Қасиетті Қаратал өңірін әулиелер мекені деп атаймыз. Абыз бен әулие-әмбиелер өмір сүрген аймақтың әлеуеті де зор. Малға жайлы, аң-құстың базары, шалқыған көлі, сылдырап аққан өзені, егістік алқабы жайқалған құнарлы мекен. Осы ретте басшылықтың тізгінін жуырда ғана қолына алған аудан әкімі Ерлан ИСАБЕКОВПЕН өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі жайлы аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Бүгінде ауданда қандай жобалар жүзеге асырылуда?
– Бүгінде біз алдымызға екі үлкен мақсат қойып отырмыз. Бұл – инвестиция тарту және азаматтардың өмір сүруі үшін қолайлы жағдай туғызу. Инвестициялық тұрғыда ауданда агроөнеркәсіптік секторда бірқатар жоба табысты іске асырылуда. Осы орайда бизнес субъектілері жүзеге асыратын ең ірі жұмысты айта кетейін.
Біріншіден, «Қаратал селекциялық-гибридтік орталығы» ЖШС асыл тұқымды шошқаларды селекциялау және өсіру, ет өнімдерін өндіруге бейімделген. Жобаның құны 5,4 млрд. теңгені құрайды, ал шығарылатын өнім 100% экспортқа бағдарланған. Бүгінгі таңда шошқалардың саны торайларымен бірге 7 500-ден астам басқа жетті. Кәсіпорынды одан әрі кеңейту және дамытуды қамтамасыз ету үшін 2018 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 73 млн. теңге сомасына қосымша электрмен жабдықтау және бордақылау кешенін сумен қамтамасыз ету жүйесі салынды. Сонымен қатар, «АлматыЭнергоПроджект» ЖШС тәулігіне 4,95 мегаватты құрайтын күн электр стансысын құру жобасын іске асыруда, жобаның құны 2,3 млрд. теңге. Одан бөлек, «ТастобеАгроФуд» ЖШС тауарлы-сүт фермасы бар. Мұның құны 1 млрд.теңге болатын инвестициялық жоба. Қазіргі таңда кәсіпорын «Симменталь» тұқымды сүтті бағыттағы 1500 бас ірі қара мал басын жеткізді және Талдықорған қаласындағы «JLC» сүт өңдеу зауыты үшін күн сайын 10 мың литрге дейін сүт өндіреді.
Бұл аудандағы ең ірі жоба деп атап өткім келеді. Осыған қоса жалпы өнімділігі тәулігіне 20 тоннаға дейін дайын сүт өнімдерін өндіретін «Үштөбе Айдын» ЖШС және «Үштөбе сүт өнімдері» ЖШС екі сүт өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Ал мал шаруашылығына келетін болсақ, жыл басынан бері 2 мың бас ірі қара мал және жеке инвестициялардың жалпы көлемі 100 млн.теңгені құрайтын бірнеше бордақылау алаңдары іске қосылды. Аталған кәсіпорындар қарқынды жұмыс істеуде және аудан бюджетіне қомақты қаражат құйып отыр. Сонымен қатар, тұрғындарды жұмыспен қамтуда.
Қаратал өңірінде тағы бір атап өтетін ерекше жобалар бар. Ол – қойды қолдан ұрықтандыруға арналған жоғары өнімді материал өндіру бойынша «Qazyna инновациялық фермасы» ЖШС (300 млн.теңге), «Отау-Үштөбе» ЖШС (жүнді бастапқы өңдеу және көрпе тігу цехы), «ЛАД» ЖК (ет жартылай фабрикаттары мен кондитерлік өнімдерді өндіру).
Қала тұрғындарына қолайлы жағдай туғызу үшін бірнеше жаңа нысан ашылды. Мысалы, жақында «Светофор» төмен баға супермаркеті өз қызметін бастады. Жаңа форматтағы бірнеше азық-түлік дүкендері, сондай-ақ, «Мамыр» стоматологиялық клиникалар желісінің филиалы халыққа қызмет көрсетуде. Осындай үлкен жаңалық тұрғындарды қатты қуантты.
Егер бюджеттік жобалар туралы айтатын болсақ, биылдың ауқымды жұмысы – Үштөбе қаласында 30 пәтерлі тұрғын үй, вокзал алдындағы сквер құрылысы, Ортатөбе ауылында И. Панфилов атындағы жаңа мектеп құрылысы, Кемел Тоқаев атындағы мектепке жапсаржай салу, А. Пушкин атындағы мектепті күрделі жөндеу және орталық аудандық аурухананың «Б» блогын қайта жаңарту өз деңгейінде жүріп жатыр.
Аудан тұрғындарының өміріне керекті нысандар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, ауданда бірнеше «стрейд воркаут», балалар және жасөспірімдерге арналған спорт алаңдарының құрылысы, Елтай ауылдық округіндегі «Шүмек» бұлағының аумағын абаттандыру, Бастөбе ауылдық округінде гүлзар салу жұмыстары атқарылды. 20-дан астам ауылға 350 млн.теңге сомасына асфальт, 26 көшеде 59,6 млн. теңгеге қиыршық тас төселді, 10 көшеде 25 млн. теңгеге жарықтандыру жүргізілді. Осының барлығы ауданның әлеуметтік-экономикасын көтеруге арналған ауыз толтырып айтатын жаңалық деп есептеймін.
