Осы орайда қаладағы «Жетісу» және «Жұлдыз» шағын аудандарында атбасын тіреген Ернат Дүйсенбекұлы алдымен аулаларды абаттандару бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларға баса назар аударды. Сондай-ақ, ол жауапты мердігер мекеме басшыларына қолға алынған жұмыстардың сапасын басты назарда ұстап, уақытылы аяқтауды тапсырды.
– Бүгінде қалада сумен жабдықтау және абаттандыру ісі қарқан алған. Абаттандыру – тек сыртқы көрік ғана емес, тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды сала. Сондықтан әрбір жұмыс тыңғылықты әрі уақытында орындалуы тиіс, – деді Ернат Бәзіл.
Осыдан соң қала әкімі шаһардағы Шевченко–Құрманов көшелерінің қиылысында салынып жатқан сумен жабдықтау алаңына барып, құрылыс сапасын тексерді. Сонымен бірге Біржан сал көшесіндегі көгалдандыру жұмыстарына қатысты өз ойын айтып, жауаптыларға ешбір кемшілікке жол бермеуді ескертті.
Еске сала кетсек, бүгінде Талдықорғанда абаттандару жұмыстары ауқымды. Мәселен, өткен жылы қаладағы «Ұлан» шағын аумағында 5 аула ретке келтірілсе, аймақтағы Еркін ауылында 2 аулаға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында спорттық жаттығу кешендері мен балалар ойын алаңдары көптеп салынуда. Мұндай жұмыстар жалғасып, биыл жыл соңына қарай абаттандырылған 60-қа жуық аула ел игілігіне берілмек. Атап айтқанда, мұнда биыл Жетісу облысының орталығындағы «Жұлдыз» шағын ауданында 18, «Жетісу» шағын ауданында 11, «Ұлан» шағын ауданында 9 аула абаттандырылуда. Сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тағы 20 аулаға спорттық жаттығу және балалар ойын алаңдары салынбақ.
Айдын КӘЛІМХАН