Кез келген елдің, аймақтың, өңірдің экономикалық әлеуеті күре жолдардың жағдайымен өлшенеді. Қазір облыстың барлық қаласы мен елді мекенінде жаңа жолдар салынып, жұмысы аяқталғаны пайдалануға беріліп жатыр. Демек, экономикамыз тұрақтанып, әлеуетіміз арта түсті. Десе де жол – тіршіліктің күре тамыры. «Сол күре тамырдың облыстағы жағдайы қалай, осы салада қандай жұмыс атқарылып, алдағы уақытқа нендей жоспарлар қойылған?» деген сан сауалдың жетегінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан ДӘРІБАЕВПЕН кездесіп, көкейде жүрген біраз сұрағымызды қойдық.
– Ғалымжан Темірғалиұлы, облыстағы автокөлік жолдары және оның бүгінгі жағдайы, жол құрылысында игерілген қаржы мен жеткен жетістіктерді өзіңізден естісек.
– Халқымызда: «Жүргенге жөргем ілінеді» деген нақыл сөз бар. Әрине, сапар әр адамды жарқын істерге жетелеп, жетістіктерге бастайды. Кезінде ата-бабаларымыз әлемді салт атпен шарласа, бүгінде барлық жұмыс көлікпен шешіледі. Ол үшін жол сапасы ойдағыдай болғаны дұрыс. Бұл бағытта аймағымызда нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатыр деп сеніммен айтамын. Бүгінде облыстағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 3988 шақырымды құрайды. Былтыр жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту үшін 41,4 млрд. теңге, оның ішінде облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге 26,6 млрд. теңге, аудандық, қалалық ішкі жолдарға 14,8 млрд. теңге бөлінді. Осы мақсатта 29 жоба іске асырылып, 54 елді мекеннің ішкі көшелеріне жөндеу жұмысы жүргізілді. Бөлінген қаражат есебінен жергілікті маңызы бар 350,4 шақырым жол жөнделді.
– Аталған қаражат есебімен қайсы бағыттағы жолдар жасалды?
– Өздеріңізге белгілі, облыс туризм саласын дамытуға қолайлы. Әсіресе, Алакөл мен Балқаш көліне жыл сайын келетін туристердің саны артып, «Қорғас» кедені арқылы халықаралық сауда қызып тұр. Сондықтан республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңарту жұмысы ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Атап айтқанда, республикалық бюджет есебінен Талдықорған – Үшарал аралығындағы 313 шақырым жол толық аяқталып, ел игілігіне берілді. Туристік бағыт саналатын Алакөл ауданындағы Үшарал – Достық ауылы аралығындағы жол толық бітті. Ал Балқаш көліне баратын жол құрылысы бойынша былтыр Лепсі ауылынан Балқаш көліне дейінгі 27 шақырым жол қолданысқа берілді. Биылғы шомылу маусымы басталғанша Талдықорған – Өскемен күрежолынан Лепсі ауылына дейінгі 110 шақырым автомобиль жолының жүріс бөлігін толық бітіреміз. Сондай-ақ, биыл Сарыөзектен Жаркентке, Панфилов ауданының Көктал ауылынан Алматы – Жаркент күрежолына, Жаркенттен Қорғас бекетіне дейінгі жолды жөндеу жұмысы толық аяқталады. Сонымен облыстағы республикалық маңызы бар жолдар 100 пайыз жөнделіп бітеді. Ал аймақтағы 2954 шақырым облыстық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесі былтыр 94 пайызға жетсе, 2028-2029 жылдары 97-98 пайызға жеткізу көзделуде.
Демек, облыстағы республикалық, облыстық маңызы бар жолдар толықтай ретке келді деуге болады. Алдағы уақытта ауылішілік жолдарды жөндеу жұмысына басымдық берілмек. Атап айтар болсақ, былтыр ауданның ішкі жолдарын жөндеуге 14 млрд. теңге бөлінсе, биыл 18 млрд. теңгеге ұлғайды. Есесіне, былтыр облыстық маңызы бар жолдарға 26 млрд. теңге қарастырылса, биыл 24 млрд. теңгеге азайды. Демек, ауылішілік жолдарды жөндеудің салмағы арта түсті.
– Елдің дамуы, экономикасы, барлығы дерлік осы алысты жақын қылатын жолдың күтімі, сапасы мен жағдайына тіреліп тұрғаны жасырын емес. Ал енді осы автожол жобаларындағы сапаны бақылау жұмыстары қалай жүреді?
