Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы «Кәсіби мерекелер тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес 14 шілде Нотариат күні болып белгіленген болатын. Бұл жерде 1997 жылдың дәл осы күні «Нотариат туралы» Заңға қол қойылғаны ескерілген сыңайлы.
Салтанат сарайында осы күнге орай ұйымдастырылған алқалы жиынға аталған мамандық иелерімен қатар облыстық, қалалық әкімдіктер мен облыстық әділет департаментінің, «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының, зиялы қауым өкілдері қатысты. Мазмұнды шарада облыстық нотариаттық палатасының төрағасы Арман Бекішбаев баяндама жасады.
– Қазақстан Республикасындағы нотариат – бұл жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін, халыққа білікті құқықтық көмек көрсететін маңызды институт. Бұл орайдағы көмек нотариалдық іс-әрекеттерді орындау арқылы жүзеге асырылады. Ол жеке тұлғалардың ғана емес, бүкіл қоғамның мүдделерін қорғауға бағытталған әлеуметтік және құқықтық маңызды акт, – деген Арман Сейітжапарұлы нотариустің жалпы қоғам, соның ішінде тұрғындар алдындағы моральдық жауапкершілігі, оның негізгі міндеттері жайында кеңінен айтып өтті.
– Нотариатты дамыту Қазақстанның құқықтық саласын жаңғыртудың негізгі басымдықтарының бірі. Ал оның табысты дамуының кепілі – нотариат қоғамы мүшелерінің жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігі. Соған орай бүгінде әріптестеріміздің кәсіби біліктіліктері мен жауапкершіліктерін арттыруға баса мән беріп келеміз, – деген облыстық палата төрағасы жалпы республика деңгейінде шұғыл арада шешімін табуы тиіс кейбір өзекті мәселелерді де еске салып өтті.
Мазмұнды баяндама барысында облыс нотариустері тарапынан жыл ішінде атқарылған игілікті істер де аталды. Сөз орайы келгенде ондай істердің аз емесін де айта кетейік. Нақтылай түсетін болсақ, облыс нотариустері 2024 жылы мемлекет бюджетіне салық түрінде 154 564 215,8 теңге аударған. Нотариалдық әрекеттерді орындау барысында 2 473 мүгедекке (барлық топтар бойынша) және 29 103 зейнеткерге нотариустердің өз қаражаты есебінен 140 504 500 теңгеге жеңілдік жасалған.
Нотариустер тарапынан халық арасында тегін құқықтық көмек көрсету мен кеңес беру акциялары да тұрақты негізде өткізіледі. Бұл орайдағы іс-шаралар «Еңбек ресурстары және белсенді ұзақ өмір орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен облыстық еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен «Талдықорған оқу-өндірістік кәсіпорны» мекемесінде, «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен «TEN QOGAM» арнайы қажеттіліктері бар тұлғаларға арналған әлеуметтік қолдау орталығы мекемесінде, басқа да бірнеше ұйымдарда ұйымдастырылған.
Облыстық нотариаттық қауымдастық қартайған жалғызбасты адамдарға азық-түлік себеті түрінде тұрақты түрде материалдық көмек көрсетеді. Аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке дайындау барысында да оқулықтар мен өзге де керек-жарақтар, киім-кешек сатып алынып, материалдық көмек беріледі.
Қасиетті Рамазан айы кезінде толық емес отбасылары мен мүгедектігі бар балаларға, көпбалалы аналарға азық-түлік себеті түрінде көмек таратылған. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай нотариаттық палатаның атынан тыл еңбеккерлері мен ардагерлерге демеушілік жасалыпты.
Жетісу облысының ауылдық елді мекендерінде халықпен кездесулер ұйымдастырылып, тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілген. Мұндай жүздесулер барысында нотариат қызметінің маңызы мен нотариалдық мәмілелер формасының артықшылықтары түсіндіріледі.
Маңызды мамандық иелері бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен Әділет министрлігі ұйымдастырып жүрген «Халық заңгері» акциясына, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған кездесулерге де белсене қатысып, азаматтарға тегін кеңес беріп, құқықтық көмек көрсетуде. Осы мақсатта палатаның өзінде «Ашық есік күні» акциясын өткізу игі дәстүрге айналған.
Нотариаттық қауымдастық өкілдері Жаңа жыл мерекесі қарсаңында арнайы оңалту орталығында болып, аутизм және даму кідірісі бар 80 балаға жаңажылдық сыйлықтар мен ойыншықтар сыйлады. Өз орталарында арнайы ұйымдастырылған спартакиада барысында белсенділіктерімен, шымырлықтарымен ерекшеленген нотариустер де көп болды.
Жиынның келесі бөлігі марапаттаулар мен құттықтауларға ұласты. Бұл күні Әділет министрлігінің «Әділет органдарының үздігі» төсбелгісімен Асхат Керімбаев, Құрмет грамотасымен Әлия Багжаева, Динара Байдуақасовалар, Алғыс хатымен Фарида Қасымжанова, Эльмира Абировалардың еңбегі аталып өтілді.
Салтанатта республикалық нотариаттық палата басшылығының марапаты да өз иелерін тапты. Нақты айтатын болсақ, «Нотариат саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Шолпан Мурзекенова мен Мадина Айтбаевалар, «Нотариат саласындағы адал еңбегі үшін» медалімен Қанатбек Абишев, Оксана Войтюк, Анар Серғазинова, Гаухар Сейітовалар марапатталып, мерейлері тасыды. Ел нотариатының дамуы мен нығаюына қосқан едәуір үлесі үшін Құрмет грамотасы мен Алғыс хатқа ие болған мамандық иелері қаншама?!
Құрметті мамандық иелерін марапаттаудан облыстық, қалалық әкімдіктер мен қалалық мәслихат, облыстық әділет департаменті, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының басшылықтары да қалыс қалған жоқ. Облыстық нотариат басшылығы да мінсіз жұмысымен ерекшеленген әріптестеріне ілтипат білдіріп, көп алдында құттықтады.
Кәсіби мерекелерін атап өтіп жатқан мамандық иелерін облыс әкімі аппаратының басшысы Сәкен Түкібаев пен Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков, облыстық әділет департаментінің басшысы Ержан Еркенов, Қазақстанның Құрметті жазушысы, ақын Әміре Әрін, «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы төрағасының орынбасары Асхат Досмұханбетовтер құттықтап, жылы лебіздерін арнады.
Мерейлі мамандық иелерінің естерінде ерекше сақталатын бұл күні айтылған ақ тілектерде есеп болған жоқ.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ





