«Осынау шексіз-шетсіз әлемде – ұшы-қиырсыз ғарыш кеңістігінде өмір кешіп жатқан саналы тіршілік иелері біз ғанамыз ба, ал егер он сегіз мың ғаламның өзге бір түкпірлерінде бізден басқа да өркениет пайда болса ондай бауырларымыз қайда?» деген сұрақ адамзат баласын ғасырлар бойы толғандырып келеді. Күн жүйесінде «3I/ATLAS» деп аталатын жұлдызаралық жұмбақ нысан пайда болғалы бері бұл сұрақтың өзектілігі бұрынғыдан да арта түскендей.
Жұлдызаралық нысандар жиіледі
Ең алдымен «жұлдызаралық нысан» түсінігіне тоқтала кетейік. Ғалымдар бұл қатарға өзіміздің Күн жүйесінен тыс қиыр шеттерде пайда болып, қазіргі уақытта сол жүйені көктей өтіп бара жатқан аспан денелерін жатқызады. Астрономдар мөлшері ондаған метрден бастап әлденеше километрге дейінгі аралықта болуы ықтимал мұндай нысандардың көптігін тіпті де жоққа шығармайды. Бұл жердегі қиындық олар Күн жүйесінің қай түкпірінен және қай уақытта ұшып өтеді, өтіп бара жатқанда көзге шалынар аймақта бола ма деген мәселеге ғана келіп тіреледі.
Осы уақытқа дейін мұндай үш нысан тіркелген. Олар ресми түрде Oumuamua, Borisov кометасы, 3I/ATLAS деп аталады.
Ғарыш әлемін зерттейтін ғалымдарды ерекше дүрліктірген, әйтсе де бәрінің ойынан шығатындай шешімі әлі күнге табыла қоймаған Oumuamua (Оумуамуа) (гавай тілінен аударғанда «Қиырдан жеткен барлаушы») жайында бұған дейін де жаздық. 2017 жылғы қазан айында Күн жүйесіне үлкен жылдамдықпен ұшып жеткен (46 км/сек.), бұған дейін белгілі болған аспан денелерінің бірде-біріне ұқсамайтын сигара типтес бұл нысан біздің әлеммен қоштасар сәтте жылдамдығын өз-өзінен үдетіп, ғарыш өлшемімен алып қарағанда көзді ашып-жұмғандай қысқа мерзімде көзден ғайып болды.
Екінші нысан – әуесқой астроном Геннадий Борисов 2019 жылғы 30 тамызда тіркеген «Borisov (Борисов) кометасы» ондай көп талас тудыра қоймады. Жұлдызаралық деген аты болмаса оның көп кометалардан өзгеше айырмашылығы байқалған жоқ.
Биылғы жылдың 1 шілдесінде ATLAS телескопы (Жерге жақындау қаупі жоғары астероидтар мен кометаларды іздестіруге арналған телескоптардың автоматтандырылған жүйесі) өзгеше кометаны байқап, Шағын планеталар орталығы оны 3I/ATLAS (немесе A11pl3Z) деп атады. Бұл жердегі «3I» саны зерттеу тарихындағы осындай үшінші нысан деген мағынаны білдіреді.
3I/ATLAS несімен өзгеше?
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Күн жүйесін көктей өтіп келе жатқан жұлдызаралық жұмбақ нысан 3I/ATLAS бұған дейін бізге белгілі болған физикалық заңдардың көпшілігін сақтай қоймайтынын байқатты. Ең бастысы, аталған нысанның жылдамдығы (секундына 60-62 км.) кез келген табиғи аспан денесімен салыстыруға келмейтін еді.
Мәселе жылдамдыққа ғана емес, аспан денесінің траекториясына да келіп тірелді. Гравитациялық, яғни тартылыс күшінің әсерінен өзгеріп тұратын орбитамен шын мәнінде бұлғалақтап келе жататын дәстүрлі кометалардай емес, ол бейнебір алдын ала белгіленіп қойылған ұшу жоспарынан – темірқазық бағытынан айнымай тікесінен тартып келе жатқандай әсер қалдырды. Бұл бағыттың белгілі бір аралықта Шолпан, Юпитер мен Марс, Жер тәрізді планеталардың орбиталарымен түйісіп, салыстырмалы түрде алғанда жақындасатыны да таңғалдырмай қоймайтын. Жұмбақ нысанның бұл орайдағы әрбір маневрі, әрбір әрекеті бейберекет ұшудан гөрі арнайы ұйымдастырылған бақылау маршрутына көбірек ұқсайтын.
Мұндай траекторияның кездейсоқ орын алу мүмкіндігі, математика тілімен сөйлейтін болсақ, небары бір процентке де жетпейтін еді (нақтырақ айтатын болсақ 0,005%). Басқа сөзбен айтқанда, мұның өзі бағыңды мың рет сынап көріп, соншама ретте жағымды нәтижеге ғана қол жеткізгенмен бірдей болатын.
