Билік бүгіншіл болмауы керек. Қандай қарекетте болса да жоспар ертеңге һәм болашаққа жасалуы тиіс. Бүгінсіз ертең, ертеңсіз болашақ жоқ. Сондықтан қандай маңызды шешім қабылдар алдында бүгінгінің адамы мен ұрпақ үшін жасалғаны абзал. Әсіресе, жер қойнауын пайдалануда кешенді жоспар керек. Кей кәсіпкер топырақ астындағыны игеруде экологиялық талаптарды сақтамайды. Дейтұрғанмен, мұндай олқылықты атқарушы билік емес, қарапайым халық байқап, «үн» шығарады. Елдің сөзі Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен астасып жатқандай: «Жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін». Тек жұрт сөзінің орнына шенеунік не кәсіпкер дегенді ауыстырып оқу керек. Халық талабы – ұрпақ үшін. Шын мәнінде жерастындағы аста-төк байлықты құныға өндіру, қоршаған ортаға аяусыздықпен қарау арқылы ертеңгі ұрпақ жапа шекпеуі керек. Расы сол, қазіргі атқамінерлерге көп дүние керек. Сол көп керектің ішінде «Халық үніне құлақ түре білуі» қажет. Міне, осындай тұщымды ойлар Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың Ескелді ауданы тұрғындарымен кезекті кездесуінде сөз болды.
Сан артқанда сапа тасада қалмасын
Аймақ басшысы ауданға сапарын халық игілігіне пайдалануға берілген әлеуметтік нысандарды аралаудан бастады. Жалпы, өңір бюджетінің 50 пайыздан астамы осы саланы әлеуеттендіруге бағытталғаны белгілі. Нәтижесінде облыс көлемінде медициналық, спорттық, мәдени нысандар көп салынып, ауыл, аудан һәм қала арасын жалғайтын автожолдар қайта жаңғырып, ауыз су, көгілдір отын мәселелері де біржақты шешімін табуда. Соңғы бірер жылдың көлемінде әрбір елді мекенде бір емес, бірнеше құрылыс нысаны жүргізілуде. Бұрын ауыл тұрғындары атқамінерлер келе қалса осындай қажеттіліктің жоғын айтып базыналайтын. Қазір бұл төңіректегі шағымдар мүлдем азайған. Халық қажеттілігі өтелген соң құр байбаламға да салмайды. Дейтұрғанмен, сан көбейген тұста сапа да төмендемеуі тиіс. Құр «ураға» жыртық жамалмайды. Сапаны қадағалау басты назарда болуы тиіс. Облыс әкімі осы мақсатта Ескелді ауданына қарасты Қаратал ауылында пайдалануға берілген қос нысанның жағдайын саралап шықты.
Әуелі Бейбіт Өксікбайұлы жуырда ғана лентасы қиылған Мәдениет үйіне аялдады. Бұл нысанды «Global Construction kz» ЖШС салған. 100 орынды өнерпаздар үйінің құрылысына облыстық бюджет қоржынынан 828 млн. теңге қаражат жұмсалған. Мұнда көрермендер залынан бөлек ауылдық кітапхана, спорт зал, би және шахмат үйірмелеріне арналған бөлмелер қарастырылған. Аймақ басшысы жаңа нысанның сапасына разылығын білдірді. Мұнан кейін Қаратал ауылдық әкімдік ғимаратына да бас сұқты. Бұрын елді мекен әкімшілігі өткен ғасырдың 60-жылдары салынған ескі ғимаратта еңбектенген еді. Тозығы жеткен нысан сүріліп, орнына блокты-модульді әкімдік бой көтерген. Ол үшін бюджеттен 37 млн. теңге жұмсалған. Осы қаржыға «Бигстройсервис» ЖШС 2 айдан астам уақытта аумағы 140 шаршы метр әкімдік ғимаратын салған. Бірар ай бұрын ашылған нысанның сапасына аймақ басшысы оң бағасын берді.
Қабылданған заң көпке сүйеніш
Облыс әкімі әлеуметтік нысандарды аралап болған соң, аудан әкімдігінде қоғамдық қабылдау өткізді. Жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтік мәселелер шешімін тауып жатқан соң, тұрғындарды алаңдатар жайттар да азайыпты. Өйткені, аймақ басшысының жеке қабылдауына бір ғана кісі келді. Қарабұлақ ауылының тұрғыны Анара Мененбаеваның шымбайына батқан мәселе баспана еді. Көп балалы ана қазірдің өзінде үйсіз-күйсіз емес. Аудан әкімдігі «Алтын алқа» иегеріне 2020 жылы жалдамалы тұрғын үй берген. Мемлекеттің меншігін өзінікіндей сезіне алмаған А. Мененбаева тұрып жатқан баспанасын жекешелендіруге жәрдемдесуін сауғалай келіпті.
