Елорда төріндегі Орталық коммуникация қызметі алаңында Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші таныстырылды. Әуелі жылдағы дәстүр бойынша облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ аграрлы аймақтың жетістігін айтып, атқарылып жатқан игілікті істерге тоқталып, түйінді мәселелерді де тілге тиек етті. Жыл айналып келген жүздесудің екінші кезеңінде ақпарат алаңындағы журналистер қауымының қойған сауалдарына жан-жақты жауап берді. Телеарналардан, әлеуметтік желі парақшаларынан тікелей таратылып, миллиондаған көрерменді қамтыған облыс әкімінің брифингінде Жетісу өңірінің тыныс-тіршілігінен тартып, түйткілді дүниелер, қант зауыттарының жұмысы, кадр тапшылығы, білім, денсаулық, жол құрылысы, туризм салалары мен тұрғын үй мәселесі бойынша елуге жуық сауал қойылды.
ДАМУ ДИНАМИКАСЫ
Жердің жаннаты саналған Жетісу өлкесін мекендеген халықтың дені ауылшаруашылығымен тірлік жалғаған. Егін салып, малмен жан баққан жұрттың ырысы мен тынысы осы қос салаға тікелей байланысты. Бұл ретте Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен алдағы жоспарлары туралы қысқаша таныстырып өткен Бейбіт Өксікбайұлы биыл 11 айда негізгі индикаторлар бойынша жоспар артығымен орындалғанын, қысқамерзімді экономикалық индикатор 112,3 пайызды құрағанын тілге тиек етті.
Облыс әкімінің айтуынша, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, тұрғын үйді пайдалануға беру, құрылыс жұмыстарында өсім жоғары. Ал өңір бойынша сауда көлемі 1,3 есеге ұлғайған. Жыл басынан бері облыс экономикасына 38% өсіммен 396 млрд. теңге инвестиция тартылса, оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 291 млрд. теңгеге жеткен. Жалпы мемлекеттік бюджетке 286 млрд. теңге түссе, жергілікті бюджет 1,6 пайызға өскен.
Жері манатты Жетісу аграрлы аймақ болғандықтан бірінші кезекте ауылшаруашылығын дамыту мен өңдеу саласына баса назар аударылатыны анық. Бұл туралы айрықша атап өткен аймақ басшысы биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 35 млрд. теңге бағытталғанын, оның 23,3 млрд. теңгесі (66,6%) субсидия екенін де атаусыз қалдырмады.
Ырысы шалқыған өңірдің тынысы да қалыпты. Айталық, облыс бойынша ауылшаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 510 мың гектарды құраса, мұнан 872 мың тонна дәнді, 195 мың тонна майлы, 266 мың тонна көкөніс-бақша дақылдары, 132 мың тонна картоп өндірілген.
Өз кезегінде өзекті тақырыпқа айналған қант зауыттары мен қант қызылшасы туралы толғаған Бейбіт Өксікбайұлы Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілгенін жеткізді. Жылдағыдан қант қызылшасын себетін жер көлемі 1,7 есе жоғары болғандықтан биылғы өнім де сол нәтижеде еселенгенін атады. Жалпы, рекордтық көрсеткішке жеткен облысымызда тәтті түбір алқабының көлемі 13,7 мың гектарға жетсе, бұл кең алқаптан 635 мың тонна өнім жиналды. Сонымен қатар, Ақсу қант зауытына Жамбыл облысынан қосымша 100 мың тонна қант қызылшасы қабылданған.
КӨРСЕТКІШТЕР ҚОМАҚТЫ
Жетісу өңірі тұрғындарының 60 пайыздан астамы жер еміп, төрт түлікпен тірлік жалғап жүргені ақиқат. Бұл орайда жұмақ мекендегі түлік басы артып, мал шаруашылығы жақсы қарқынмен дамып келеді. Мал басының барлық түрлері мен ет, сүт өндірісінің өсімі қамтамасыз етілген аймақта төрт түліктің саны 2,5 млн. басқа жеткен.
