Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаев ауыр жарақат алды. Жол-көлік оқиғасы 8 шілдеден 9 шілдеге қараған түні өңірдегі тас жолдардың бірінде болды. Көлікті оның жүргізушісі басқарған, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Полицияның мәліметінше, оқиға Төңкеріс-Байсерке автожолында орын алған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті бабымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
«Төңкеріс-Байсерке автожолында болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Осы орайда құқық қорғау органдары жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе қала сыртындағы жолдар мен түнгі уақытта аса мұқият болуға шақырды.
Әсет Масабаевтың қазіргі жағдайы туралы ақпарат алу үшін тілшілер облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен әкімдікке жүгінді. Алайда, әзірге оның денсаулығына қатысты нақты мәліметтер жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Әсет Масабаев 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Бұған дейін ол:
- Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі,
- Жетісу облысы Талдықорған қаласының әкімі қызметтерін атқарған.