Бейбіт Өксікбайұлы Мемлекет басшысы биыл 22 қарашада «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойғанын, ол 4-желтоқсанда күшіне енгенін сөз етті. Аталмыш Заң аясында жалға берілген баспананы жекешелендіруге жол ашылған. Айта кететін жайт, осы Заңнын бірқатар бабы ресми жарияланған күннен 6 ай өткенде қолданысқа енгізіледі.
Тұрмыс сапасы тұщымды тірлікпен тіректенбек
Аудан тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев әуелі өңірдің әлеуметтік-экономикалық жай-күйіне тоқталды. Осы жылдың 10 айындағы өсім көңілді тоғайтады. Экономикалық өсім 112,6 пайызға жеткен. Шынын айту керек, бұл – республикадағы жоғарғы көрсеткіш. Мұндай нәтижеге жету үшін көп шаруа еңсерілгені белгілі. Әуелі, облысқа жыл басынан бері 327,1 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығында 10 жаңа нысан бой көтеруі үшін 24,4 млрд. инвестиция құйылған. Өңдеу өнеркәсібінде 6 нысан пайдалануға беріліп, жұмыс істеп тұрған 5 нысан толық қуатында жұмыс істеуге көшті. Нәтижесінде өңірде цемент, аккумулятор батареялары, керамика плиткаларын шығару жолға қойылып, құрама жем, күн панельдерінің өндірісі өрістеуде. Осындай етжеңді бастамалар негізінде ауыл шаруашылығында 4,9 пайыз, өнеркәсіпте 3,9 пайыз өсім байқалып, сауда-саттық 1,4 есеге артқан. Облыста жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары да 1,3 есеге өсіп, тұрғын үйді пайдалануға беру де анағұрлым жоғарылаған.
Жоғарыда айтқанымыздай, өңірдегі әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға баса назар аударылған. Бюджеттің қомақты бөлігі осы бағытқа жұмсалуда. Биылдың өзінде жол сапасын жақсартуға қаржы қоржынынан 40,6 млрд. теңге бөлініпті. Осы қаражатқа облыстық деңгейдегі 193 шақырым және 54 елді мекеннің ішкі жолдары жаңаланған.
– Көптен сөз болған Балқаш көліне дейінгі 132 шақырым жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Туристік маусымға дейін толық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Лепсіден Балқаш көлі жағалауына жарық, су және кәріз құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Сонымен қатар, «Талдықорған – Үшарал – Достық» және «Жаркент – Қорғас» автомобиль жолдарына асфальт төселіп, көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Панфилов ауданы Көктал ауылынан Сарыөзекке дейінгі жол келесі жылы жасалып бітеді. Аталған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94%-ға жетеді, – деді облыс әкімі.
Тұрғындардың өмір сапасын жақсартуда газдандырудың да рөлі жоғары. Еске сала кетейік, 2022 жылы Мемлекет басшысы Жетісу өңіріне сапарында көгілдір отынға қолжетімділікті арттыруды тапсырған. Облыс әкімінің сөзінше, тапсырмаға сай табиғи газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жоспарлы жүзеге асуда. Сол жоспарға сай 2028 жылы 624 мың тұрғынды, яғни осынша тұрғыны бар 192 елді мекен көгілдір отынның игілігін көрмек. Қазір 50 елді мекен, ондағы 348,7 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізген. Облыс әкімдігі келер жылы 63 елді мекенге газ желісін тартуды көздеп отыр. Бұл – қазіргі жоспар. Аймақ басшысы зерттеп-зерделеудің, жоспарлаудың нәтижесінде бұл санның өсетінін алға тартып отыр. Сонда өңірдің 500 мыңнан астам тұрғыны табиғи газды пайдаланбақ. Айтпақшы, өңірімізде биыл тамыз айынан бастап ауқымды жоба жүзеге асуда. Ақсу, Сарқан және Алакөл ауданының тұрғындары «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры нәтижесінде бірер жылда көмір жағу тауқыметінен арылады. Бұл ретте Ескелді ауданының бұрын Қапал ауданы құрамында болған, қазір шалғай жатқан бірнеше ауылы да осы игіліктен құралақан қалмайды.
