Шараға жетісулық кәсіпкерлер де барып, тауарларын көрсетуге, өзге елмен пайдалы байланыс орнатуға мүмкіндік алды. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысып қайтты. Қытай тарапынан 300-ге жуық компания, ал Орталық Азия елдерінен 40-тан аса өндіруші өз тауарларын таныстырды. Келушілерге тоқыма мен тамақ өнімдерінен бастап, робототехника, машина жасау саласына дейінгі өнімдер көрсетілді.
Мысалы, Ақсу ауданынан барған кәсіпкер Нұржанет Ердаулет көрмеде бие мен сиыр сүтінен жасалған сабынды ұсынды. Табысты келіншектің айтуынша, халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шараларға қатысудың маңыздылығы сыртқы нарыққа шығуға жаңа көкжиектер ашады.
Үш күндік көрме аясында панельдік сессиялар, B2B-кездесулер, салалық форумдар өтіп, халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев шараның жергілікті бизнес-қоғамдастық үшін маңызды орын алатынын атап өтті.
– Көрме бизнестің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Кәсіпкерлер үшін бұл өз тауарларын таныстыру ғана емес, сондай-ақ, тұрақты іскерлік байланыстар орнату, инвестиция тарту және жаңа логистикалық шешімдерді зерделеу бағытындағы алаң, – дейді Дәурен Оңалбаев.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері мұндай іс-шаралардың трансшекаралық логистиканы дамыту, инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету және елдер арасындағы тауар айналымын ынталандыруда маңызды рөл атқарады деп есептейді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





