Әдетте жолға шықсаң көңіліңде бір толқу туатыны анық. Ал еліміздің шығысынан терістігіндегі елді мекендерге іссапар жоспарланғаннан алағызу сезімі бірге туындады. Талдықорғаннан шығып, Қостанайға жеткенше 40 сағаттық сапарымда пойыз доңғалағының тарсыл-гүрсіліне «Бармаған жер, араласпаған ел, тілдеспеген орта, қалай қабылдар екен?!» деген сан сауал қосылып, жүрегімді күпті етті. Жетісудың кен өлкесі мен Сарыарқаның сайын даласы көз қарықтырып, алабұртқан бір сезімнің жетегінде қазақтың талай арысы туған Қостанай қаласына да жеттік.
Пойыз стансысынан Қостанай облыстық еңбек мобильділік орталығы директорының орынбасары Ерлан Қайратұлы деген азамат қарсы алды. Көкшетаудың тумасы болғандықтан да көркем мінезді жігіт болып сезілді маған. Астанадан өткен соң Қостанайға жеткенше пойыздағы сапарластарыммен тілімді бұрап сөйлескенімді ұмытып, таза қазақша пікірлесіп кеттік.
Қостанай тарихи ескерткіштерге бай қала екен. Өйткені, қазақ руханиятының көш басында тұратын Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Әлжан Байқара, Мыржақып Дулатов, тағы да басқа ұлт зиялылары туған, өскен, еңбек еткен құтты мекен ғой. Сол зиялылық Қостанай қаласы мен елді мекендердегі тарихи ескерткіштерге құрметпен қарайтын ізгіліктерінен сезіледі.
Облыс орталығы мен елді мекендерде бір ғасыр немесе одан да бұрын салынған көпестердің үйлері сол қалпында сақталып, тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына алыныпты. Оның көбінде бүгінде облыс әкімдігіне қарасты мемлекеттік және бюджеттік мекемелер орналасқан. Айталық, ХІХ ғасырдың соңында іргесі қаланған көпес Воищевтің үйіне Қостанай облыстық ардагерлер үйі, тағы бір көпестің үйіне А. Никифоров атындағы облыстық көркемсурет мектебі, ХІХ ғасырдың соңында салынған бұрынғы «Халық үйі» ғимаратына облыстық мәдениет басқармасы орналасыпты. ХІХ ғасырда тұрғызылған көпес Яушевтердің пассажы облыстық тарихи-өлкетану музейіне беріліпті. Айта берсек, бұл тізім ары қарай тізбектеліп кете береді. Бұл үлгі етуге татитын үлкен құндылық. Егер бұл үйлер жекеменшіктің қолында болса бүгінгі жағдайы қалай болар еді?! Есік-терезесі шағылып, кірпіші тасылып, орны омырайып, тағаны ғана қалар ма еді?! Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, үйренуге татитын құндылық. Осыны көргенде Талдықорған қаласы мен аудан, қалалардағы тарихи ғимараттарды сақтауда енжарлық танытқанымызды ойлап, жүрегім ауырды.
Тарихқа осылай терең сүйіспеншілікпен қарайтын қостанайлықтар Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті көші-қонмен Қостанайға көшіп барған азаматтар мен шетелден тарихи Отанына оралған қандастарға да ыстық құшағын ашып, жылы пейілін танытыпты.
