Жетісу жері туризмді дамытуға қолайлы аймақ. Табиғатының сұлулығы да ерекше. Соның ішінде Алакөл көлі көпшілікті таң-тамаша ететін орындардың бірі.
Алыстан менмұндалап жатқан тамаша көл, сондай-ақ, ел туризмінің інжу-маржаны. Көл жағасында Ақши және Көктұма курорттық ауылдары орналасқан. Онда әртүрлі демалыс орындары бар. Соның бірі Ақши кентіндегі көлдің бірінші жағалау сызығында орналасқан «MARSELL Family Resort» курорттық қонақүйі. Кәсіп иесі Соня Триандофилидидің қызметі 2002 жылдан бастау алды. Ол сауда саласында жұмыс істей жүріп бизнестегі бағытын өзгертуді ұйғарды.
Сөйтіп, 2016 жылы дүкенін сатып, демалыс аймағын салу үшін Алакөл ауданынан жер телімін алды. 2018 жылы тұруға арналған 5 корпус салынды, оның ішінде 8 «Family plus» санатындағы 4 корпус, 8 «Standard plus» нөміріндегі 1 корпус және 4 «Family plus» нөмірі бар. Демалыс аймағын кеңейтудің нәтижесінде «MARSELL Family Resort» курорттық қонақүйінің танымалдығы жыл сайын артып келеді.
Бүгінгі таңда Алакөлдегі бұл қонақүй балалары бар отбасылар үшін жайлы демалыс аймағы болып саналады. Мұнда демалушыларға барлық жағдай қарастырылған. Өйткені оның бәрі жобаны әзірлеу кезінде жан-жақты ескерілген. Ол жерде шағын футбол, волейбол ойнайтын спорт алаңдары, бассейн, автокөліктерге арналған қауіпсіз тұрақ орындары бар.
2024 жылы компания «ForteBank» АҚ-дан «MARSELL Family Resort» курорттық қонақүйі қызметін кеңейтуге инвестиция салу арқылы несие алды. Жобаны «Даму» қоры субсидиялау және кепілдік беру құралдары бойынша «Бірыңғай кешенді бағдарлама» шеңберінде қолдады.
Бүгінгі таңда бұл орын бір уақытта 300-ден аса адамды қабылдауға мүмкіндігі жететін заманауи жабдықталған демалыс орталығы. Бірінші жағалау сызығындағы жағажайдан 50 метр қашықтықта орналасқан ерекше жер. Жағалауда демалушылар үшін ыңғайлы шезлонгтар мен қолшатырлар орналастырылған.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Алакөл ауданы





