Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген аталы сөздің астары терең, мәні мазмұнды. Қазіргі уақытта білім көкжиегін кеңейту, жаһандық ғылым-білім үрдісіне сай оқыту, дамыған елдердің сын-тәжірибесінен өткен мазмұнды мектеп бағдарламасын меңгеру секілді дүниелерден бөлек, ұстаздың иығына өскелең ұрпақтың танымы мен тәлімінің терең болуына ықпал ету секілді жүкті де қоса артып қойғанбыз. Бұл ретте кей ата-ана мектеп жасындағы баласының негізгі тұлғалық дамуы тек мектеп шеңберінде болуы тиіс деп ойлайтыны қынжылтады.
Көбіне-көп адам баласы өскен ұяның өміршең тәліміне қарап тұлғалық қасиеттерді бойға жияды. Мәселен, Өскенбай мен Құнанбайдың құнарлы тәрбиесінен, Зере мен Ұлжанның өнегесінен, дала институтының ғажайып әсерінен бала Абайдан дана Абайға жеткен хәкімді алып қарастырсақ та, сол секілді тәрбиенің таза шырыны мен тектік дегдарлықтан тамыр тартқан Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Әлихан Бөкейхан сынды тұлғаларды жіпке тізсек те, адамның әуелгі адамгершілігі отбасынан екенін көреміз. Алайда, бүгінгі кей ата-ана баласын бақылаудан, ұлына ұлағат дәнегін сеуіп, қызының қылығына сәп салудан ерінетінін ашық айта аламыз.
Жазушылар мен журналистердің өміршең тақырыбына айналған өскелең ұрпақ тәрбиесіне негізгі жауапты – ата-ана, одан кейін ұстаз бен өскен орта екені даусыз. Кейде бұл үш тәрбие тетігінің орны ауысып та жатады. Жарайды ауысса-ауыссын, алайда жастарымыз, әсіресе мектеп жасындағы өскіндеріміз өнегелі, ибалы, иманды болса жеткілікті дейміз де?!
Мектеп жасындағы жастардың тәрбиесі мен әдеп-құқықтық сауатын арттыру бағытында әрі бүгінгі күні жиі айтылатын «сапалы қазақ» жасауда біз де барымызды салғымыз келеді. Сол үшін де ментор ретінде мектепте қызмет етудемін. Былтырғы оқу жылынан басталған осынау қызмет барысында көптеген ой түйдім, терең тұжырым жасадым. Соның ең негізгісі ретінде – жастардың уақытын дұрыс қалыпқа келтіру мен оларға өмірлік құндылықтарды ашып көрсету дер едім.
Алдымен, жастардың уақытын дұрыс қалыпқа келтіру дегенге тоқталсақ. Бүгінде уақыт тудырған түрлі зиянды әрекеттер, атап айтқанда лудомания, синтетикалық есірткі, «однаразка» тұтыну секілді дүниелерге балалар тез әуестенеді. Неліктен? Алдымен тәрбиелік бақылау шеңберінен шығып кеткендіктен, екіншіден бос уақыттың көптігінен. Бұл тұрғыдан алғанда жастарды зияткерлік ойын, семинар, мектепішілік түрлі шараларға және мұражай мен тарихи орындарға апару, саяхаттарға шығару арқылы олардың уақытын қалыпқа келтіре аламыз. Мәселен, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрына бір рет бас сұққан, ондағы жақсы қойылымдарды тамашалаған оқушы екінші рет сондай әсерлі дүние көргісі келеді. Сол арқылы өзінің уақытын өнерді тамашалауға, театр тірлігімен қанығуға арнайды. Яғни, бұл жастардың уақытын тиімді өткізудің бір жолы. Ал негізгі уақыты құндылыққа, оқуға, үйренуге бағытталған оқушылар ешқашан ағат баспайды, тәрбие тұрғысынан сын садағына ілікпейді.
Рас, бүгінгі таңда оқушыларға, жалпы жастарға айтылатын сын көп. Алайда, облыс бойынша қолға алынған менторлық жоба өз жемісін беруде деп толық айта аламыз. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп секілді танымал азаматтардың дәрісі, түрлі мазмұндағы шаралар арқылы, оқу орындары мен тарихи жерлерге саяхат нәтижесінде оқушылардың рухани деңгейі көтерілгендей көрінеді. «Кейде, зияткерлік ойын, тағылымды дәріс қашан болады?» деп сұрап жататындар бар. Міне, осындай дүниелер бізді қуантады. Десе де жоғарыда атап өткеніміздей, жастардың тәрбиесі тұтас қоғамға ортақ борыш екенін ұмытпағанымыз жөн деп санаймын.
Дәулет САҒЫНАЙ,
Барлыбек Сырттанұлы атындағы №25 орта мектеп менторы