Санақ ҚР Мемлекет Басшысының тапсырмасы негізінде жүргізіледі. Іс-шара онлайн-сауалнама және үй шаруашылықтарын аралау бойынша екі кезең де іске асады.
Онлайн-кезең 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында өтеді. Онда респонденттер санақ парақтарын өз бетінше толтыра алады. 20 қыркүйектен 20 қазан айына дейін интервьюерлер онлайн сауалнамадан өтпеген үй шаруашылықтарына баратын болады. Бұған дейін 1-30 маусым айы аралығында респонденттер тізімін нақтылау үшін өңіріміздің 5 қаласында үй шаруашылықтарын алдын ала аралау жүргізіледі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департамент басшысы Марат Букенов мәлім етті.
– Біз барлық азаматты санаққа белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл жай ғана статистикалық шара емес, бұл – азық-түлік қауіпсіздігі, фермерлерді қолдау және аймақтарды дамыту шешімдерінің негізі. Тек сенімді деректер ғана тиімді мемлекеттік аграрлық саясатты қалыптастыруға көмектеседі, – дейді Марат Буранбекұлы.
Сауалнамаға өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, фермерлік қожалықтар қатысуы тиіс. Сондай-ақ, үй-үйді аралау кезінде жеке қосалқы шаруашылығы, бақшасы, жер учаскесі, мал ұстайтын үй шаруашылықтары туралы сұралады. Санақта аймақтағы 113 мың үй шаруашылығы мен 21 мың ауыл шаруашылығы өндірушілері қамтылмақ. Сауалнама өткізу үшін 200-ден аса интервьюер тартылды.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылады. Кеңес алу үшін азаматтар sanaq.gov.kz сайтында sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне немесе 1446 байланыс орталығына жүгіне алады.
Айгүл Байжұмақызы