Ғажайыптардың қатары мұнымен де аяқтала қоймады. Тағы бір таңғаларлық жайт – Жер ғаламшарына барынша жақындаған кезде жұмбақ нысанның Күннің арғы бетінде қалатындығы белгілі болды. Соған орай Жер бетінің телескоптары нақ осындай қолайлы сәтте нысанды бақылау мүмкіндігінен айрылды. Өз кезегінде мұның өзі де ғарыштық кездейсоқтық па, әлде ең бір сындарды сәтте байқалмай қалудың тәсілі ме дегендей сұрақтар да туындамай қалмады.
Әрине, бұл жерде «Жер ғаламшарына жақындау кезі» дегенді салыстырмалы түрде айтып отырмыз. Шын мәнінде ондай жақындықтың өзі әлденеше ондаған миллион километр қашықтықпен өлшенеді. Мұның өзі өзегінің (ядросының) диаметрі 1 километр болатын алып нысанның Жермен немесе жаңа айтып өткен Шолпан, Юпитер мен Марс секілді планеталармен соқтығысып қалу қаупін мүлдем дерлік жоққа шығарады.
Қолайлы сәтті жіберіп алмау үшін қолда бар мүмкіндіктердің барлығының, соның ішінде заманауи телескоптардың айнасының аталған нысанға бағытталғаны өз-өзінен түсінікті. Заманауи жабдықтардың көмегімен алынған тың деректер ғалымдардың алаңдаушылығын, бұл жерде қобалжушылығын десек те болады, бұрынғыдан да күшейте түсті. Қобалжитындай себеп те бар еді. Олай дейтініміз, аспан денесінің альбедосы, яғни жарықты шағылыстырғыш қасиеті де осыған дейінгі үйреншікті кометаларға ұқсамайтын. Нысан өзінің мөлшеріне (Хаббл телескопынан алынған деректерге қарағанда өзегінің диаметрі 1 километрден аспайды. Тағы бірқатар деректерде ондаған километр делінеді) сай еместей тым жарық болып көрінді. Бейне бір қолдан жасалынған нысандай Күн сәулесін де әр қалыпта шағылыстырды.
Әдеттегі кометалардың соңында газ түйіршіктерінен тұратын «құйрығының», ғылыми тілмен айтқанда комасының болатыны белгілі. Заманауи телескоптар қазіргі кезде осынау газ ағынына да талдау жасап, оның қандай элементтерден тұратынын анықтай алады. Сондай талдаулардың бірі анықталған химиялық элементтердің арасында таза никель барлығын анықтады.
Бұл жерде атап өтетін жайт – табиғатта никель таза күйінде кездеспейді десе де болады. Әдетте темірмен қосарлана жүретін бұл элемент таза күйінде өнеркәсіптік жолмен ғана алынады. Оның нысан комасына қалай тап болғандығы шынымен бас қатыратын жайт.
3I/ATLAS-та алғашында жаңағы айтқан кометаның «құйрығы» – кома да айқын байқалған жоқ. Тек уақыт өте келе, Күнге жақындаған кезде ғана мұз бен шаңнан тұратын шағын кома пайда болды.
Бұл аз десеңіз, түсірілген суреттер жұлдыз- аралық нысанның өз жарығын шығаратынын анықтады. Гарвард астрофизигі Ави Леб жарық көзі нысанның өз ішінде деген қорытындыға келіп отыр. Соған орай ғалым: «Біз мұның өз қуат көзі бар жасанды нысан болуы мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз», – деген сенсациялық мәлімдеме жасады.
Шынымен ғарыш кемесі ме?
Жаңағыдай өзгешеліктердің ғалымдарды дүр сілкіндіргені өз-өзінен түсінікті. Олардың басым бөлігі әдеттегідей бәрін жоққа шығаруға тырысса, Ави Леб пен оның пікірлестері бұл өзге бір әлемдегі өркениет өкілдері жіберген бақылаушы, барлаушы зонд, тіпті ғарыш кемесі деген қорытындыға келді. Оның айтуынша, аталған «комета» шын мәнінде өзгеғаламшарлық өркениет өкілдері сондай кометаға ұқсатып әдейі жасаған техника болуы да ықтимал. Оның өз бағытын ара-тұра шамалы болса да түзетіп, нақтылап қоятын қабілеті де күмәнді күшейте түседі.
Ави Лебтің «Жұлдызаралық 3I/ATLAS нысаны өзгеғаламшарлық технологияға жата ма?» атты мақаласы ғалымдардың бұл тақырыпқа қызығушылығын арттыра түсті. Әйтсе де оны зерттеу уақытының да шектеулі екенін айтпай тағы болмайды. Өйткені нысан алдағы қазан мен қараша айлары аралығында Күннің арғы бетіне өтіп, көзімізге шалынбай қалады. 29 қазанда перигелий нүктесіне (Күнге ең жақын қашықтық) жеткеннен кейін бізден бірте-бірте алыстап, қайта оралмас сапарға аттанады. Демек, қосымша мәліметтер жинақтау үшін алдағы бірер аптаны тиімді пайдаланып қалуымыз керек-ақ.
Қалай дегенмен де 29 қазанда көп жайт анықталады. Егер нысан шынымен комета болса Күн қызуымен ондағы газдану мөлшері барынша ұлғая түседі. Ал егер кометаға тән белгілер танытпаса, сонымен қатар Күнге барынша жақындаған шақта біз күтпеген маневр жасаса, яғни Күн гравитациясын пайдаланып қозғалтқыштарының тарту күшін арттыра түссе (Оберт маневрі) онда расымен жасанды нысан болғаны.
Осы жерде ғалымдарды бүгінгі күнге дейін таңғалдырып отырған тағы бір жайтты айтып өтпей болмайды. Жарты ғасыр бұрын, нақты айтатын болсақ, 1977 жылы Жер бетінің стансылары Мерген шоқжұлдызынан келіп жеткен атақты «Wow!» (қазақша мағынасы ғажайып, керемет!) радиодабылын қабылдаған болатын. Сол кезден бері ғалымдар бұл ғарыш шуы ма, әлде саналы тіршілік иелері жіберген арнайы хабар ма деген күрделі сұраққа бас ауыртып келеді. Олардың көпшілігі бұл теориялық тұрғыдан саналы тіршілік иелері жіберген хабар талаптарына сай келеді деген пікірде. Ал енді жұлдызаралық 3I/ATLAS нысанының траекториясы оның нақ осы Мерген шоқжұлдызы маңынан ұшып шыққанын көрсетіп отыр десек, не айтар едіңіз?.. Ендеше сөз болып отырған нысанның жаңа ғана қарыштап дами бастаған Жербетілік өркениеттің бүгінде қай деңгейде екенін анықтау үшін жіберілген барлаушы зонд болуы да мүмкін ғой.
Бақылаудамыз ба?
Жоғарыда айтып өткеніміздей, 3I/ATLAS Жер бетіндегі, басқа да ғаламшарлардағы тіршілік иелеріне бірден аңғарыла қоймау үшін комета түрінде жасалынған, жаңа дамып келе жатқан өркениеттерді бақылау мақсатымен аттандырылған жұлдызаралық барлаушы болуы әбден мүмкін.
Бұл нұсқа шындыққа сай келетін болса, біздің, яғни адамзат баласының Әлем жайында осыған дейін қалыптасқан пікірі түбірімен өзгереді. Жаңа тұжырымға сәйкес біз ендігі жерде ғаламда болып жатқан жайттарды бақылаушы, зерттеуші емес, шын мәнінде бақылаудағы тіршілік иелері болып шығамыз. Демек, дамыған өркениет өкілдері біздің Әлемнің бір түкпірінде бар екенімізді бұрыннан білген, дамудың қай деңгейіне жетіп қалғанымызды мұқият қадағалап отырған. 3I/ATLAS-ты жібергендегі мақсат та осыған ұқсас – бұлар жұлдызаралық нысанды байқай, анықтай алар ма екен, анықтаса реакциялары қандай болады дегенге саяды.
Әрине, өзгеғаламшарлық өркениет өкілдерінің түпкі мақсаты қандай екенін бірден болжап білу қиын. Бүгінде арамызда жоқ физик-теоретик Стивен Хокинг осыған орай кезінде өзгеғаламшарлық тіршілікпен байланыстың адамзат баласы үшін апатты жағдайда аяқталуы мүмкін екенін де ескертіп кеткен болатын. Атақты ғалым сол үшін де Жер бесігімізде тыныш қана отыруымыз қажеттігін айтып кеткен еді.
Кім білген, белгілі бір дәрежеде ондай қауіп те бар шығар… Әйткенмен Әлемнің әлдебір түкпірлерінде санасы жоғары деңгейде дамыған бауырларымыз шынымен бар болса, олар бізге жамандық ойлай қоймас, тіпті қиын жағдай туындай қалса көмек қолын созар дегенге сенгің келеді. 3I/ATLAS жайлы хабарларды негізінен үлкен үмітпен қарап, бақылап отырғанымыз да сол себептен болар.
Бұл жерде біз аталған жұлдызаралық нысан шынымен ғарыш кемесі, демек басқа әлемдік саналы тіршілік иелерімен байланыс жақын арада орнай қалады деп тұжырымдаудан аулақпыз. Ғалымдардың көпшілігі пайымдап отырғандай 3I/ATLAS-тың шын мәнінде өзге дүниеден келген табиғи нысан болып шығуы да әбден ықтимал. Әйтсе де кім біледі?.. Тылсымы көп көк аспанға тесіле қарап отырғанда көңіліңде осынау ұшы-қиырсыз дүниеде адамзат баласы жалғыз да емес шығар деген үміт те қылаң береді…
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ





