Жетісу облысына арнайы келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары өңірдегі қордаланған мәселелердің түйінін шешуге жәрдемдесуде. Осы ретте Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. Жиында елдегі заңнамаға енгізілген өзгерістер мен алдағы реформалар талқыланды.
Кездесу барысында Парламент Сенатының депутаттары мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық даму, өңірлердің инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндама жасап, халықпен кері байланысты күшейту мен жергілікті құзырлы органдардың рөлін арттыру мәселесін көтерді. Басқосуда егістік жерлерге су жеткізу, жемшөп жинау, кей өңірлерге орта мектеп қажеттігі сөз болды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі де айтылды.
– Жиынға қатысқан құрылыс компанияларының өкілдері құрылыс ережесі талаптарын міндетті түрде мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы қылып жасау мәселесін көтеру керек деген ұсыныс айтты. Әрине, олардың айтып отырғандары дұрыс. Көптеген ұсынысты бізге жазбаша түрде беруде. Бұйырса, келесі 4-ші сессияда сол мәселелердің бәрін Сенат қабырғасында, республика деңгейінде көтеріп, соны қолдап, шешілуіне бар күшімізді саламыз, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Толамисов.
Жиын ашық диалог форматында өтті. Облыстық мәслихат депутаттары өз кезегінде аймақтың өзекті мәселелері мен тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Тұрғын үй, құрылыс саласына қатысты заңнамаларды жетілдіру, ауыл шаруашылығын қолдау және туризмді дамытудағы түйткілді істер тұрғысында сөз қозғады. Отбасы банкіне қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Қазір үй кезегінде тұрған адамдар аталған қаржы орталығы арқылы баспана алады. Бұл бойынша кейбір заң тетіктерін толықтыру мен банктің ішкі тәртібін қарастыру қажет екені талқыланды.
– Отбасы банкпенен тұрғын үй алу кезіндегі несиелік үй, арендалық үйлерге байланысты қандай қайшылықтар туындап отырғандығын сенаторларға түсіндіріп айттық. Ондағы қайшылықтар мен кедергілерді жою керектігін көтердік. Бұл өте бір жақсы, маңызды кездесу болды. Көптеген мәселелердің басын ашып алдық. Республика деңгейінде шешілетін мәселелердің барлығын сол сенаторлардың алдына қойып отырмыз, – дейді Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева.
Медет ЖҰМАБАЙ




