ОППОЗИЦИОНЕРДІҢ АТЫНДА
Алматымен Манила арасы он сағаттан асты (ортада Гуанчжоудағы үзіліс бар). Филиппин астанасындағы 50 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсететін Азиядағы 17-ші және әлем бойынша 38-ші ірі жүктемелі Ниной Акино халықаралық әуежайынан түсе салған бетте мұхиттың жылы лебі есті. Ылғалды әрі ыстық ауа райы. Еліміздегі уақытпен салыстырғанда 3 сағат алдыда. Бастапқы күндері осы уақыт тәртібіне үйрене алмай жай жатып, жай тұрып жүрдік. Бірден байқағанымыз – тынымсыз, еңбексүйгіш халық екені, жүріс-тұрыстарынан аңғарылып тұрады. Ал әуежайдан түскеннен бастап басын изей сәлемдесе, жылы жүзбен күлімсірей қарайды. Эмоциясын жасырмай сөйлеп, қимыл-қозғалысты да іске қосады.
Филиппинде танысқан досым Брайль Гомес өз елінің жетістігінен бөлек, қонақжайлылығын, іскерлігін айтты. Медицина мамандары көп және олар елде тұрақтап қалмай шетелде сұранысқа ие екендігіде тілге тиек етті. Негізгі тілдері филиппин мен ағылшын болғандықтан оларға өзге елде өріс кең. Досыма қойған бірінші сұрақ: «Ниной Акино кім және әуежайға қандай қатысы бар?». «Нино Акино – саясаткер. Оппозициялық бағытта жұмыс істеген. Ал ол елге АҚШ-тағы қуғыннан оралғанда әуежайда қастандықпен өлтірілген. Қайтыс болғаннан кейінгі 3 жылда «Халық күші» революциясы орын алып, Нино Акиноның зайыбы Корасон Акино Президент болды. Әуежайдың ішінде оның қаза тапқан жерінде бүгінде ескерткіш тақта орнатылған», – деді ол.
Қайда барсаң құрақ ұшып, жылы қарсы алатын филиппиндіктер. Көңілім түскендерге елден ала барған «Қазақстан» шоколадын ұсынамын, ал олар болса дереу телефонын ашып интернеттегі аудармадан «Рақмет сізге!» деген жазбаны көрсетіп, кириллицаны оқуға тырысады. Бір-екі сөз үйретіп те қойдым. Оған өзім де, олар да мәз.
ҚАПЫРЫҚ
Филиппинге сапар шекпес бұрын интернет арқылы «барлау» жүргіздім. «Қандай ел, уақыт болып жатса қай жерлерге баруға болады?» деген сауал бойынша іздеу салып, нәтижесіндегі көңілге қонымдыларын қойындәптерге түртіп алдым. Сәуірдің басында Негрос аралында орналасқан Канлаон жанартауы бірнеше рет атқылап, елде төтенше жағдай енгізілген болатын. «Шектеу қоя ма?» дегенде қорқыныш болды. Алайда артынша жаңбыр жауып, жағдай қалыпқа түсті.
Тропикалық ел болғандықтан дәл қазір Филиппинде құрғақ маусым. Күн ыстық. Тек маусымнан қарашаға дейін жаңбырмен дауылдан тұратын ылғалды кезең басталады. Ауа райының кей құбылысы Алматыға ұқсайды. Ашық аспанда күн шыға тұра жаңбырлатып өтуі мүмкін, болмаса керісінше. Бірақ Филиппиндегі қарбалас саябырсыған сәтті көрген жоқпын.
Кез келген ғимаратқа кірсеңіз желдеткіш, кондиционерлер орнатылған. Олардың күші де барынша суытып тұр. Алғашқы келген күні сауда үйінде жөн сұрағанда көмектескен Райан Оплас есімді күзетшімен келесі күні тағы да әңгімелестік. «Филиппин мен ойлағандай емес, зәулім ғимараттар көп, әсем жерлер баршылық екен» деп едім, сәл жымиып: «Еліміз даму жолынан ажыраған емес. Биылғы халық санағы бойынша 116 миллионнан астық. Келіп жатқандардан білімін жетілдіріп, мықты маман болып кетіп жатқандар көп. Отбасын асыраймын дегендерге жұмыс табылады», – деді.
Филиппиндіктер еңбек жолында аянып қалмайды. Бойлары да аса еңселі болмағанымен, тығыршықтай келген, қимылға жылдам, іске епті.
БЕЙРЕСМИ БЕЛГІ
Елге Филиппиннен естелік заттар алар тұста түрлі белгілерге жолықтық. Брелоктардан жағажай, бамбуктың бейнелерін байқауға болады. Ал көп белгіден джипни көлігін кезіктірдік. Брайль да «Бұл Филиппиннің бейресми белгісі» деп айтты. Қоғамдық көліктердің рөлін де атқаратын машиналардың сыртында жарқын, түрлі түсті суреттер, ұрандар, отбасылық есімдер жазылып немесе танымал тұлғалар бейнеленеді. Әр джипни – жеке тарих іспеттес. Көз алдыңда мінгесіп алып кетіп бара жатады. Ішіне оннан астам адам сыйса, артқы баспалдақтың өзінде 4-5 адам тұрады. Бүгінде Үкімет экологиялық талаптарға сай жаңа электрлі джипнилерді қолданысқа шығарып жатыр. Алайда классикалық джипнилер халықтың жүрегінен ерекше орын алған. Джипнидің қызметіне жүгінетіндер әлі де баршылық. Қала ішінде және сыртында жеңіл әрі жылдам. Көңілді джипнилерді де жолықтыруға болады. Көшеде әуеннің даусын барынша шығарып, қасынан өткен әр жанға көңіл-күй сыйлап бара жатқандай әсер қалдырады.
Джипнилерден бөлек, трициклдерді де көптеп жолықтыруға болады. Сабылысқан көшеде олардың да ащы дауысы жүйкеңе тиетіні де бар. Бір-біріне мінгесе отырғандар қашан көрсең асығыс. Мотоциклге тіркелген жолаушылар кабинасы бар көлікті кейде «мото-такси» деп те атайды. Мыңдаған филиппиндік трицикл жүргізуші есебінде күн көреді. Бұл – шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтудың негізгі түрлерінің бірі. Кейінгі кезде үкімет экологиялық таза этрициклдерін енгізуге күш жұмсап жатыр.
АЛҒАШҚЫ САУДА ОРТАЛЫҒЫ
Тынық мұхитында орналасқан аралдардан құралатын мемлекеттің негізгі өнімдері де мұхитпен тікелей байланысты. Балықтардың түр-түрін алдыңа жайып тастап, осыған дейін көрмеген тағамдарын да ризашылықпен ұсынады. «Мынау тунец, ал мынау сардина, бұл филиппиннің ұлттық балығы саналатын бангус, ал мынау тилапия» деп «балықтарыңды көрейік» дегенде дастарқанды жайнатып жіберген Брайль досым. Бұл жақта ащыны да, тәттіні де жақсылап жасайды екен.
Таңғалдырғаны – «Inihaw na Isda» (көмірде қуырылған балық) пен «Kinilaw na Isda» (лимон немесе сірке суымен маринадталған шикілеу балық) деп аталатын балық өнімдері болды. Дәмі де басқа, түрі де өзгеше. Ал тәттілерінен «Halo-Halo» балмұздағына жетер ештеңе жоқ.
Филиппиндіктер ағаштан ойып-жонып, құрастырып бұйым жасаудың шебері. Бұл филипиндіктердің атасынан баласына берілетін мұрасындай. Олардың тұрмысында, сенімінде ағаштың рөлі жоғары. Бамбук пен ротангтан жиһаздар, себет, шатыр, қабырғалар жасаса, abaca-ның талшығынан мата тоқып, арқан еседі.
Дәл осы көріністердің бәрін бір жерден көруге де болады. Кесон қаласына қарасты Кубао ауданындағы General Romulo Avenue көшесіндегі Филиппиндегі алғашқы сауда орталықтарының бірі болған Ali Mall-да құнды жәдігерлерді көріп, заман ағымымен күнелтіп жатқан жандарды да жолықтырасың. Garapata store дүкенінен түрлі заттар мен бұйымдарды тамашаладық. Ал Habanero-дан (Kitchen Bar) Филиппиннің дәмі тіл үйіретін тағамдарынан дәм татса болады.
Әр ел – өзінше бір әлем. Бір апта Филиппиннің мәдениетін танып, олардың тұрмысына қанық болуға аздық етеді. Филиппиндегі туризм саласы бір жолға қойылған. Сондықтан да бұл жерден көп туристерді жолықтыруға болады. Даму ісін бір мезет тоқтатпаған елдің салыстырмалы түрде көп мемлекеттен көш ілгері екендігіне көз жетті. Әр туристке құрметпен қарап, жол көрсетіп болмаса кеңес беруге даяр тұрады. Испан жазушы Хосе Рисаль өзінің поэзиясында Филиппиннің табиғи сұлулығына, бай биоалуантүрлілігін және стратегиялық орналасуына байланысты «Азияның інжу-маржаны» деп қоландаған. Жеті мыңнан астам аралдан тұрғандықтан «Архипелаг мемлекет» немесе жасыл желекке оралған көріністері үшін «Тропикалық жұмақ» деп те атайды. Ал мен адамдардың қарым-қатынасы мен олардың бір-бірін құрметтеуін көріп «мейірімділер мекені» деп атадым.
Серік ҚАНТАЙ
Филиппин сапарынан