Қостанайда мал жаятын, астық егетін жер көп. Өзге елдерден көшіп келіп, адал еңбегінің арқасында берекесін асырып, малдың басын көбейтіп жатқан қандастардың да қатары жыл сайын көбейіп келе жатыр екен. Олар отбасының жағдайын жақсартумен қатар облыс экономикасын еселеп, айналасындағы жерлестеріне де өнеге көрсете бастапты. Оның біразының жұмысымен таныстық. Айталық, Тәжікстаннан Түркістан облысына, одан ерікті қоныс аудару бойынша Қостанай облысының Алтынсарин ауданына көшіп келген Шүкір деген азамат аудандық білім бөлімінде жұмыс істейді. Үйінің қасынан қосымша 1 гектар жер алып, көкөніс-көктат егіп, қосымша табыс көзін тапқандардың санатына қосылған. Қостанай ауданы Константиновка деген ауылға қоныстанған Өзбекстаннан келген ағайындар асыл тұқымды, сүтті ешкілерді өсіруді қолға алып, ірімшіктің түр-түрін нарыққа шығарады. Олар мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грандтқа құжат өткізіпті. Егер қаржы түсіп жатса ауқымды жұмысты қолға аламыз дейді. Өнімдері Қостанайдың базарында ғана емес, күллі Қазақстанда сұранысқа ие болады деген сенімде. Мұндай азаматтардың қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді.
Қостанай облысына көшіп барған жетісулықтардың қатарында бүгінде егістікпен, мал шаруашылығымен, кәсіпкерлікпен айналысқандар жоқ екен. Жалпы 2023-2024 жылдары ерікті қоныс аудару бойынша Жетісу облысынан Қостанай облысының аудан, қалаларына 12 отбасы қоныстаныпты. Олардың бәрі мамандық бойынша жұмысқа орналасып, сол аймақтың әлеуметтік-экономикалық, білім, мәдениет саласын өркендетуге үлес қосуда. Айталық, Кербұлақ ауданынан көшіп барған Асхат Адамбаев Рудный қаласындағы «Трансремвагон» ЖШС-на, Талдықорған қаласынан көшкен Рамазан Көпжасаров «Рудненское ремонтное депо» ЖШС-на тұрақты жұмысқа тұрыпты. Текеліден көшкен Фарида Абуова Рудный қалалық ауруханасына, Талдықорғаннан көшкен Ұлпан Жүнісова қалалық №2 ауруханаға дәрігер болып орналасып, денсаулық сақтау саласында еңбек етуде. Ал Талдықорғаннан көшкен Дәурен Томатаев Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде, Мирас Құлтанов қалалық №13 орта мектепте ұстаз болып, білім беру саласындағы жетістіктерімен көзге түсе бастапты. Басқалар да мамандық бойынша жұмыс атқаруда. Сол жерлестерімізбен кездесіп, жетісулықтардың сәлемін жеткізіп, қоныс құтты болсын айттық. Бітпей жатқан жұмыстары, орындалмай жатқан армандары жайлы сұрап, ұсыныс-тілектерін жазып алдық.
Солардың бірі – Текелі қаласынан көшіп барған Ардақ Сейітқалиева:
– 2004 жылы Алматы қаласынан Текеліге келіп қоныстандық. Мектептен соң І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетін бітірдім. Жоғары оқу орнын тамамдаған соң Текелі қалалық №4 орта мектепте мұғалімдік жұмыс атқардым. Жұбайым Қарағандыда жұмыста, екі баламыз бар. Үлкені мектепте оқиды, кіші баламыз биыл 1-сыныпқа барады. Халқымызда: «Жүргенге жөргем ілінеді» деген сөз бар ғой. Бір жерде тұра бергенше мемлекет қолдау танытып жатқанда жас кезде басқа жақтарда жұмыс істеп, біліктілікті арттырғанымыз жөн. Өткен жылы қазан айында көшіп келдік. Қазір мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыны толық алдық. Тұрғын үй алуға тиісті 4,5 млн. теңге сертификаты берілді. Мамыр айында үй сатып аламыз деген ойдамыз. Бүгінде арнайы қамқорлықты қажет ететін балаларды оңалтуға бағытталған мекемеде жұмыс істеймін, – дейді.
