Биылғы көктем құбылмалы мінез көрсетіп, көк бірден көтерілмей, маусым айында жауын-шашынның жиілігінен шабындыққа шалғы салынбады. Түн салқындығы бүгінге дейін жалғасты.
Әдетте түндегі жылудан нәр алып, өсіп-өнетін көкшалғынның шығымы кей өңірде көз қуантарлықтай емес. Соған қарамастан қысқы мал азығын артығымен дайындауды жоспарлаған бірқатар шаруашылық біржылдық, көпжылдық шөп егіп, шабындығын екі-үш мәрте шауып алуға қам жасауда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, алғаш рет шалғы түскен көпжылдық шөп жиынтығы 47 238 тонна, шабылған табиғи шөп 22 105 тонна. Бұл бастапқы нәтиже. Шабындықтағы қызу еңбектің енді қарқын ала түскенін шаруашылықтардан алынған көрсеткіштер айғақтайды.
Қарабөгет ауылының фермерлері жаз басындағы ыстықтан көтеріле алмаған шабындықтың есесін егістік алқабынан алуға ынталы. Сондықтан да бұл өңірде арпа, майбұршақ сабандарын орап, түктеп дайындау қауырт жүзеге асуда. Сонымен қатар алғашқы шабылған 282 гектар жоңышқа алқабынан 600 тонна орам түк дайындалған.
– Табиғатқа қояр кінә жоқ, –дейді «Абылқасымов» шаруа қожалығының басшысы Балтабек Абылқасымов. – Жылдағыдай болмаса да ерте қамдансақ алты ай қысқа жететін жемшөп қорын дайындап алуға мүмкіндік бар.
Жаз айы ертең-ақ өте шығады. Жазда қапысыз қамданғанның қыстан қысылмай шығатынын жақсы білетін шаруалардың еселі еңбегі ырысын еселей түсері анық.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы





