Егер қазақстандық азамат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) 50 миллион теңге жинаса, болашақта ол ай сайын шамамен 350 мың теңге зейнетақы ала алады. Бұл туралы БЖЗҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов мәлімдеді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Брифинг барысында журналистер спикерден қазіргі 30 жастағы азаматтар болашақта қандай көлемде зейнетақы алатынын сұрады. Шәріпов нақты есептеу әр адамның еңбек өтілі мен ай сайынғы жарна көлеміне байланысты екенін атап өтті. Дегенмен, ол болжалды есеппен түсіндіріп беруге тырысты.
– Егер салымшының зейнетақы жинағы 5 миллион теңгені құраса, ол БЖЗҚ-дан айына 32 мың теңге көлемінде төлем ала алады. Ал 50 миллион теңге жинаған азаматқа шамамен 350 мың теңге зейнетақы төленуі мүмкін. Бұл – шамамен есептелген болжам. Қордағы қаражат жыл сайын 6,5% мөлшерінде инвестициялық табыспен көбейтіледі. Сонымен қатар мемлекет жыл сайын оны 5% инфляцияға сай индекстейді, – деді Шәріпов.
Зейнетақы көлемі неге байланысты?
БЖЗҚ өкілі болашақ зейнетақыны есептеу әр азаматтың өз жауапкершілігінде екенін еске салды. Төленетін жарнаның мөлшері мен жиілігі шешуші рөл атқарады.
– Кейбір жеке кәсіпкерлер зейнетақы жарналарын жылына бір-екі рет ғана төлейді. Ал заң бойынша жарналар ай сайын төленуі тиіс. Бұл – еңбек өтілі ретінде есептелетін маңызды көрсеткіш, – деді ол.
Зейнетақының құрылымы қалай өзгереді?
Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов қазақстандықтардың зейнетақысы бірнеше бөліктен тұратынын еске салды. Олар:
-
Мемлекеттік базалық және ынтымақты зейнетақы төлемдері;
-
Жеке азаматтың БЖЗҚ-ға аударған міндетті жарналары;
-
2024 жылдан бастап енгізілген жұмыс беруші тарапынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары.
Тұрсынхановтың айтуынша, жұмыс беруші жарналары 2028 жылға қарай 5%-ға дейін өсіп, болашақ зейнеткерлердің зейнетақысының орнын толтыруға сеп болады.
– Бұл жарналар, әсіресе, 1998 жылдан кейін еңбек нарығына қосылған азаматтарға маңызды. Себебі олар ынтымақты зейнетақы алмайды. Жаңа жүйе зейнетақы кірісін еңбекке жарамсыз кезде орташа табыстың 40%-ына дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деді ол.
БЖЗҚ активтерінің соңғы 10 жылдағы орташа табыстылығы – 1,16%. Ұлттық банк бұл көрсеткішті 2%-ға жеткізу үшін қор қаражатын табысы жоғары, бірақ тәуекелі де көп қаржы құралдарына инвестициялауды көздеп отыр.
– БЖЗҚ-дағы қаражаттың 40%-дан астамы – инвестициялық кіріс. Мысалы, егер азамат 5 миллион теңге жинаса, Ұлттық банк түрлі инвестициялар арқылы оған қосымша 4 миллион теңге табыс әкеледі, – деп нақтылады Мұрат Шәріпов.
Фото: Dauletten.kz