Бала құқығы туралы сөз болғанда көбіміз заңды, мемлекеттік бағдарламаларды немесе жауапты мекемелерді еске аламыз. Алайда кез келген заңның шынайы құндылығы оның өмірде қалай орындалатынымен өлшенеді. Бала өзін қауіпсіз сезіне ме, оның дауысы естіле ме, құқығы қорғала ма? Міне, осы сауалдардың жауабы қоғамның өркениеттілік деңгейін айқындайды. Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңес дәл осы мәселелерді жан-жақты саралауға арналды.
Балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қорғаншылық пен қамқоршылық органдарының жұмысын жаңа деңгейге көтеру жолдары талқыланған жиынға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина, облыстық басқармалар, құқық қорғау органдары, прокуратура, сот жүйесі, білім және денсаулық сақтау саласының өкілдері, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы баланың құқығын қорғау мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін, олардың қауіпсіз ортада өмір сүріп, сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың басым ба-ғыттарының бірі екенін айтты. Сондықтан бұл саладағы жұмыстар нақты нәтижеге бағытталып, барлық жауапты мекеменің үйлесімді әрекетімен жүзеге асырылуы тиіс.
Негізгі баяндаманы облыстық Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Абылай Құлтұрсынов жасап, жаңадан құрылған басқарманың негізгі міндеттері мен алдағы жұмыс бағыттарына тоқталды. Айтуынша, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты өңірлік деңгейде тиімді іске асыру, жауапты мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды ұйымдастыру басқарманың басты мақсаты.
Жиынға бейнебайланыс арқылы қатысқан ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина бүгінгі таңда балалардың құқықтарын қорғау ісіндегі ең маңызды мәселенің бірі – мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы екенін тілге тиек етіп, қандай да бір балаға қатысты мәселе туындағанда әр мекеме өз бетінше әрекет етпеуі тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, ақпараттың уақытылы берілуі, бірлескен шешім қабылдау және нақты жауапкершіліктің бөлінуі ғана нәтижелі жұмысқа жол ашады.
Келелі жиын қорытындысында білім, денсаулық сақтау басқармаларына, полиция департаментіне, аудан және қала әкімдіктеріне нақты міндеттер жүктелді. Атап айтқанда, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысына мониторинг жүргізу, балалар арасындағы құқық- бұзушылықтың алдын алу, профилактикалық шараларды күшейту, медициналық ұйымдар арқылы қауіп тобындағы балаларды ерте анықтау, ата-аналармен жұмысты жүйелеу және барлық тапсырманың орындалуын тұрақты талдап отыру міндеттелді.
Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов бұл тапсырмалар есеп үшін емес, нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс екенін де тілге тиек етті. Айтқандай-ақ, статистиканың әр санының соңында бір баланың тағдыры, бір отбасының өмірі тұр. Ал бала қауіпсіз ортада өсіп, өз ойын еркін айтып, қолдау көрген жағдайда ғана оның болашағы жарқын болады.
Сарби ӘЙТЕНОВА