– Ауыр жүк көліктері нормативтік салмақты сақтамауы салдарынан жолдың сапасын бүлдіреді. Осы мәселенің алдын алудың кешенді шарасын былтырдан бастап қолға алып, жолдың сапасын қорғау мақсатында автоматтандырылған өлшеу стансыларын (бұдан әрі-АСИ) орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінде республикалық маңызы бар Алматы – Шелек – Қорғас автомобиль жолының 253, 315,2 және 320 шақырымына, облыстық маңызы бар Қапал – Арасан күрежолының 31,7 және Талдықорған – Үштөбе күрежолының 9,7, Сарыөзек – Көктал автожолының 49 шақырымында АСИ орналастырылған. Жабдықтар толық істеп тұр. Биыл қайта жаңарту және орташа жөндеу шеңберінде республикалық маңызы бар Талдықорған – Үшарал автожолының 290 және 555, Сарыөзек – Көктал күрежолының 6 шақырымына, облыстық маңызы бар Үштөбе – Кәлпе және Сырымбет – ТауЖетісу жолының 2 теліміне АСИ орнату жоспарда тұр. Сондай-ақ, автомобиль жолдарындағы жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында «Жол активтері сапасының» ұлттық орталығымен тығыз жұмыс атқарамыз. Олар облыста салынып жатқан жолдардың сапасын үнемі сараптап отырады. Биыл аталған орталықпен келісімшарт жасауға 70,0 млн. теңге бөлінді.
– Биылғы жылы қандай жұмыстар атқарылады?
– Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту мақсатында биыл 42,8 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде, облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге 24,1 млрд. теңге, аудандық, қалалық ішкі жолдарға 18,7 млрд. теңге. Бөлінген қаражат есебінен облыстық маңызы бар 152 шақырым жол мен 53 елді мекеннің ішкі жолдарына жөндеу жұмысы жүргізіледі. Бұл тұрғындардың сапалы өмір сүру деңгейін көтеруге септесетін болады.
– Жол құрылысын цифрландыру бағытында қандай шаралар қабылданды?
– Жергілікті маңызы бар жолдардың паспортын қайта жасау жұмысын былтыр бастағанбыз, жыл соңына дейін аяқталады. Онда жолдардың барлық ақпараттары жинақталады. Оны облыстық цифрлық даму басқармасының геопорталына қосамыз деген ойымыз бар.
– Сөздің басында айтылғандай, туризм саласын дамыту облыс экономикасының қайнар көзі. Алакөл мен Балқаш көлдерінен өзге де туристер қызығатын нысандар көп. Бірақ оларға баратын жол нашар. Бұл ақпарат құралдарында да жиі көтерілетін мәселе. Осы келеңсіздікті қалай реттеуге болады?
– Айтып кеткеніміздей, Алакөл мен Балқаш көліне баратын жолдың мәселесі шешілген. Ал Бұрқанбұлаққа баратын жолды жөндеу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге бөлінді. Алдағы уақытта жұмыс басталмақ. Ал жұрт көп барғысы келетін туристік нысандарға баратын жолдардың жағдайынан біздің де хабарымыз бар. Бір ғана мысал келтірсек, Сарқан аумағында орналасқан Жасылкөлге баратын аудандық маңызы бар жолдың 20 шақырымына ағымды жөндеу жұмысы жүргізілді. Ал қалған 9 шақырымы Жоңғар-Алатау ұлттық табиғи саябағына тиесілі болғандықтан біздің құзырымызға кірмейді. Сондықтан ұлттық саябақпен келісім жұмыстары жүргізілуде. Заңдық негізі шешілсе ол жолды жасауға жол ашылады. Ақсу ауданының Рай көліне шетелден, еліміздің әр аймағынан көптеген адам келеді. Бірақ жол нашар. Өкінішке қарай, Матай стансысынан Рай көліне дейінгі жолдың кей бөлігі жеке шаруа қожалығының балансында. Тіпті, иесіз жерлерден де жол өтіп жатыр. Бұл жол ауданның балансына өткізілсе, жоспар жасалып, қаржылай қолдау көрсетуге болады. Мәселе тек заңдық тұрғыда шешіледі. Бұл болашақтың еншісінде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Қажет Андас





