Ел мерейін асырып, халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған игі істер өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында аудан тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болды. Еліміздің басты байлығы – халық. Ал халықтың амандығы мен денінің саулығы – мемлекет саясатының негізгі бағыты. Осы мақсатта аудандағы денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында елдің сұранысы мен ұсынысына сай әлеуметтік бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Соның бір дәлелі – аудан көлемінде жаңа медициналық нысандардың бой көтеруі.
2023-2024 жылдары Ескелді ауданы бойынша 6 жаңа денсаулық сақтау нысаны іске қосылып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде. Ағымдағы жылы Шымырда дәрігерлік амбулатория мен Матай Байысов ауылында фельдшерлік пункт пайдалануға берілді. Мереке қарсаңында аталмыш ауданның 203 тұрғыны бар Теңлік ауылында 105 шаршы метрлік блокты-модульді емхананың лентасы қиылды. «Ескелді ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі тапсырысымен 45 920 000 теңге қаражатқа құрылысты салып берді. Мердігер «BIG Stroy Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Сонымен қатар Жастар ауылында дәл осындай жаңа медициналық нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жақын уақытта ол да ауыл тұрғындарының қызметіне ұсынылмақ.
Аудан халқының денсаулығын қорғау – жергілікті атқарушы билік пен медицина қызметкерлерінің басты мақсаты. Қазіргі таңда өңірде білікті дәрігерлер мен фельдшерлердің еңбегімен тұрғындарға сапалы, уақтылы көмек көрсету жүйесі жолға қойылған.
– Аудан тұрғындарының денсаулығы біз үшін аса маңызды. Бұл жаңа медициналық пункт ауыл халқына қалтқысыз қызмет етіп, ел игілігіне жарасын деп тілейміз. Науқастардың қатары аз болып, әрбір жанның дені сау болсын, – деген тілегін аудан басшылығы да жеткізді.
Бұл күні Жалғызағаш және Қайнарлы ауылдарында заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, халық игілігіне берілді. Жалпы құны 391 миллион теңгеден астам болатын бұл жобалардың тапсырыс берушісі – облыстық құрылыс басқармасы, мердігер ұйымдар – «Akcent KZ» және «TUNAI STROY PROJECT» серіктестіктері.
Екі нысан да ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық, жедел және профилактикалық көмек көрсетіп, 1450-ден астам адамның, соның ішінде балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын бақылауға мүмкіндік беруде. Бұл – елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мен халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Тұрғындар да өз кезегінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық пен қолдауға ризашылықтарын білдірді.
Гүлжан ТҰРСЫН