– Облыста жаңа суармалы жерлерді көбейту үшін ирригациялық желілерді қайта жаңарту мақсатында биыл 35,6 млрд. теңгеге су шаруашылығының 11 объектісінің құрылысы жүргізілуде, оның төртеуі аяқталды. Қалған объектілер алдағы жылы пайдалануға берілетін болады
Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілгендей, біз еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдауымыз қажет. Осыған орай облыс құрылған күннен бастап 43 жаңа өндіріс іске қосылып, жұмыс істеп тұрған 9 өндіріс кеңейтілді, нәтижесінде мыңнан астам адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Сонымен қатар, тоқтап тұрған күнбағыс майын өңдейтін «Агрокомплекс Жетісу Мажико» зауыты жұмысын қайта бастаса, Талдықорғанда өнеркәсіптік аккумуляторлар өндіретін «Asma Industrial» заманауи зауыты іске қосылды, – деп атап өткен облыс әкімі қазір облыста цемент, аккумулятор батареялары, керамика плиткаларын шығару жолға қойылып, құрамажем, күн панельдерінің өндірісі қарқын алғанын атады.
МҮМКІНДІКТЕР МЕКЕНІ
Атқарылған істер ауқымы кеңейіп, мол мүмкіндік мекеніне айналған Жетісу жері бойынша 30 мыңнан астам адамның 549 өнеркәсіп орнында жұмыс жасап жатқанын айта кеткен жөн. Ал негізінен алғанда астығы мол, түлікті атырапта баламалы энергетиканы дамытудың зор әлеуеті бар. Бұл жайлы айтқан облыс басшысы 23 млрд. теңгеге жаңартылатын энергия көздерінің 3 нысанының құрылысы аяқталып қалғанын тілге тиек етсе, алдағы 4 жылда қуаттылығы 82 МВт 6 жобаны іске асыру жоспарланғанын жеткізді.
Сауда-саттықтың жанданған, ішкі-сыртқы алыс-берістің күшейген белдеуіне айналған, ел экономикасының даму нүктелері саналған «Қорғас» пен «Достық» кеден бекеттерінің тыныс-тіршілігі де ел назарынан қалыс қалмады. Өңірдің экономикалық даму көрсеткішінің негізгі факторларын атап өткен облыс басшысы: «Аймақтың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде 2,6 трлн. теңгеге 189 жоба бар, онда он бір мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген, оның ішінде 121 жоба іске асыру сатысында», – деп атап өтіп, экономикалық өсу әрі инвестиция тарту нүктелерінің ішінде Қорғас желісі мен «Достық» стансысының маңызына тоқталды.
Қытаймен шегаралас бұл аймақтардың көлік-логистикалық әлеуеті айтпаса да түсінікті. Бұл орайда инвестиция тарту, жүк легі мен транзитті ұлғайту, өткізу пункттерін жаңғырту бағытында тұрақты жұмыстар жүргізілсе, «Қор-ғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында және «Қорғас» ШЫХО-да құны 63,3 млрд. теңге болатын, екі мың жұмыс орны бар 27 нысан іске асырылған. Ал, «Достық» стансысында қуаттылығы жылына 350 мың контейнер болатын «Dostyk Trans Terminal» көпфункционалды жүк тасымалдау терминалының 3-ші және 4-ші кезеңінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Евротранс Групп» ЖШС-нің қолданыстағы логистикалық жүк тасымалдау терминалы ауданы 40 гектар және құны 50 млн. АҚШ доллары болатын уақытша сақтау қоймасын салуға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Айталық, кеден саласын одан әрі дамыту үшін осы жылдың қаңтар айында стансыда тәулігіне 200 автомобиль өткізуге қабілетті «Dostyk Customs Service» уақытша сақтау жаңа терминалы ашылған.
ТУРИЗМ САЛАСЫ ТАБЫСТЫ
Ел көлемінде өткен баспасөз конференциясында өңірдің тыныс-тіршілігін баян еткен облыс әкімі бұдан бөлек Достық – Мойынты теміржолының құрылысы, туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған белсенді жұмыстар туралы баяндап, биыл өңірге 2 миллионнан астам турист келгенін атады.
– Жетісуда көптеген туристік орындар бар. Солардың ішінде Алакөл өңірдің інжу-маржаны саналады. Сондықтан көлдің жағалауындағы инженерлік инфрақұрылымды дамытуды қолға алдық. Кәріз тазарту жүйесінің, Бескөл – Ақши электр желілерінің құрылысы басталды. Бүгінде Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы, Талдықорған – Үшарал автожолы қайта жаңартылып, «Тальго» жүрдек пойызы іске қосылды, – деген Бейбіт Өксікбайұлы жыл сайын туристердің саны артуға байланысты жасалып жатқан істерді баяндады.
