жасының шегі 76 жасқа дейін ұлғайтылса, ер-азаматтардағы инсульт қауіпін ерте анықтауға арналған жаңа скрининг енгізілді. Онкологиялық ауруларды анықтауға арналған тексерулер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне көшіріліп, халық үшін бұрынғыдан да қолжетімді болды.
Медицина саласын цифрландыру мақсатында елімізде ALIMA жасанды интеллект жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе дәрігердің қабылдау барысында жүргізетін жазбаларын автоматтандыруға мүмкіндік береді. Қазір осы жүйемен алғашқы медициналық көмектің 9 мыңға жуық дәрігері жұмыс істейді. Сол арқылы мамандар қағазбастылықтан арылып, пациентке көбірек уақыт бөлуде.
Жаңа салынған нысандар жайлы сөз қозғаған вице-министр республика көлемінде облыстық және аудандық деңгейдегі 34 көпбейінді аурухана мен 19 перинаталдық орталық жаңартылғанын, ревматология, неврология, гастроэнтерология және респираторлық медицина бағыттары бойынша төрт ұлттық орталық құрылғанын алға тартып, аурухана бөлімшелерін қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, 2 жылда 49 бөлімше ашу жоспарланғанын, білікті дәрігерлерді даярлау мен қолдауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын, жыл сайын медициналық мамандықтарға 5 685 мемлекеттік грант бөлінетінін атап өтті. Жалпы жыл сайын өңірлерге 2000-нан астам жас маман жіберілсе, оның ішінде 58 дәрігер Жетісу облысына қоныстанғанына, дәрігерлерді әлеуметтік қолдау шаралары кеңейтіліп, біржолғы көтерме төлем көлемі 8,5 миллион теңгеге дейін жеткеніне, тұрғын үйге жеңілдетілген несие беру және басқа да әлеуметтік қолдау тетіктері қарастырылғанына тоқталған Тимур Сұлтанғазиев өткен жылы облыста 89 дәрігер мемлекеттік қолдау алып, 34 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілгенін жеткізді.
Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев өңірде кадр тапшылығын азайту үшін қосымша шаралар қолға алынғанын атап өтті.
– Облыс әкімінің гранты арқылы жыл сайын 20 талапкер медицина университеттерінде білім алады. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерге келген жас мамандарға 10 миллион теңге көлемінде бір реттік көтерме төлем беріледі, – деп былтыр осы бағдарлама арқылы өңірге 16 жас маман келгенін, елді мекендердегі медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен облыста 59 нысан толық пайдалануға беріліп, тиісті лицензияларын алғанын айтты.
Бүгінде облыста 8 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Олар күн сайын мыңдаған тұрғынның денсаулығын қорғап, адам өмірі үшін жауапты, маңызды міндетті атқаруда.
Вице-министрмен кездесуде айтылған деректер мен жоспарлар аймақтың медицина саласы жаңа даму кезеңіне қадам басқанын аңғартады. Заманауи инфрақұрылым, цифрлық технологиялар, жас мамандарды қолдау және ауыл медицинасына ерекше көңіл бөлу – мұның барлығы халық игілігі үшін жасалып жатқан нақты жұмыстардың көрінісі.
Гүлжан ТҰРСЫН





