Қазақстанда мектеп оқушыларын тамақтандыру саласына ауқымды бақылау жүйесі енгізіліп жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Еліміздегі білім беру мекемелерінде мемлекет есебінен берілетін тегін ыстық тамақты есепке алу мен қаржыландыру тәртібі қайта қаралуда. Осыған дейін бюджеттен қаражат сыныптағы жалпы бала санына қарай бөлінсе, енді тек нақты асханаға кіріп, тамақтанған оқушылар үшін ғана төленеді. Бұл қадам бюджет қаржысын мақсатты әрі тиімді жұмсауға жол ашады.
Ата-аналар баласының мектеп асханасына барғанын Egov mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» бөлімі арқылы нақты уақытта тексере алады. Ал балалардың тамақ алғанын растау үшін мектептерде мынадай сәйкестендіру әдістері қолданылады:
-
Арнайы QR-код немесе карточка жүйесі;
-
Face ID цифрлық биометриялық сәйкестендіру;
-
Басқа да цифрлық тіркеу тәсілдері.
Асханаға кірмеген бала үшін кәсіпкерге қаражат аударылмайды. Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин бұл жүйенің ашықтықты қамтамасыз етудегі маңызы жоғары екенін атап өтті. Былтыр «Әлеуметтік әмиян» арқылы оқушыларға 149 млн теңгеге тегін ыстық тамақ беріліп, 1,5 млн-нан астам ата-ана цифрлық ваучерді іске қосқан.
Елімізде 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топтағы балалар тегін тамақпен қамтылған. Цифрлық бақылау 1 қыркүйектен бастап барлық білім ошақдарында толық жүзеге асады. Бұл бастама сыбайлас жемқорлық рискілерін азайтып, балалардың денсаулығы мен тамақтану сапасын бақылауға зор септігін тигізеді.