Облыс экономикасының бір тынысы туризм саласына тікелей байланысты десек, мұнда барлық жағдай қарастырылуы қажет. Әсіресе инфрақұрылымды дамыту айрықша назар аудартады. Бұл бағытта Үшарал әуе-жайының өткізу қабілетін сағатына 50-ден 125 жолаушыға дейін ұлғайту үшін қосымша терминал салудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатса, өңірдің туристік әлеуетін көтеретін екінші бағыт – Балқаш көліне апаратын жол құрылылысы аяқталған. Айталық, Балқашқа дейінгі 132 шақырымның 10 шақырымы ғана қалған, мұның өзі алдағы демалыс маусымына дейін жасалынбақ. Оған қоса Сарқан ауданында Жасылкөлге дейінгі жолдың жөндеу жұмыстары биыл толық аяқталып, Тополевка ауылында жаңа визит-орталық ашылды.
ӘЛЕУМЕТ ӘЛЕУЕТІ
Әр саладағы атқарылған жұмыстар мен жылдарға шаққан ілкімді жоспарларды атап өткен облыс басшысы назарынан өңірге қатысты қандай да бір маңызды мәселені атаусыз қалдырған жоқ. Әрбір дүниені жорға сөйлеп, жеделдете желдіртіп баяндаған Бейбіт Өксікбайұлы баршаның бақыты болар баспана мәселесін, жол құрылысы, денсаулық сақтау, білім, спорт салаларына қатысты атқарылған жұмыс пен көңіл тоғайтар көрсеткіштерді де айрықша айшықтады. Бұл орайда біз де аймақ басшысының ақжарыла баяндаған сөзінен бірқатар маңызды, мазмұнды мәселенің басын ашып өтуді жөн санадық.
Алдымен тұрғын үй құрылысына тоқталсақ, бұл бағытқа биыл 7,6 млрд. теңге бөлінген. Бұдан бөлек, 15,9 млрд. теңгеге халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 866 пәтер алынған. 2023 жылдың басында облыста 348 пәтер апатты деп танылып, өткен жылы 1,3 млрд. теңгеге 137 пәтер, биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 2,4 млрд. теңгеге 155 жаңа пәтер алынған. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ демеушілерінің есебінен 560 пәтерлік 9 үй салынуда.
Осындай ілкімді шаралар мен жүйелі жоспарлардың нәтижесінде биыл 2 708 пәтер салынып, сатып алынған. Жалпы өңірдің жол желісін дамыту үшін 41 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталды, облыстық маңызы бар 193 шақырым жол мен 54 елді мекеннің ішкі көшелері жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 94%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берген. Өз кезегінде орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі 91,3%-ға жеткенін де айта кеткен жөн.
КӨГІЛДІР ОТЫН – КӨПТІҢ ҚУАНЫШЫ
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімі Бейбіт Исабаев:
– Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері мен алдағы мақсат-міндеттері, қорыта айтқанда, осындай. Жыл соңына дейін барлық жоспарлы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізіледі. Бұл халықтың тұрмыс жағдайын одан әрі жақсартып, өңірдің экономикалық қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты да осы, – деп сөзін түйіндеді. Шындығында халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нысаналы жұмыстың бірі – газдандыру екені анық. Бұл тұрғыда облыс бойынша газдандыру кезең-кезеңімен жүргізілуде.
«Әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйін жақсарту – басты міндет, осыған орай облыс құрылғаннан бері жөндеу мен жаңа құрылыс жүргізудің арқасында нысандарды жаңарту 50%-ға жетті», – дейді аймақ басшысы. Бұл ретте, 2022-2024 жылдар аралығында білім саласы бойынша жаңа 15 мектеп, денсаулық сақтау саласында 98 нысан, мәдениет саласы бойынша 12 Мәдениет үйі пайдалануға берілгенін де атап өткен жөн. Ал, спорт саласында 18 нысан іске қосылып, 10 блокты-модульді спорт кешені орнатылған. Сонымен қатар Талдықорғанда Қазақстанда баламасы жоқ «Жетісу» волейбол орталығы және инвестор есебінен спортшыларға арнап салынған төртқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Инвестордың қаржысына Үстел теннисі орталығы ашылды. Нәтижесінде нысандардың 74,4% жаңартылып, халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 1000 адамға шаққанда 64%-ға жеткен.
САН САУАЛ, САЛМАҚТЫ ЖАУАП
Осылайша өңір жетістігі мен атқарылған жұмыстарын егжей-тегжейлі баяндаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев келесі кезекте БАҚ өкілдерінің онлайн және оффлайн түрде қойған сан түрлі сауалын саралап, тұшымды жауап берді. Жалпы алғанда қойылған сауалдардың басым көпшілігі ауылшаруашылығын қолдауға арналған кешенді жұмыстардың қалай жүзеге асып жатқаны, дамудың тетігі болған кеден бекеттерінің жұмыстары, ондағы заң мен тәртіп, білім, медицина салаларындағы әлеуметтік желіні шулатқан жемқорлық фактілері тұрғысында болды. Айта кетерлігі, қайталанған сауалдардан бөлек, өткір әрі ұтымды дегендерін ғана атап өтуді жөн санадық.
Мәселен, «Казахстанская правда» газетінің журналисі Жетісу өңірі құрылғаннан бері облыстың ең маңызды бес жетістігі туралы сұрады.
Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысымызға жуырда жасаған сапары барысында жеке инвестиция есебінен салынған «ASMA INDUSTRIAL» өнеркәсіптік аккумуляторлар шығаратын ультра заманауи зауытта болғанын айтты. Мұнда оңтүстіккореялық қондырғылар орнатылған.
– Бұл жоба өнеркәсіп саласының дамуына тамаша серпін береді. Екінші назар аудартқым келетіні – облысты газдандыру. Жоба бойынша қазірдің өзінде 126 елді мекен газдандырылған. Жұмыстың 60 пайызын орындап, келесі жылдың соңына дейін толық жүзеге асатынына сенімдіміз. нәтижесінде газға бес жүз мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 71,4% қол жеткізеді.
Үшінші жоба – республикада теңдесі жоқ волейбол орталығының ашылуы. Онда спортшыларға арналған төртқабатты тұрғын үй бар. Жаңа технологиямен жабдықталған жаңа спорт кешені «Жетісу» кәсіпқой командасының үйі ғана емес, ерлер мен әйелдер командалары үшін волейболды дамыту орталығына айналады. Төртінші жобаға келсек, инженерлік-коммуникациялық желілер мен Балқаш көліне жол салуды атап өтуге болады. Бұл сұрақ облыс тұрғындары мен осы жерлерге барғысы келетін қонақтарды көп жылдардан бері мазалайды. Сондықтан туризмді дамыту үшін Лепсі стансысынан электр желісі мен ауызсуды тартып жатырмыз. Келер жылдың басына дейін көлге баратын жол толығымен жөнделеді. Тағы бір жетістік – Абай облысының шегарасына дейінгі автожолды тапсыру. Бұл үлкен және қымбат жоба болды, бірақ біз оны аяқтадық, – деді облыс әкімі.
Журналистер медициналық кадрлардың жетіспеушілігіне қатысты мәселені көтерді. Бейбіт Өксікбайұлы бұл мәселе бүкіл елде бар екенін атап: «Өңір бойынша 341 маман жетіспейді десек, жас мамандарды тарту үшін 1 қаңтардан бастап дәрігерлерге көтерме ретінде облыс бюджетінен 5 және 10 миллион теңге төлей бастадық. Бұл кадр мәселесін шешуге және медициналық мекемелерді білікті мамандармен қамтамасыз етуге үлкен көмек болады, Нәтижесінде 11 айдың қорытындысы бойынша 170 жас маманды өңірге тарттық», – деп атап өтті.
«Өңірде тұрғын үй құрылысы жоғары қарқынмен жүргізілуде, бірақ сапасы қалай? Талдықорғандағы коттеджді қалашық тұрғындарының атынан көптеген шағымдар түсуде» деген медиа сала мамандарының сауалына облыс әкімі Бейбіт Исабаев: «Сұрақ өте өзекті. Иә, бұл қалашық 5-6 жыл бұрын салынған. Өкінішке қарай, бас мердігерлер мен қосалқы мердігерлер жосықсыз болып шықты. Біз олармен екі жыл соттастық. Сот өз шешімін шығарды, кінәлілер жазаланды, материалдық залал өтелді. Қолданыстағы заңнама бойынша біз жаңа конкурс жариялауға, жобалау-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізуге, мемлекеттік сараптама алуға құқығымыз бар. Осыдан кейін біз бұл үйлердің мәселесін толықтай аяқтай аламыз. 31 желтоқсанға дейін 97 коттеджді тапсырамыз. Келесі жылға мәслихат қаражат бөлді. Қалған 107 коттеджді келесі жылдың соңына дейін аяқтаймыз. 2025 жылы біз бұл шулы сұрақты түпкілікті жабамыз. Мен сізге уәде беремін», – деп сендіре сөйледі.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото. Жеңіс ЫСҚАБАЙ