Сала мамандарының айтуынша, қазір аймақта жазғы шомылу маусымы басталған. Сол үшін сақтық ауадай қажет. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жас жеткіншектерге төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігін, сондай-ақ, от пен судан қорғану тәртібін үйрету арқылы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Осы орайда сабақтар дәстүрлі лекция түрінде емес, қызықты ойындар мен жарыстар түрінде жалғасты. Бастама балалардың қызығушылығын арттырып, белсенді қатысуға баурады.
– Мұндай басамалар балалар үшін аса маңызды. Себебі, бұл судағы немесе өрт кезінде болатын түрлі оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Сонымен бірге оларға қалай әрекет етуді үйретеді. Сондықтан мазмұнды кездесулерді алдағы уақытта да жалғастырып, балалардың қауіпсіз әрі қуанышты жазын қамтамасыз етуді көзделуде,– дейді ұйымдастырушылар.
Жаттығу барысында жасөспірімдер құтқарушылардың жауынгерлік киімін киіп, заманауи құтқару техникаларымен танысты. Әрі алғашқы көмек көрсетудің әр түрлі әдістерін үйренді. Бастысы балалар үшін өрт сөндіру кезіндегі су бұрқағы болды. Тосынсый оларға қуаныш пен күлкі сыйлады. Шара соңында эстафета мен байқау жеңімпаздарына естелік медальдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Қатысушылар қауіпсіздік – тек ереже ғана емес, жазғы демалыстың ажырамас бөлігі екенін ұғынды.
Айдын КӘЛІМХАН





