Күздің қою қараңғылығы аспанға керілген. Түнек тұнжырап тұр. Жұлдыздар да сыртын беріп, күңгірт тартқан көк төсінде айдың жүзі ғана мүләйім нұр төгіп, қыр үстіне боз сәуле салған. Сол бір бозамық түнде жалғыз үйдің маңына қонақ келіп, ажалдың қақпасы ашылды. Сол шақтан бастап адам тағдырының арнасын бұрып кетті.
Бұл – жай ғана өлім емес. Бұл – жалғыздықтың, тентіреудің, торығудың тұңғиығынан туындаған трагедия. Бұл – шегарасы жоқ қасіреттің, аты қойылмаған ішкі дерттің беймәлім бет-бейнесі.
Азамат Р. – тағдырдың тақыр жолына тап келген жан. Күйкі тіршіліктің қажытқан керуенінен тыс қалып, ауыл ішіндегі аядай бір жайылымда бақташы болып күн кешіп жүрген кезі. Аяғы жеткен жерден қайыр таппаған ол еріксіз шеттеп, қырға кеткен. Шалғайдағы шаруа қожалығының бір пұшпағында орналасқан лашықта күн өткізіп, жалғызбасты адамның өмірін жалғап жүрген еді. Беймәлімдікпен бетпе-бет келген адамның күнде- лігі – үнсіздік. Ал сол үнсіздік кейде қара дауылға айналады…
Сол жылы тамыз айы шіліңгір шілденің ыстығын артқа тастап, салқын сағымға оранып келе жатқан.
21 тамыз түні сағат 00:30 шамасында күтпеген қонақ азамат К. келеді. Бір қолында ішімдік, екінші қолында «ИЖ-18ЕМ» аңшы мылтығы. Бейбіт түннің құшағын бұзып, бөтелкенің буына басылған пиғылмен лашық есігін қағады.
– Қане, ішелік, – деп ұсынады бөтелкесін.
– Жоқ, мен ішпеймін.
– Онда борсық аулауға барайық, – деп мылтығын бұлғайды.
Алайда мылтықтың жүзінен бейкүнә аң емес, бейқам жанның өлімі сығалап тұрғанын ол кезде екеуінің бірі де білмеген-ді. Әлде біреуі білген, бірақ іштегі зұлымдықты тоқтата алмаған…
Ұсынысынан бас тартқан азамат Р-дың бейтараптығы К.-ны ашындыра түсті. Аузынан ащы сөз ақтарылып, жалған намыс пен ішімдік араласқан ыза ақыры екеуара жанжалға ұласады.
Ашу деген – уақытша перде. Сол перде көзге түссе, адам баласының ақылы шегін жоғалтады. Дәл сол мезетте азамат Р. мылтықты жұлып алып, қашықтығы қарыс жерден азамат К.-ның басынан оқ атады. Бір ғана оқ… Ажал дәл сол сәтте көзге көрінбейтін тұман секілді төбеден төнген. Оқ маңдайды жарып, бас сүйекті үгітіп, сол жерде боздақ жантәсілім етеді.
Кісі өлтірген адамның алғашқы ойы – қашу немесе жасыру. Азамат Р.-да дәл солай істеді. Мәйітті атпен сүйреп, оқиға орнынан алысқа апарып, шөп арасына жасырады. Ал ажалдың аспабы болған қаруды бөлшектеп, тастың арасына тығады.
Келесі күні іздеу басталып, марқұм ағасының жоғалғанын сезген інісі азамат «Қ» жайылымға жетіп, жолыққан әрбір адамнан сұрайды. Екінші бақташы А.:
– Түнде борсыққа кетіп еді, содан оралмады, – дейді.
Ал азамат Р.-дан сұрағанда мүлдем басқа бағытты көрсетіп, жалған ізбен адастырып жібереді. Уақыт өтіп жатты, бірақ іздеген жанның үміті суымай, үшінші күн дегенде мәйіт шөп арасынан табылды…
Оқиға орнындағы әрбір айғақ – тілсіз куә. Сот сараптамалары, сот-криминалистикалық қорытынды – бәрі де қасақана кісі өлтіру екенін айдан анық көрсетіп береді. Нақтылап айтқанда, «ИЖ-18ЕМ» мылтығы өздігінен атылмайды. Ол серіппені басқанда ғана оқ шығаратын зауыттық қару. Оқтың бет сүйекке түзу бұрышпен тигені де тікелей нысанаға алғанын дәлелдейді.
Ал азамат Р. сот алдында мүлдем басқаша:
– Ол мені балағаттады. Мылтықпен қорқытты. Мен қорқып, қаруды қайтармақ болдым. Жұлқылау кезінде ол өз-өзін атып алды, – дейді.
Алайда шындық жасырынбайды. Сот бұл нұсқаны жоққа шығарып, Р.-дың бұрын да үш бірдей адамның өліміне себепкер болғанын, бұл оның төртінші рет жасаған ауыр қылмысы екенін ескере келе, ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сонымен қатар 520 мың теңге көлеміндегі сараптама шығыны сотталушыдан өндірілсін деген шешім де шықты.
Мал соңында жүріп, адамдықтың шегарасын бұзып өткен пенде – тек бір жанның ғана емес, бүтін бір отбасының үмітін үзді. Ал қылмыстық іс – қағаз бетіне түсірілген сот хаты ғана емес, қоғамдағы үлкен дабыл. Жалғыздыққа жетелейтін жолдар, ашуға апаратын себептер, адам бойындағы өңі ескірген жаралар – бәрі де дер кезінде емделмесе, осындай сорақылыққа ұрындырады.
Боздақ атылды. Кешірім – тек пендеге ғана тән қасиет. Ал заң – таразы. Бірақ кез келген үкім әділеттің соңғы сөзін айтқанымен өлген жанның орнын толтыра алмайды. Адам баласының ар алдындағы жауапкершілігі заңмен өлшенбейтін ұғым. Бұл оқиға – ақыл мен ашудың тайталасы. Жеңіліс – сабырсыздықтан. Бұл – болашаққа ой салатын қаралы оқиға.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