Бүгін Алматы қаласындағы Астана алаңында кең көлемде ұйымдастырылған облыстық ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтуде. Оған Алматы облысының 17 ауданы мен үш қаласынан тауар өндірушілер қатысып, өз өнімдерін қала жұртына ұсынуда. Бұл туралы «Жетісу» газетінің тілшісі хабарлады.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев бастаған жұмыс тобы сауданың қалай жүріп жатқанын көріп, ауылдан келген шаруа қожалықтарының жетекшілерімен пікірлесті.
Сауда сөрелеріне жалпы құны 174,8 миллион теңге болатын 455 тонна көлемінде ауылшаруашылық өнімі қойылды. Атап айтар болсақ, 36,0 тонна ет, 21,0 тонна сүт өнімдері, 114,7 тонна көкөніс пен 38,0 тонна жеміс-жидек, 15,8 тонна балық, 38 тонна картоп және басқа да тауарлар жәрмеңкеде саудаланып жатыр. Олардың бағасы қала базарынан 10-15 пайызға арзан әрі сапалы.
Жәрмеңкенің қызған сәтінде облыс өңірінен келген кәсіпкерлермен, шаруалармен аз-кем тілдестік. Өзін Тайыр Қалдаяқов деп таныстарған бағбан алмаларын бір келісі 300 теңгеден қалалықтарға ұсынуда. Тұтынушылар қуана-қуана алып жатты.
— Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында тұрамын. 8 гектар алма бағым бар. Жыл сайын өтетін дәстүрлі жәрмеңкені сағынып қалыппыз. Саудамыз ойдағыдай жүруде, — дейді Тайыр Қалдаяқов. Сондай-ақ, сауда сөрелерінде Текелі сүт зауытының өнімдерін де кездестіресіз. 1953 жылдан жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын бүгінде қанатын кеңге жайған. 100 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыттың сүт, ірімшік, қаймақтары қолдан-қолға өтіп жатқанының куәсі болдық.
Ескелді ауданының табиғи таза бал өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары болды. «TekTau» деген сауда белгісімен 2015 жылдан бастап нарыққа шыққан отандық бал өнімдері бүгінде Дубай мен Қытайға экспортталуда. Әрине, айта берсек жәрмеңкеде не жоқ дейсіз. Нарынқолдың картобы, Бақанастың күріші, Көксу мен Ақсудың ет өнімдері, тағы басқа да ауылшаруашылық тауарлары сөрелерде жайнап тұр. Қалалықтар берекелі жәрмеңкеге дән риза болды.
Болат МӘЖИТ
Алматы қаласы





