Анар МОЛДАЖАНОВА, ата-ана:
– Бұрынғы үлкендердің «Баламды орысшаға беремін. Сонда жан-жақты білімді болады» деген сөзі жадымда сақталып қалыпты. Екі ұлымды да ойланбастан орыс сыныбына бердім. Бірақ үлкенім тіл меңгеру жағынан әлдеқайда мықты болып шықты. Қазақ, орыс тілінде судай ағып тұр. Сөйлегеніне қарап риза боламын. Ал кенжемнің қазақ тіліне деген беталысы тым төмен. Алтыншы сыныпты тәмамдап, жетінші сыныпқа өтуге дайындалып жатыр. Сыныбында жиырма бес баланың ішіндегі жалғыз қазағы біздің ұл. Бірде қазақ тілі пәнінің мұғалімі төрт шумақ өлең жаттауға беріпті. Жаттау былай тұрсын, қазақша оқи алмайды. «Алабажақ» деген сөзді айта алмай қиналғаны. Содан түнгі сағат екіге дейін өлең жаттап, ертеңіне үште болса күш деп өзіне тиесілі бағаны алыпты. Ал орысшаны орыс балаларынан жақсы біледі. Не болса да аман болсын.
Роза ТӨКЕНОВА, балабақша тәрбиешісі:
– Жақында балабақшаға үш жасар ұлын жетектеген ата-ана келді. Жас отбасы екендері бірден байқалып тұр. Анасы елпелектеп: «Баламды қай топқа бергенім дұрыс? Қазақ тобы жақсы ма әлде орыс па?» – деп сұрақ қойғанда біз таңғалдық. Баласының болашағына бей-жай қарайтын осындай әке-шешелерді түсінбеймін.. Бала да жас шыбық сияқты қалай исең, солай қарай иілуге бейім. Мысалы, бала тілі алғаш шыға бастағанда ата-анасы әсіресе, анасы қай тілде сөйлейді баланың да тілі сол тілде шығады. Біз ол кісілерге қазақ тобын таңдаңыздар деп кеңес бердік. Бір-екі күннен соң орыс тобына ауыстырды. «Қазақша кей сөздерді бала тұрмақ өзіміз де білмейміз. Содан орыс тобына ауыстырдық. Балабақшаны орысша бітірсе, мектепте қазақ сыныбына барады», – дейді. Міне, осындай жауапсыздықтан ертең баланың санасына салмақ түспесіне кім кепіл.
Ұлтым дегендер баласының ана тілінде сөйлемегені үшін намыс отына түсуге дайын болатын еді. Бірінші кейіпкер баласының ана тілінде сөйлей алмағанына тіпті, қынжылмайды да. Әрбірден соң баланың орыс тілді болып ер жеткеніне бірден бір кінәлі – ата-ана. Себебі балабақшаға, мектептке берер кезде таңдау әке-шешеге түседі. Көпшілігі «баламыз орыс тілін білсе жерде қалмайды» деген арзан сөзді желеу ететіні намысқа тиеді. Сонда қазақ тілінде білім алғандар нанын тауып жей алмай жүр ме? Осындай саяз әрі арзан түсініктен арылатын уақыт баяғыда келгенімен біздің қоғамда өмір сүрушілерге әлі де жете қоймаған секілді.
Үлкендер үнемі: «Біз орысша оқыдық. Қайбір жетіскеннен оқыды дейсің. Амалдың жоқтығынан ғой. Сол кездегі саясат ана тілімізді ұмыттыру болды. Бірақ біз ел ұйқыға кеткенде қазақ кітаптарын оқуды ұмытқан жоқпыз», – дейтін сөздері есімізде. Күні бүгінге дейін ол сөздерді жиі естіп те жүрміз. Ал қазір ше? Өз ана тілімізде білім алуымызға, емін-еркін ойымызды бір-бірімізге жеткізуге не кедергі? Өз тілімізде сөйлеуімізге, толыққанды білім алуымыз үшін кесе-көлденең жатқан бөрене бар ма? Әлде мемлекет тарапынан қысым көріп жүрміз бе? Барлық сұрақтың жауабын ЖОҚ деген үш-ақ әріп алмастырып тұр емес пе? Ал біздің соншалықты сағызша созылуымызға тіпті, себеп те жоқ. Тіл білемін, оқимын, үйренемін дегендер үшін барлық жағдай жасалуда. Алайда оны пайдаға асырып жатқан ата-аналардың аздығы көңілге көлеңке ұялатады.
Жақын танысымыздың төрт жасар баласы бір ауыз да қазақшаға жоқ. Орыс тілін жеті атасындай біледі. Анасы орысша сөйлер алдында дұрыс, бұрыстығын тексеріп аламын деп риза. Мейлі, ол жетістік дейік. Бірақ осыдан жетіскен ұрпақ шыға ма? Көршілер, балабақшадағылар: «Баланың тілі қай тілде шығады сол топқа беру керек. Оны шатастырмаңдар. Болашағын ойлаңдар», – деп білгішсініп ақыл айтқан. Өз баласының өмірін өзгенің пікірімен санасып, орыс тобына беріп, бүгінде жеткен биігіне не қуанарын не жыларын білмей мең-зең болған ата-аналар да бар қоғамда. Байқап қарасақ, ол шаңыраққа аттап кіргеннің бәрі бірімен бірі орысшалап амандасады. Енді оқиғаның мән-жайын таразылай беріңіз. Амандық сұраудың өзін өзге тілде айқайлап айтып тұрған ата-ананың дауысын естіген балаға не кінә артуға болады? Бұл біз келтірген бір-екі мысал. Ал білмейтіндеріміз қаншама?
Айтар ауызға, жазар қолға жеңіл болғандықтан айтылар, жазылар, сонымен қазан қақпағы жабылар деп ойлайтындар да бар арамызда. Бірақ осындай қоғамдағы ауыр дертті қаламын серік еткен тілшілер жазбаса, қырағы оқырмандардың көзіне түсіп, ауыздан-ауызға тарамаса біздің АНА ТІЛІМІЗДІҢ БОЛАШАҒЫН ойлап, сол үшін алаңдап шетел асып, көмекке келетін ешкім жоқ. Ұлт болып сақталамыз десек, ұлттық болмысымыздың қаймағын бұзбаймыз десек әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен бала бойына даритын АНА ТІЛІН бірінші үйретуден қашпайық. Сіз не дейсіз ойлы оқырман?
*БАБАЛАР АЙТҚАН АМАНАТ
Орыс тәрбиесін алған бала – ұлт қызметкері бола алмайды.
Жүсіпбек АЙМАУЫТҰЛЫ.
Қазақты – елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетін қайраткер ғана басқаратын болады.
Жанша ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ.
Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын кемел тіл.
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ.
Еңлік КЕНЕБАЙ





