Жыл аяқталуға таяды. Осыған байланысты бюджет қаражатын игеру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Міне, осы мәселені бүге-шігесіне дейін пысықтау үшін Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ басқарма басшылары және аудан, қала әкімдерімен, құрылыс ісіне жауапты мердігер ұйымдардың өкілдерімен жиын өткізді. Сонымен бірге, инвестиция тарту, вакциналау мәселелері де осы басқосуда талқыланды.
Жиынға төрағалық еткен Амандық Ғаббасұлы бірден бюджет қаражатын игеру мәселесіне ден қойды. Осыған байланысты ол жыл аяқталуға таяса да бірқатар аудан, қалаларда әлі күнге дейін бюджеттен бөлінген ақшаны өз деңгейінде игере алмай отырған мекемелердің бар екенін назарға алып, бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң сынға алды. Жиын барысында облыс басшысы бюджет қаржысын қажетінше пайдалануға не кедергі болып жатыр, осының жай-жапсарын білу үшін салаларға жауапты лауазымды тұлғаларды орындарынан тұрғызып, жауап алды.
Осы орайда аймақ басшысы жыл соңына дейін берілген қаражатты қалай болғанда да игеруді талап етіп, оның маңыздылығына тоқталды және мамандарға ескерту жасады. Амандық Ғаббасұлы, әсіресе, құрылыс жұмысын жандандыру ісіне айрықша мән берді. Мәселен, аймақ басшысы әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үйлер мен халыққа қажетті әлеуметтік нысандарға, жалпы, құрылыс саласын өркендетуге бюджеттен қаражат бөлініп жатқанын жан-жақты сөз етті.
Жиында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар және осының шеңберінде жүріп жатқан биылғы жобалар жайында сөз қозғалды. Осы бойынша бөлінген қаражатты игеру және аталған бағытта бірқатар ауыл-аймақтарда жүріп жатқан құрылыс жұмыстары, соның ішінде Мәдениет үйлері мен дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарының құрылысын жүргізуде «Golden City DS», «ПМК-7К», «Монолит» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің бүгінгі жұмысы көңіл көншітпейтіні және аталған салаға деп бөлінген ақшаның не себепті уақытылы пайдаланылмай жатқаны сұралып, нақты жауаптар алынды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлер бойынша да мәселе қозғалды.
Жиында қант қызылшасы мәселесі де айтылды. Мәселен, биыл тәтті түбірден қанша өнім жиналды, Ақсу, Көксу қант зауыттарына өткізілетін өнім көлемі ойдан шыға ма? Бұл сұрақтар бойынша қызылша өсірумен айналысып отырған аудан әкімдерінен жауап алынды.
«Қызылша – маңызды өнім. Біз сіздерге тәтті түбір өсіруге қажетті жағдайдың бәрін жасап бердік. Қант зауыттарын қайта жаңғырттық. Техникалармен де қамтамасыз етіп, тұқым бердік. Сіздердің міндеттеріңіз жасалған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, зауыттарды шикізатпен қамтамасыз ету. Кабинетте отырып алмай, жұмыс қалай жүріп жатыр деп қызылша алқабына барып, шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесу өткізіп, неге жұмыс істемейсіздер?» – деген облыс басшысы қант қызылшасының биылғы өніміне көңілі толмайтынын айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың кем-кетіктерін де сын тезіне алды.
Әкім инвестор тауып, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғылықты халықты жұмыспен қамту мәселесінің маңыздылығына да тоқталып, жыл соңына дейін бұл мәселенің оң шешімін табуы тиіс екенін жеткізді.
Вакциналау бойынша ойын жеткізген Амандық Ғаббасұлы балаларды вакциналау жетім және аз қамтылған отбасы балаларынан басталуы тиіс екенін айтты. Жылыту маусымын өткізу, соның ішінде, елді қатты отынмен қамтамасыз етудегі проблемаларға да назар аударылды.
Жиын соңында ҚР Тұңғыш Президенті және Тәуелсіздік күндерін өткізуге дайындық шаралары пысықталды. Аталған мәселелер бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, орынбасары Жеңіс Тұяқов, тағы басқаларының есептері тыңдалды.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Алматы облысы