Ардақтың арманы – жанына жақын мұғалім мамандығы бойынша жұмысқа орналасу. Өткен жылы күз айында көшіп келгендіктен жұмыс табылмапты. Десе де бізбен бірге жүрген Қостанай облыстық еңбек мобильділік орталығының басшылары Ардақтың арманын орындауға көмек көрсететін болды. Осы мақаланы дайындап жатқанда Ардақпен тағы хабарластық. Ол тұрғын үй алуға қатысты құжат өткізіп, үйдің кілтін күтіп отырғанын жеткізді.
Тағы бір жерлесіміз Әділет Талдыбайқызы өзінің көшу себебін баяндады.
– Көшкенге дейін Текелі қаласындағы №8 мектепте мұғалім болып жұмыс істедім. Мектеп директоры Эльмира Сейдахметқызы жұмыс барысында болсын, кейін Қостанайға көшемін дегеннен кейін де қолдау көрсетті. Талай шәкірттерді тәрбиелеп, көптеген ата-ананың алғысына бөлендім. Осылай көшудегі себебім – үш ұлым бар. Үлкен ұлым Ғалымжан Рудныйда жұмыс істейді. Кенже ұлым Амандық Рудный қаласында электр мамандығы бойынша бітіріп, әскери міндетін өтеп қайтқан соң осында тұруды шешті. Сосын бәріміз әр жақта жүргенше бір жерге жиналайық дедік те көшуге бел будым. Ортаншы ұлым Асылжан Талдықорғанда әскери салада жұмыс істейтін. Ол ұлды да көшіріп алдық. Қазір орналасып, жәрдемақымызды алып, тұрғын үйлі болдық. Бала-шаға, немерелерімнің ортасында өмір сүріп жатырмын. Бірақ тұрғын үй Рудный қаласынан берілді де жұмыс қаладан 50 шақырым шалғайдағы ауылдан табылды, – дейді Әділет Талдыбайқызы.
Әділеттің де: «Рудный қаласындағы мектептердің бірінен жұмыс табылса» деген арманы бар. Өйткені «Бала-шағамызбен бір жерде тұрамыз» деген арманмен келіп, жұмыс үшін 50 шақырым шалғайдағы ауылда пәтер жалдап жалғыз тұру қисынға келмейді. Әділеттің өтінішін де тиісті мекеме басшыларына жеткіздік.
Әділеттің айтуынша, Қостанайдағы мектептерде математика, ағылшын тілі, физика, химия, биология пәндерінен сабақ беретін мұғалімдерге сұраныс көп екен. Сондықтан университетті бітірген жастар біліктілігін арттырып, өз мамандығын меңгермек болса мемлекеттік бағдарламаға қатысып, бағын сынап көруге мүмкіндік бар.
Жетісулық жерлестермен әңгіме барысында ескеруге тиісті біраз дүниені де бағамдадық. Ең алдымен, ерікті қоныс аударушылардың көбі көшуге шешім қабылдап, құжаттарын өткізгеннен кейін бірден тұрғылықты жеріндегі жұмысынан шығып кетеді. Ал тұрғын үй сертификатының мерзімі жарты жыл. Демек, жарты жылда тұрғын үйді сатып алып үлгеру керек. Сөйтіп тұрғын үйді сатып алу мақсатында құжаттарын өткізгенде соңғы жарты жылда зейнетақы төлемі болмағандықтан банк өтінімін қабылдамай тастайды. Қайтадан жұмысқа кіріп, зейнетақы салымы түсе бастағанша жарты жыл уақыт өте шығады да сертификаттың уақыты өтіп, 4,5 млн. теңге мөлшерінде мемлекеттен төленетін көмек қаражатты ала алмай қалады. Сондықтан ерікті қоныс аударушылар көшіп барған жеріне құжаттарын өткізіп, өтінімі қабылданып, тұрақты жұмысқа тұрғанша тұрғылықты жеріндегі жұмысынан шықпағаны жөн. Бұл жағындағы жеңілдіктер қарастырылғанын айта кеткеніміз жөн. Сонда ғана мемлекеттік бағдарламаның игілігін толық көріп, ары қарайғы тіршілікті реттей алады.