Осы ретте мен мына бір істі айта кеткім келеді. Аудан әкімдігі жанында инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу және сүйемелдеу бойынша тұрақты жұмыс тобы құрылған. Әрбір отырыста біз кәсіпкерлік субъектілерінің жаңа жобаларын қараймыз, нақты жағдайларда қолданылуы мүмкін мемлекеттік қолдау шараларын талқылаймыз. Жұмыс тобының басты мақсаты – қолданыстағы жобаларды іске асыруға қолдау көрсету және жаңа кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру үшін шаралар әзірлеу. Осындай нәтижелі жұмыстың арқасында Қаратал ауданы бойынша өңірлік үйлестіру кеңесі 2025 жылға дейін іске асыру үшін 12 инвестициялық жобаны мақұлдады. Оның ішінде мал шаруашылығы саласындағы жалпы сомасы 3,6 млрд.теңгеге 10 жоба, сондай-ақ, 382 млн. теңгеге автожанармай құю стансысы мен ауылдық спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы бар.
– Осы ретте инфрақұрылымды дамыту жайына тоқтала кетсеңіз.
– Инфрақұрылымды дамыту, халық пен бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасау – жұмыстың негізгі бағыттарының бірі. Ағымдағы жылы Ескелді – Көкдала, Жаңаталап – Көкпекті, Тастөбе – Кәлпе, Тастөбе – Ақтан ауыларалық жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары бойынша Қабылиса ақын, Жолбарыс батыр және Үштөбе қаласының тағы 11 көшесіне, Кәлпе ауылының 7 көшесіне, «ТастобеАгроФуд» ЖШС кіреберіс жолына және Жылыбұлақ ауылының Мира көшесінің жолдары жөнделді. Сонымен қатар, Үштөбе қаласының 26 көшесіне, Бастөбе және Ескелді ауылдарына қиыршық тас төселді.
Кәлпе, Жаңаталап, Оян, Қожбан, Көкдала, Тастөбе, Қаражиде, Сарыбұлақ ауылдарының орталық көшелеріне және Үштөбе қаласының Исаев көшесіне көше жарықтарын орнату және ауыстыру жұмыстары аяқталды, соның ішінде күн батареялары бар шамдар орнатылды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орталық саябақта, Үштөбе қаласының бас көшелерінде, Қаражиде, Көкпекті, Тастөбе, Бастөбе, Ескелді, Алмалы және Көпбірлік ауылдарында бейнебақылау камералары орнатылды.
Сарыбұлақ, Алмалы ауылдарын сумен қамту жүйесін қайта жаңарту, ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстар басталды. Көпбірлік ауылында ауызсу көздерін табу бойынша іздестіру жұмыстары жүргізілді.
– Ауданда бұдан басқа ауыз толтырып айтатын қандай жетістіктер бар?
– Біз жеке инвестициялардың бірнеше есе өсуіне қол жеткіздік. Биылдың соңғы 10 айында ауданға 5362,7 млн.теңге тартылды, жеке салымдардың сомасы 2939,7 млн. теңгені және бюджет салымдары 2422,9 млн. теңгені, жылдық жоспар 9,9 млрд. теңгені құрады.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпорындар саны 2275 бірлік, оның ішінде, 125 заңды тұлға, 1034 жеке кәсіпкер, 1116 ауылшаруашылығы нысандары бар. Шағын және орта кәсіпкерліктің мемлекеттік бағдарламалары, агроөнеркәсіптік сектор, сондай-ақ, мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік субсидиялар ауданның әрбір бастамашыл тұрғынына үлкен серпін берді. Ал бүгінде олар нық тұрып, жаңа жұмыс орындарын ашып, аудан дамуына өз үлестерін қосуды жалғастыруда.
– Алға қойылған мақсат-міндеттер қалай орындалуда? Нәтижесі қандай?
– Облыс басшылығы үлкен міндеттер жүктеді. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша ауданның әлеуметтік-экономикасын, халықтың әл-ауқатын көтеру негізгі жүктелген міндеттің бастысы екенін айтқым келеді. 2022 жылы бұрынғы «Восток» кинотеатрының орнында өлкетану мұражайы, 100 орынды гуманитарлық колледж, «Балбөбек» балабақшасының алдында жастарға қызмет көрсету орталығы, «Жастар» орталық стадионының аумағында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 40 және 60 пәтерлі тұрғын үйдің, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік қызметкерлерге арналған жатақхананың, Кәлпе және Ескелді ауылдарындағы жаңа әкімшілік ғимараттардың құрылысын бастау жоспарланған. Сондай-ақ, қаланың орталық саябағын абаттандыру жұмысы да жұмыс кестесінде бар. Үштөбе қаласында, Кәлпе ауылында 200 орынды стадион мен Мәдениет үйінің құрылысы, екі мектеп пен екі әкімшілік ғимаратты күрделі жөндеу жұмысы жүзеге асады. Осы аталған мәселелер алдағы жылы өз жұмысын бастамақ. Қазіргі таңда құжат жұмыстары аяқталып, келер жылдан бастап іске кіріседі.
– Аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға байланысты халықпен қаншалықты тығыз байланыстасыз?
– Аудан тұрғындарының әл-ауқаты – бұл біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты. Жоғарыда көрсетілген екі ірі міндетті орындау үшін қабылданып жатқан шаралар, атап айтқанда, инвестициялар тарту және азаматтардың жақсы өмір сүруі үшін қолайлы жағдайлар жасау – біз үшін бұлжымас міндет. Бұл ретте жұмыстың маңызды факторы ретінде азаматтарды жиі жеке қабылдаймын. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы тікелей байланыста боламын. Әр жағдай әртүрлі, сондықтан, мен туындаған мәселелерді толық зерттеуге және мәселені тиімді шешуге, әр азаматқа назар аударуға тырысамын.
– Әр кеңесте облыс әкімі өңірде көгілдір отынды қосу қарқыны туралы айтады. Сіз басқарып отырған ауданда газдандыру саласы қалай жүзеге асуда?
– Биыл Қанабек ауылына газ құбырын жүргізу толық көлемде аяқталды. Тұрғындардан үйлерге газ өткізуге өтініштері жиналды. 6 елді мекенді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Олар – Кәлпе, Оян, Жаңаталап, Достық, Ескелді және Қызылжар ауылдары. Оптимистік болжам бойынша 2024 жылы жалпы саны 40 мыңнан асатын ауданның 35 ауылының 15-ін газдандыруды жоспарлап отырмыз.
– Бүгінде ауданда қандай мәселе шешілген жоқ? Қараталдықтар сізге қандай сұрақпен жиі жүгінеді?
– Бүгінгі күні өзекті тақырыптардың бірі – халықты көмірмен қамтамасыз етудің баяулығы. Аудан бойынша халық үшін қатты отын көлемі жылына 48 мың тоннаны құрайды, бүгінгі күні 32 мың тонна немесе 66,6% сатылды. Апта сайын Үштөбе стансысына 10-14 вагон (шамамен 1 мың тонна), негізінен, «Шұбаркөл» көмірі жеткізіледі.
Жаз мезгілінде көмірді уақытылы сатып алу туралы кең ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, белгілі бір себептерге байланысты ауданның жекелеген тұрғындары көмірді қазір ғана сатып алуда. Халықтың көмірге деген өткір сұранысын қанағаттандыру мақсатында көмір тұйықтарының басшыларымен бір адамға 2 тоннадан аспайтын көмірді сату туралы келісімге қол жеткізілді. Көмір тасымалдау қызметі бағасының өсуіне жол бермеу туралы, сондай-ақ, бөлшек сатушылармен қаптардағы көмірдің шекті құны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын көмірмен қамтамасыз ету үшін біз мұқтаж отбасылардың тізімін қалыптастырдық және әр отбасына 2 тонна көлемінде көмірді жеткізуді ұйымдастырдық.
Қаражыра разъезінен немесе басқа кен орындарынан көмір жеткізуді ұлғайту талап етіледі. Бұл мәселе республикалық және облыстық деңгейде көтерілген және толық шешілгенге дейін тұрақты бақылауда.
Аудан тұрғындары үшін тағы бір мәселе – жайылымдардың жетіспеушілігі. Жерді жалға алудың екі нұсқасы бар: біріншісі, конкурстық негізде, екіншісі, облыстың өңірлік үйлестіру кеңесінде инвестициялық жобаны тану арқылы жүзеге асырылады. Бос жерлерді конкурстарға қою бойынша жұмыс жүргіземіз, тиімсіз пайдаланылатын жерлерді мемлекет пайдасына қайтарамыз және қайтадан конкурстарға қоямыз.
Үштөбе – Алматы – Көпбірлік жолында жалпы саны 4,5 мың адамды құрайтын 7 елді мекен орналасқан. Туристік бағыты, аң аулауды, балық аулауды, балық өсіруді дамыту және бос жер мен құмды игеру үшін үлкен әлеует бар. Өкінішке қарай, жолдың осы бөлігінде жыл сайын тек шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, жолды орташа жөндеуге құжат әзірлеп жатыр. Ескі асфальтты фрезерлеу және қалыңдығы 6 см. ұсақ түйірлі асфальт жабынын төсеу бойынша «Проект-Дорстрой» ЖШС мердігер компаниясы жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, тұрмыстық қалдықтар мәселесі де назарда. Санитарлық тазалық жұмыстары үнемі жүргізіліп тұрады. Тазалықты қатаң бақылау үшін біз арнайы бейнекамералар орнаттық. Келесі жылы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға және одан әрі өңдеуге ыңғайлы болу үшін пластикке арналған контейнерлер орнатуды жоспарлап отырмыз. Міне, осы сұрақтар бойынша аудан тұрғындары жиі сауал тастайды. Шешілмейтін мәселе болмайды, алдағы уақытта бұл жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады деген жоспарымыз бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ришад ТҰРҒАНБАЙ
Қаратал ауданы