Аграрлы ауданның әлеуеті артуда
Ескелді ауданының негізгі тынысы ауыл шаруашылығында. Демек, аграрлы ауданның дамуына тікелей мұндағы әрбір шаруа жауапты. Дала еңбеккерлерінің маңдай терінің нәтижесінде ауыл шаруашығындағы өсім 110,6 пайызды құрап отыр. Шамамен 73,1 млрд. теңге. Былтыр бұл көрсеткіш 42,2 млрд. теңге болған. Биыл аудан шаруалары 51,8 мың гектарға дән септі. Қант қызылшасынан өзгесі толық жиналған. Қамбаға 59 мың тонна астық құйылды. Орташа өнімділік гектарына 23 центнер. Биыл облыс 13,7 гектарға қант қызылшасын сепкен еді. Жоспарға сай 640 мың тонна тәтті түбір жиналады. Осы көрсеткіштің 164 мың тоннасы Ескелді ауданына тиесілі. Қазір аудан диқандары 117 мың тонна қызылшаны зауытқа өткізген. Аймақ басшысы осындай еселі еңбек етіп жүрген ірі шаруашылықтарға алғысын да жеткізді.
– Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру – бірінші кезекте заманауи агротехнологияларды пайдалануға, ауыспалы егістікті сақтауға, сонымен қатар минералды тыңайтқыштарды дұрыс пайдалануға байланысты. Осы орайда ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге үлес қосып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған «Хильниченко В», «Дюсенбинов А», «Нам Г», «Есімжанов М» шаруа қожалықтарын атап өтуге болады. Бұл қожалықтар көп кешенді бағытта жұмыс жүргізіп келеді, – деді Бейбіт Исабаев.
Аграрлы ауданның шаруаларын көптен алаңдатып жүрген мәселе де жоқ емес. Атқамінерлерге базыналап, ирригациялық желілерді қалпына келтіруге күш салу керегін жиі мінберден көтереді екен. Соның ішінде «Бәйшешек» және «Алмалы» арналарын қайта жаңғырту да бар. Аймақ басшысы қос арнаны 2025 жылы жөнделетінін алға тартып, бюджеттен 832 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінетінін жеткізді. Нәтижесінде аудандағы 531 гектар жер судан тапшылық көрмейді. Су үнемдей жайы да назардан тыс қалып отырған жоқ. Қазірдің өзінде 8 шаруашылық 877 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісін қолдануда.
Ауданда ата кәсіпті ілгерілетуде ауыз толтырып айтар тірлік бар. Өткен 10 айда төрт түлік саны 13 пайызға өскен. Нәтижесінде ет, сүт өндірісі көбейіп, мал бордақылау алаңдарының жүктемесі өткен жылғы көрсеткіштен 1,6 есеге артқан. Мұндай көрсеткішке жетуге қуаттылығы 2350 басқа арналған 9 сүт-тауар фермасы, 1900 басқа арналған 4 мал бордақылау алаңы да өз септігін тигізуде. Оның үстіне төрт түлік шығынын азайтуға барынша ден қойылған. Аудандық ветеринариялық қызметті жақсартуға бюджеттен 314 млн. теңгеге жуық қаражат бөлініпті.
Ескелді өмір сүруге қолайлы аудандар қатарында
Жалпы, өмір сапасын жақсарту үшін таза ауыз суға, көгілдір отынға, электр жарығына, өзге де әлеуметтік қажеттілікке қолжетімділік артуы тиіс. Осы ретте ауданда анадай бір айта қоярлық мәселе жоқ. Әсіресе, ауыз су төңірегінде тек Сырымбет ауылында сиырқұйымшақ тірлік бар. «Монолит» ЖШС 2021 жылдан бері сылбыр қимыл танытуда. Биыл сот шешімімен мердігер «жосықсыз» деп танылып, келісім шарт бұзылған. Серіктес аяқсыз қалдырған жұмыстар келер жылы аяқталады. Аймақ басшысы аудан әкімі Елдос Ахметовке осы жұмысты тиянақты аяқтауды және кез келген мердігердің жұмысын қатаң қадағалауды тапсырды. Жалпы, ауданның 33 елді мекенінің 32-сі орталықтандырылған сумен қамтылған. Ауданның 4 ауылында ескірген ауыз су желісін жаңғыртуға 1,3 млрд. теңге қаралған. Қазір бұл жұмыстар толтық аяқталып отыр. Келер жылы Жалғызағаш, Жаңалық және Ақтасты ауылдарында осындай жұмыстар жүргізілмек. Оған 2,6 млрд. теңге республикалық бюджетке сұраныс берілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай газдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Ауданда 21 елді мекен газдандыруға жатады. Соңғы екі жылда 12 елді мекен желіге қосылған. Қазір 7 ауылда газдандыру жұмысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 5 ауыл көгілдір отынның игілігін көрмек. Қалғаны келер жылға жоспарланған.
Білім саласында да тұщымды тірлік бар. Биыл жөндеуге сұранып тұрған Шымыр және Қоңыр ауылындағы қос мектеп пен М.Байысов ауылындағы балабақша күрделі жөндеуден өтті. Алдабергенов ауылындағы балабақшаға ағымдық жөндеу жүргізілді.
