Жетісудың інжу-маржанына айналған Алакөл көлі биыл да мыңдаған туристі қабылдап жатыр. Шипалы суымен әйгілі көлдің жағасына еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден демалушылар ағылып келуде. Осыған орай туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жергілікті билік пен жауапты мекемелердің басты назарында.
Алакөлдің Ақши және Көктұма жағалауын қамтитын 17 шақырымдық аумақта күнделікті судағы патрульдік бақылау жүргізіледі. Аудандық жедел-құтқару бөлімшесінің 18 қызметкері мен 8 моторлы қайық тәулік бойы жұмыс істеп, демалушылардың қауіпсіздігін қадағалауда.
«Қауіпсіздік тек құрлықта емес, суда да қатаң бақыланады. Су көліктері ресми тіркеліп, стандарттарға сәйкес келуі тиіс. Биылдың өзінде жүзден астам заң бұзушылық тіркеліп, тиісті шаралар қолданылды», — дейді аудандық жедел-құтқару бөлімшесінің бастығы Марат Смағұлов.
Көлік бақылау инспекциясы да көлдегі су көліктерінің техникалық жағдайын, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін жіті тексереді. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда демалушылар шомылу ережелерін елемей, әсіресе мас күйінде суға түсу немесе балаларды қараусыз қалдыру деректері жиі кездеседі. Абырой болғанда, жедел әрекеттің арқасында биыл ауыр оқиғалар тіркелмеген.

«Құқық бұзушылықты болдырмау үшін профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Су көлігі иелеріне арнайы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, заң талаптары ескертілуде», — деді облыстық көлік бақылау инспекциясының жетекші маманы Нұрлыхан Тәжібаев.
Алакөл жағалауының тыныштығын 30 полиция қызметкері қамтамасыз етеді. Олар күнделікті туристік базалар мен демалыс аймақтарында рейдтер ұйымдастырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуда.

Көл жағалауындағы санитарлық тазалық пен қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қоқыс контейнерлері мен қоғамдық әжетханалар орнатылып, ақпараттық тақтайшалар жаңартылған.

«Ақши ауылында тұрақты 600 адам тұрса, жазда келушілер саны 60 мыңға дейін жетеді. Биыл туристер легі бұрынғыдан да артып, 2 миллионнан асады деп болжанып отыр», — дейді Ырғайты ауылдық округінің әкімі Дәуренбек Мұқабаев.
Алакөл – тек табиғи көркімен ғана емес, қауіпсіздігі мен жайлылығымен де туристерді тартатын орталыққа айналуда. Жазғы маусымда демалушыларға барлық жағдай жасалып, қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Айдар Қалиев,
Алакөл ауданы





