Заман алға жылжыған сайын адам баласының құндылықтарға деген көзқарасы өзгеріп тұратыны айқын. Мәселен, кешегі хандық дәуір кезеңінде бабаларымыз ел мен жердің қамы үшін ат жалында күн кешсе, одан кейінгі ғасырларда еркіндік үшін күресті. Еркіндік пен елдікті, тектілік пен теңдікті өмірлік өлшем етті. Ал бүгінгі бейбіт шақтағы адамның негізгі құндылығы мүлдем басқаша сипатта көрініс табуда десек, оның өзегі ретінде – дұрыс адам һәм маман болу деп қарастырар едік.
Қазақтың ғажайып ақыны Қадыр Мырза Әлі: «Мықты қарт та мықты жастан шығады» деп айтқан екен. Заманында жырдың іркес-тіркесін жазған, теңеу сөздің төресін тапқан әрі оны шығармаларына сыналап енгізген ақынның осынау ойын тарамдап талдауға, тілшелеп көрсетуге болады.
Ең алдымен мықты қарт – ел мұрасының иесі, адамдығының киесі екені анық. «Ауылыңда қартың болса жазып қойған хатпен тең» деп асқақтатуымыздың мәні де осында. Елге, әулетіне сыйлы, абыройлы ақсақал болудың ең басты баспалдағы жастық шақтан қаланатынын ақын астарлап атап өткен. Бұл тұрғыдан алғанда жастарымыз ертең елдің тұтқасы, сенімін ақтар азаматы, жүгін арқалар нар атандай болу үшін бала кезден сенім жүгін көтеруге, еңбекқорлыққа, елжандылыққа, адамгершілікке қанып, қанығып өсуі шарт.
Рас, бүгінгі таңда әрбір азаматтың дұрыс адам, лайықты маман болуының өзі мәртебе. Заманының сұранысына сай саланы таңдап, оны меңгеріп, маңдай тердің өтеуін көрудің өзі жақсы десек, отбасы құндылығын сақтай білу де өміршең тақырыпқа айналып отыр.
Бүгінгі күн тәртібінде тұрған лудомания, синтетикалық есірткі, суицид секілді дүниелерден жастарды алшақтату үшін де тәрбиенің таза шырыны мен өнеге мен өсиеттің өміршең нәрі, адамдардың ақыл-кеңесі, рухани ортаның диалогы керек. Негізінен 9 бағытта жұмысын былтырғы оқу жылында бастаған менторлық жобамыз бүгінге дейін өзінің жемісін лайықты түрде берді деп нық сеніммен айта аламыз.
Жеке өзіме аз-маз тоқталатын болсам, мен Талдықорған қаласындағы №12 орта мектепте әдеп-құқық жөніндегі ментор ретінде қызмет етіп келемін. Бүгінге дейін мектеп оқушыларымен етене араласып, бірінің сырласына, екіншісінің айнымас адал ақылшысына айналып үлгердік. Ментор ретінде көптеген шара ұйымдастырып, жастарды, өскелең ұрпақты өнегелі іс пен өміршең мұрат арасындағы құндылықтарға қанықтырдық. Отбасындағы кейбір қажетті деген жылу мен кеңесті ата-аналарының күйбең тірліктен қолы босамайтынын ескеріп, біз мейлінше молынан беруге тырыстық. Тізе қосып іс қылған тең құрбыдай ментор мен оқушы деп қарамастан бірлесе кеңесіп, сырласа келісіп іс қылдық. Соның арқасында кейбір бұйығы, томаға тұйық мінезді оқушылар ашылып сөйлейтін, жақсы-жаман ойын тереңінен айтатын, жанын қинаған мәселені ұялмай ашып көрсететін деңгейге жетті. Арнайы кабинетке іздеп келіп, кешегісі мен бүгінгісін қозғайтын, кеңес сұрайтын болды. Осының өзінен-ақ біздің сала, ментор ретіндегі қызметіміз жемісті деуге негіз бар.
Жоғарыда атап өткенімдей, құндылықтардың орны ауысқан бүгінгі уақытта тұлға болып қалыптасып, адами тұрғыдағы бүкіл қабілетін аша білсе, мамандығын адаспай тапса, жаман әдеттерден аулақ болса, онда бұл – қоғамның жемісі. Ал үлкен өмірдің баспалдағы алтын ұя мектеп екенін ескерсек, біздің менторлық жұмысымыздың салмағын өзіңіз-ақ саралай беріңіз. Жоғары сынып оқушыларына түрлі тағылымдық шара, семинар, зияткерлік ойын ғана ұйымдастырмай, оларды жоғары оқу орындарына апарып, университетпен таныстырып, мамандықтың қыр-сырына да қанықтырудамыз. Осы ретте жастардың жан қалауын нақты көрсетіп, мамандығына адаспай жетуі үшін өзіндік ықпал еттік деп айта аламын.
Жалпы алғанда қоғам, адам, заман деп келетін негізгі тақырыптардың бәрін сан бағытта өрнектеуге, әңгімелеп өрістетуге болады. Алайда жастардың, жаны таза өскелең ұрпақтың тәрбиеге қатысты кей кемшілігін түзеуге уақыт пен күш керек. Сондықтан да ұлттың ұлы керуенін жалғайтын, көшін көрікті ететін өскелең ұрпаққа ерекше мән беруіміз қажет. Бұл елдің, ата-ана мен ұстаздың, біздің ғана мойындағы міндет емес, тұтас адамзаттық, дегдар ұлттың борышы дер едім.
Назира РАЗИЕВА,
№12 орта мектептің әдеп-құқық жөніндегі менторы