Қазақстанда интернет алаяқтарының жаңа айласы көбейіп келеді. Бұл жолы қаскөйлер әлеуметтік желідегі аккаунттар мен sim-карталарды өз мақсаттарына пайдалану үшін жасөспірімдер мен жастарды тартуда. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтарға арнайы ескерту жасап, жеке аккаунттар мен абоненттік нөмірлерді бөгде адамдарға бермеуге шақырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Polisia.kz мәліметінше, соңғы уақытта кәмелетке толмағандардың материалдық сыйақы үшін sim-карталарды рәсімдеп, оларды мессенджерлер мен әлеуметтік желілерге тіркеп, кейін үшінші тұлғаларға беру жағдайлары жиілеген. Мұндай аккаунттар кейін интернет алаяқтық, жалған қоңырау шалу және өзге де заңсыз әрекеттер үшін қолданылуда.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының бастығы Бейбіт Біржановтың айтуынша, көптеген азамат мұндай әрекеттің салдары ауыр екенін түсіне бермейді.
– Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды тіркеу және оларды бөгде адамдарға беру алаяқтық пен өзге де заңсыз әрекеттерді жасау құралына айналуы мүмкін. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай әрекеттер қылмыс жасауға жәрдемдесу ретінде қаралады, – деді ол.
Мамандардың айтуынша, алаяқтар көбіне Telegram, WhatsApp және Instagram платформаларын пайдаланады. Олар жастарға «жеңіл табыс», «бір реттік жұмыс» немесе «аккаунт жалға беру» деген ұсыныстар жасап, бірнеше мың теңге үшін sim-карта не аккаунт сұрайды. Алайда кейін сол нөмірлер арқылы азаматтарға жалған банк қызметкерлері атынан хабарласып, ақша жымқыру фактілері тіркелуде.
Киберқауіпсіздік саласындағы сарапшылар да цифрлық сауаттылық мәселесінің өзекті болып тұрғанын айтады. Себебі көп жағдайда азаматтар өз деректерінің қылмыстық әрекеттерге пайдаланылуы мүмкін екенін ескермейді. Ал аккаунт иесі құқық қорғау органдарының назарында қалуы ықтимал.
Осыған байланысты ІІМ азаматтарға бірнеше маңызды кеңес берді:
- күмәнді sim-карталар мен құрылғыларды сатып алмау және таратпау;
- жеке аккаунттарды үшінші тұлғаларға пайдалануға бермеу;
- балалар мен жасөспірімдерге мұндай әрекеттердің құқықтық салдарын түсіндіру;
- мессенджерлерге тіркелген абоненттік нөмірлерді бөтен адамдарға тапсырмау;
- күдікті жағдайлар байқалса, бірден құқық қорғау органдарына хабарлау.
Бүгінде интернет алаяқтық тек қаржылық шығын емес, ұлттық цифрлық қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Сондықтан мамандар азаматтарды желідегі кез келген күмәнді ұсынысқа сақтықпен қарап, жеке деректердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.





