Елімізде орын алған жағдай газ бен бензин бағасының негізсіз қымбаттауы себебінен туындағанымен оған азық-түлік бағасының аспандап кетуі де мұрындық болды. Бүгінде жұрт арасында: «Азық-түлік жетіспеушілігі туындай ма, баға тағы да шарықтап кете ме?» деген алаңдаушылық бар.
Алматы облыстық ауылшаруашылығы басқармасының ақпаратына сенсек, аймақтың ауылшаруашылығы саласы өткен жылы 269,6 млрд.теңгенің өнімін шығарды. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі бөлігін сүт, ет пен астық өңдеу, жеміс-көкөніс және сұйық-тоңмай саласы құрады. Шикізатты қайта өңдеу деңгейі орта есеппен 51,2 пайызға жетті. Атап айтқанда, көкөніс шырындарын шығару, құс еті, балық пен сүт, күріш, қант, сірне, нан, макарон, кондитерлік өнімдердің өндіріс көлемі бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артты.
Астық өңдеу бойынша «Маревен Фуд» компаниясы өткен жылы бесінші желіні іске қосып, қуаттылығын жылына 55 мың тоннаға дейін жеткізді. Көксу қант зауыты қамыс құрағы шикізатын қайта өңдеу желісін іске қосты. Жалпы қуаты 227 мың тонна «Жетісу Мажико», «Агритех», «Талдықорған май зауыты» фжәне «Жетісу соя» төрт май зауыты іске қосылды. Биыл облыс әкімдігі, ҚР Ауылшаруашылық министрлігі және азық-түлік келісімшарт корпорациясы арасында бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген әлеуметтік нан мен ұн және кебек бағаларын тұрақтандыру бойынша меморандум жасасу жоспарлануда.
Былтыр аймақтағы егіс алаңы 3,7 мың гектарға ұлғайып, 972,2 мың гектарды құрады. Әсіресе, ішкі нарықты көкөністермен қамтамасыз ету деңгейі артты. Соған сай көкөніс, картоп және жемістерді сақтайтын қоймалар саны көбейді. Бүгінде аймақта 146 қойма бар. Оның ішінде сыйымдылығы 67,6 мың тонна 52 көкөніс сақтау қойма, сыйымдылығы 52,3 мың тонна картоп сақтауға арналған 53 қойма, сыйымдылығы 49,6 мың тонна жеміс-жидек сақтауға арналған 41 қойма бар. Бүгінде мұнда 10,1 мың тонна картоп, 1,4 мың тонна сәбіз сақталуда.
Жылыжайлардың саны артқаны байқалады. Бүгінде облыста 20 өнеркәсіптік, 34 фермерлік жылыжай жұмыс істеп тұр. Облыстың жылыжай шаруашылығы Алматы қаласы мен облыс тұрғындарының маусымаралық көкөністерге қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады.
Қажет АНДАС
Алматы облысы





