Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Ұлттық домбыра күнімен қазақстандықтарды құттықтады, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президент өзінің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында домбыраның қазақ халқы үшін айрықша орны бар екенін атап өтті.
– Домбыра – ұлт болмысы, халық қазынасы. «Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер айтылмаған. Әсіресе, өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласы ерекше. Жастар төл мәдениетімізді терең түсініп, салт-дәстүрімізге құрметпен қарайды. Бұл – өте жақсы үрдіс. Өйткені ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – нағыз отаншылдықтың көрінісі. Отанға сүйіспеншілік – мемлекеттілігіміздің темірқазығы. Қазақстан жастарының мұны жақсы түсініп, қолдайтынына ризамын, – деп жазды Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде руханият саласының дамуына мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетілетінін атап өтіп, ұлттық өнерді әлемге танытып жүрген өнерпаздарға алғыс білдірді.
– Мемлекет руханият саласын барынша дамыта береді. Қасиетті қара домбыраның күмбірін бүкіл әлемге паш етіп жүрген азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Дәстүрлі өнердің дүлдүлдері Қайрат Байбосыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері», Айгүл Үлкенбаева мен Айгүл Қосановаға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді. Бұл – ұлттық өнерге көрсетілген құрметтің белгісі, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Қазақстанда Ұлттық домбыра күні шілденің бірінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл мереке 2018 жылдан бастап ресми түрде тойланып келеді.