Жануарлардың денсаулығын қорғау, жұқпалы аурулардың алдын алу және халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ветеринар мамандарының басты міндеті. Жыл сайын шілде айының 10-ы күні осы салада қызмет етіп жүрген еңбегі ерен жандар ұлықталады. Өйткені бұл күні жануарлардың жан сақшысы, ауылдың ақ желеңді абзал жандары ветеринар мамандарының кәсіби мерекесі тойланады.
Ветеринария – ерекше саланың бірі. Себебі, жауапкершілігі зор мамандықты арқалап жүрген әрбір мал дәрігері тіршілік иесіне жанашырлықпен қарап, жануардың ауырған жерін сезе білетін, оны емдеуде жанын салып еңбек ететін ерекше адам. Олардың жұмысы көзге көріне бермегенімен ел игілігі үшін сіңіріп жатқан еңбектері өлшеусіз.
Қақаған қыста да, аптап ыстықта да мал соңында жүретін ветеринар мамандарының арқасында ауыл мен қала халқы қауіпсіз әрі сапалы ет, сүт, балық, жұмыртқа, бал сияқты өнім түрлерін еш алаңсыз күнделікті тұтынады. Солардың қажырлы еңбегінің арқасында ауылшаруашылығы тұрақты дамып, ел тұрғындары сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етілуде.
Аурудың алдын алу – амандықтың кепілі. Бүгінгі күнде ветеринария тек ауылшаруашылығы саласымен шектелмейді. Бұл – адам денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін стратегиялық маңызы бар сала. Жануарлардан адамға жұғуы мүмкін ауруларды тоқтатып, еліміздегі эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етіп жүрген де осы сала мамандары.
Сондықтан оларға әрқашан құрмет көрсетілуі тиіс. Елдің әр түкпірінде, шалғай ауылдарда, зертханалар мен инспекцияларда тынымсыз еңбек етіп жүрген барлық ветеринар қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Адал еңбек, кәсіпке деген махаббат – ел амандығы мен халқының тыныштығына қосқан зор үлес.
Ветеринария – ғылым мен жанашырлықтың үйлесімі. Барлық ветеринария саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз елене берсін, әр күндеріңіз шуақты, әр істеріңіз берекелі болсын!
Әсем АСҚАРОВА