Сосын Қостанай облысында ерікті қоныс аударушылар болсын, қандастар болсын, көпбалалы отбасыларға мүмкіндіктер өте көп. Әсіресе, Қостанай облысының кейбір аудандарында мектеп жасындағы балалар азайып, мектептері жабылу алдында тұрған ауылдар бар. Егер осы ауылдарға көшіп келсе, жергілікті тұрғындар тарапынан бірнеше бас мал, оның екі жыл бойғы жемшөбі, отын-суы секілді қосымша көмек көрсетіледі. Мысалы, биыл Наурызым ауданының Шиелі ауылына көшіп барған бір қандасымыз мемлекет тарапынан тағайындалған жәрдемақыны алумен қатар, ауылдағылар тегін үй беріп, оны жөндеп, суын кіргізіп, ауласын реттеп, алдына мал салып, егін егетін жеріне дейін құжаттандырып беріпті. Қысқасы, бұл елден бауырмалдық пен жақындықтың белгісі әлі өше қоймаған.
Қостанай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алынған ақпаратта 700-ге жуық бос жұмыс орнының ақпараты көрсетілген. Оның ішінде барлық саланың мамандарына сұраныс бар. Ерікті қоныс аударушылар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Мұнан бөлек, қостанайлық кәсіпкерлердің де сырттан еңбек күшін әкелу мақсатында жасап жатқан жақсылығы мол.
Фёдоров ауданындағы Камышный ауылдық округінің Камышный Чандак ауылындағы егін және асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Тұрар» шаруа қожалығы жұмысшыларына арнап бір көше бойына қаз-қатар жаңа үйлер салып тастапты. Сыртқы көрінісі көз тартатын үйлердің іші заманауи жабдықтармен жабдықталған. Төсек-орын, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ бәрі толық. Жұмысшылардың жалақысы жоғары, науқан кезінде орташа жалақы 1 млн. теңге көлемінде болады. Ал қыстағы айлық сәл азаяды десек те отын-суын, сорпа-қатығын шаруашылық береді. Қосымша егін егіп, мал өсіруге де мүмкіндік мол. Мұндай шаруа қожалықтар аудандарда да бар. Ең төменгі жалақысы 800 мың теңгеден басталады. Айта кетерлігі, осы шаруа қожалықтары егін мен малдың жайын білетін мамандарға зәру. Жоғарыда айтылған төлемдер мен баспана ерікті қоныс аударушыларға берілетін мемлекеттік көмектен тыс шаруа қожалықтары тарапынан жасалған жағдайлар. Яғни, жұмысқа тұрған қоныс аударушылар мемлекеттік бағдарлама аясындағы көмекті толық алады.
Қостанай облысында биыл 283,4 млрд. теңгеге 7 жобаны іске қосу және «озық технологиялар және сыртқы нарықтарға бағдарлану» талаптарына сәйкес келетін 3,4 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Олардың ішіндегі ең маңыздысы 1500 жаңа жұмыс орны ашылатын «KIA» автомобиль зауыты мен 1000 жұмыс орны ашылатын ыстық брикеттелген темір зауыты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысынан Қостанайға дейін тартылатын магистральді газ құбыры елді мекендерді көгілдір отынмен қамтып қана қоймай, инвестициялық жобалардың артуына септігін тигізбек. Десе де, міне, осындай, ауқымды жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырған Қостанай облысы биыл 150 қандасты және еңбек күші артық өңірлерден 535 қоныс аударушыны қабылдау квотасын бекітіпті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 400 адамға аз. Сәуір айына дейін бөлінген квота толығымен игеріліп біткен. Ал Қостанайға көшіп жатқан адам көп, көшуді ниет етіп жатқандар да баршылық. Есесіне, Қостанай облысы мен көрші Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарына бірнеше мың квота бөлінген.
Қажет АНДАС
Талдықорған – Қостанай – Талдықорған