Алматыда ауыл мектептерінің оқушыларына арналған ауқымды білім сайысы – IQanat Республикалық Олимпиадасының финалдық кезеңі басталды. Бір жылға созылған іріктеу кезеңдеріне еліміздің түкпір-түкпірінен 50 мыңнан астам 8-сынып оқушысы қатысып, олардың арасынан үздік 1000 оқушы ақтық сынға жолдама алды.
EQ-тест – жаңа іріктеу кезеңі
Финалистер тек академиялық білімдерімен ғана емес, эмоциялық интеллект, көшбасшылық қабілет және кәсіпке бейімділік бағыттары бойынша да бағаланады. Бұл — жобаның жаңа іріктеу стратегиясының бір бөлігі. Биылғы жылдан бастап қорытынды нәтиженің 80%-ы академиялық білімге, ал 20%-ы «soft skills» – жұмсақ дағдыларға негізделетін болды.
«Біздің мақсатымыз – ең ақылдыны емес, ең ынталы, мақсатқа ұмтылатын балаларды анықтау. EQ-тест арқылы біз бала тұлғасының әлеуетін көреміз және оны қалай дамыту керектігін анықтаймыз», – дейді IQanat академиялық директоры Зухра Шегенова.
Оқу мен шабытқа толы финал аптасы
IQanat финалы – бұл тек білім сынағы ғана емес, оқыту мен шабыттандыру алаңы. Финал аптасында оқушылар:
жасанды интеллект, медиасауаттылық, кәсіби бағдар, көпшілік алдында сөйлеу, дизайн-ойлау бағыттарында тренингтерге қатысады;
кәсіпкерлермен, блогерлермен, ғылым мен медиа саласындағы танымал тұлғалармен кездеседі;
интерактивті тәжірибелер, оқу челлендждері, Peer-to-Peer білім алмасу форматында өзара үйренеді.
IQanat – ауыл баласына арналған мүмкіндік
IQanat – ауыл мектебінің оқушыларына қолдау көрсетуді мақсат тұтқан кәсіпкерлердің білім беру жобасы. Бүгінде жоба аясында 220 меценат өз өңірлеріндегі оқушылардың дамуына үлес қосып келеді.
«Балалардың көпшілігі алғаш рет үлкен қалаға, университеттерге, бизнес орталықтарына келеді. Олар алғаш рет өз арманының мүмкін екенін түсінеді. Біз оларға шабыт сыйлаймыз», – дейді жоба қамқоршыларының бірі.
Финал – Медеудегі марапат кешімен аяқталады
IQanat Олимпиадасының жабылу салтанаты Медеу тау шатқалындағы стадионда өтеді. Финалистердің бір бөлігі:
IQanat High School of Burabay мектеп-интернатына толық оқу грантын алады;
кейбірі IQ ADVANCED бағдарламасына өтеді;
Ал өзгелері IQ-IP онлайн дайындау бағдарламасы арқылы жоғары оқу орындарына дайындықты бастайды.
IQanat – жүйелі және нәтижелі қайырымдылықтың үлгісі. Жоба түлектерінің 94%-ы Қазақстан мен шетелдің үздік университеттеріне грантпен түседі. Қазіргі таңда түлектер әлемнің 17 елінде білім алып жатыр.