– Өткен кездесулерде уәде еткендей, Ешкіөлмес ауылында 180 орындық және Жаңалық ауылында 120 орындық мектеп салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы жылдың соңына дейін алынып, құрылыс жұмыстарына қаражат қарастырылады. Ал Елтай ауылындағы С.Сейфуллин атындағы және Қарабұлақ орта мектептерін күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайын, сараптамадан өткен. Бұл екі жобаға қаражат 2025 жылы бөлінеді, – деді аймақ басшысы.
Жалпы, ауданда бір жылда 18 әлеуметтік нысан құрылысы жүргізіліпті. Олардың қатарында 8 медициналық нысан, 3 мәдени нысан, 3 спорттық нысан бой көтеруде. Бірсыпыра нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Кемшін дүниелер кеңесіп шешілуде
Ауданда осынша ауқымды тірліктер атқарылғанмен, кері тартып, сиырқұйымшақтыққа салынған жобалар да жоқ емес. 2020-21 жылдары басталып, сақалды құрылысқа айналған Бақтыбай ауылындағы мәдениет үйі мен Қарабұлақ ауылындағы саябақ. Қос құрылыстың мердігері сот шешімі шықса да, жөнді қызмет көрсетпеген. Қарабұлақтағы саябақты «Монолит» ЖШС сот шешімімен 2022 құрылысты аяқтауы тиіс-тін. Әлі қарекетсіз. Аймақ басшысы, келер жылы қос жобаға жаңа мердігер анықтап, нысандарды пайдалануға беруді жүктеді.
Ескелдіде пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтаруда қарымды тірлік бар да, оны аукцион арқылы халыққа табыстауда қарекетсіздік байқалады. Мәселен, соңғы 3 жылда 26,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне өткен. 4 шаруашылықтың 516 гектар жерді мақсатты пайдаланбай жатқаны және анықталған. Оларға бір жылға ескерту берген. Ал, 7,6 гектар жер ғана ауыл шаруашылық айналымына тартылған.
– Жер мәселесі аудан тұрғындары тарапынан жиі көтерілетін өзекті проблеманың бірі. Өткен жылы Қайнарлы, Ақын Сара ауылдарында туындаған жер дауы биыл тұрғындардың талабына сай, облыс араласқаннан кейін ғана шешілді. Ауданда коммерциялық жер учаскелерін табыстау бойынша аукцион мүлдем өткізілмеген. Бұл ретте, аудан әкіміне пайшылардың құқығын қорғауды, жердің мақсатты игерілуін қатаң бақылауды, конкурс және аукцион арқылы жер беру жұмыстарын жандандыруды тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан айтарлықтай мәселе қозғалмады. Есесіне, Әбдікәрім Қаймолдаев Қарабұлақ ауылдық округінің құрамындағы М.Байысов және Шымыр ауылының тұрғындары бірнеше жылдан көтеріп келе жатқан мәселелерінің шешілгені үшін, ауылдағы мектеп, балабақшалардың күрделі жөндеуден өтіп, өзге де әлеуметтік нысандар салынып жатқанына алғаусыз алғысын жеткізді. Облыс әкімі де Ескелді ауданы облыс бойынша әлеуметтік саланы дамытуда үздіктер қатарында екенін жеткізді.
Іс пен нәтиже
Өткен жылғы аудан тұрғындарымен кездесуде 6 мәселе көтерілген еді. Оның 2-еуі шешімін тауып, 1-еуі тиімсіз деп танылған. Қалған 3-еуі бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аудан тұрғыны Ерғали Нұғмановтың өтініші бойынша, жоғарыда айтып өткеніміздей, Матай Байысов ауылындағы балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, тамыз айында қолданысқа берілді. Осы ауылдағы спорт алаңына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Көктөбе ауылының тұрғыны Қарлығаш Нұрбаева ауыл көшелерін жөндеуді және жаңадан медициналық пункт салуды ұсынды. Бүгінде көшелерді жөндеу үшін техникалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өтті. Келер жылы көшелер жөнделеді. Ал жаңадан медициналық пункт орнату бүгінгі күнге тиімсіз деп танылды, себебі ауылда медицина мекемесі бар.
Марат Кашкеновтің Шымыр ауылындағы Абай көшесін жөндеу және жарықтандыруға қатысты өтініші бойынша техникалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың қорытындысы алынды. Бұл көшеге де 2025 жылы жөндеуден өтеді.
Ақын Сара ауылында арық желілерін салу туралы Сейітжан Әділжановтың өтініші бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өтті. Жаңғырту жұмыстары келер жылға жоспарланған.
Дастанбек САДЫҚ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай