Талдықорған: +17°C
$ 510.06
€ 566.32
₽ 6.32
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Нұрсұлтандай ер туған, есімің ерек – Діңгегім

17.11.2024
КҮНДЕРЕК
Нұрсұлтандай ер туған, есімің ерек – Діңгегім

Облыс, аудан орталықтары ғана емес, шалғай ауылдармен де жыл он екі ай байланысымыз еш үзілмейді. Жетістігін желпіне жазсақ, кемшілігі кездессе бүгіп қалған жеріміз жоқ. Сын шын болса ғана мін түзеледі. Журналистің айнымас ұстанымы осы. Тырнақ астынан кір іздеп, атымызды шығаруға әуестігіміз де жоқ. «Жауырды жаба тоқып кетуге» тағы болмайды. Бұл жолы Ақсу ауданына қарасты, Отан үшін от кешкен қазақтың қаһарман ұлы Нұрсұлтан Есеболатов ауылдық округін бетке алдық. Бұрынғы Діңгек ауылы. Округ әкімі Берік Нұрахметов арынды Ақсу өзеніндегі өткелден күтіп алып, алдымен су электр сатнсысының жұмысымен таныстырды. Одан кейін қайраткер перзенттерімен, атымтай жомарт азаматтарымен, спорт, өнер саңлақтарымен рухани діңі мықты Діңгек ауылына бардық. Сапарымызды ары қарай рет ретімен баяндайын.

«АДАМ ДЕГЕН АТЫМДЫ БЫЛҒАМАДЫМ» 

Бір ғанамын,
Бар болғаны ұл ғанамын,
Байлауы жоқ, баянсыз, беймаза өмір,
Көп екен шырғалаңың, шырғалаңың.
Көп екен шырғалаңың, бұралаңың,
Жанымды жеп, жүректі тырналадың.
Опасыздар сан саққа жүгіртсе де,
Адам деген атымды былғамадым, – деп жырлаған Жамау Бұхарбай білім алған мектепке  атбасын бұрдық. Мақсатымыз – ақынның асқақ жырымен рухтанып өсіп келе жатқан жеткіншектермен ой бөлісу. Аға буынның қашан да айтары бар ғой, кейінгі толқынның беталысын білгіміз келді. Ұлттық тәрбиемізге сызат түсіп, жас ұрпақтың небір жат қылыққа бой алдырып жатқаны көңіл алаңдатады. Баяғыда не шықса да, қаладан шығады деуші еді. қазір жаман әдет даланы да аралап, ауылдағы баланың да жүрегін жаралап жатқаны рас. тағзым ету.  ауылдағы орта мектепке бастап барды.  Бір кездері өзі білім алып, түлеп ұшқан, қанаты қатайғанда тізгігін ұстап директоры болған, қазыргы ауыл әкімі Берік Тұрсынбайұлы бастаған қонақтар Есеболатов атындағы мектептің алдына келіп тоқтағанда білім ордасының директоры Жаухар Әлімғалиқызы қарсы алды. Ол бірден оқу орнында жасалып жатқан жұмыстармен таныстырды. Мектеп тағылым ордасы екен.  Екінші қабаттағы мол кітап қоры бар кітапхананың өзі бір әлем. Руханият ордасында  «Парасатты азамат» атты кітап бұрышы ашылған. Онда ауылдан шыққан айтулы азаматтардың шығармалары қойылыпты.  Мұндағы кітаптар  ай сайын жаңаланып тұрады. Біз барған кезде   сөреге  Жамау Бұхарбайдың кітаптары мен ақын жайлы мағлұматтар жазылған. Онда  қаламгердің  Сарқан аудандық газетінде редактор болғаны туралы мәлімет беріліп,  «Жерұйық» газетінде жүргенде шығарған мақалалары қойылған. Сарғайған  газеттер тілші қауымның назарын аудартты.  Ақынның келісті келбеті тұрған тұста  «Жанаттым менің», «Пері қызына хат» атты кітаптары орын алған.   Сонымен бірге қазақ тележурналистиксының дарабозы Нұртілеу Иманғалиұлының  телеарна саласы жайлы жазған кітаптары да назар аударпай қоймады. Мұнда сондай-ақ, «Оқуға құштар мектеп», «Тіл – ұлы байлық» бұрыштары қолға тие бермейтін сирек қордағы кітаптарымен таңдай қақтырды.  Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсариннің  көп кездеспейтін баға жетпес байлықтары да осында екен.  Кітапханашы Нұргүл Жырғалованың айтуынша, ауыл  азаматтары  жинаған кітаптарын көптің пайдасына  асырсын, балалардың зердесін ашуға пайдалансын деп осы кітапханаға әкеліп өткізетін көрінеді. Мұнда журналист Мұхаметәлі Қазбанбетовтің  көзінің тірісінде жеке қорынан көптеген кітабын сыйға тартыпты.  Мектептің екінші қабаттағы дәлізде  «Ер есімі – ел есінде» деген бұрыш жасалыпты. Онда  Екінішідүниежүзілік соғысқа ауылдан аттанып, қайтпай қалған  53 арыстың және майданнан аман қайтқан 7 жауынгердің есімі жазылған.  Қабырғада  «Туған жер аңыздары, туған жер жұлдыздары» деген бұрышқа Діңгектен шыққан айтулы азаматтардың  өмірбаяны қойылған. Мұнда Ораз Жұмашев, Мұхаметәлі Қазбанбетов, Жамау Бұхарбай және бүгінгі күнде  облыс әкімінің әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбайдың да шығармалары тұр. Мұны ауылдан шыққан аға буынды насихаттаудың бір үлгісі деп түйдік. «Бейбіт елдің батырлары» деген бұрышта Ауған соғысында қайтыс болған Марат Жиенбаевтің суреті мен ерлігі, оқ пен ортасында жүріп отбасына жазған хаттары, басқа да осы ауылдан соғысқа барған интернационалист жауынгерлердің аты-жөні, ерлігі жазылған. Мектептегі шағын мұражай мол мұрасымен де көңілімізді баурап алды. «Білімнің киелі бесігі» деген бұрышқа аталмыш мектепті басқарған директорлар, осыннан білім алған өмірлері өнеге жандар жайлы мағлұматтар қойылыпты. «Жаныңда жүр жақсы адам» тақтасында білім шаңырағына жәрдемін аямайтын атымтай жомарт азаматтардың есімдері жазылыпты. Мұражайда соғыстан қайтпай қалған боздақтардың отбасына жазған сарғайған хаттары, құжаттары қойылыпты.

Жанымызға рухани  күш сыйлаған мұражайды аралағаннан кейін  Жамау Бұхарбай сыныбында жиналған  оқушылармен кездесу болды.  Мұнда 5-ші сынып пен 11 сынып аралығындағы шығармашылыққа жақын, білімді, белсенді оқушылар жиналыпты.     Балалармен кездесудегі мақсатымыз – Жамау Бұхарбай атындағы сыныпты көріп, құнарлы топырақта өсіп келе жатқан балалармен газет жайлы, ұлтқа қызмет ету жайлы пікіралмасу еді.   Сыныпқа сен тұр, мен атайын деген жанары отты ұл-қыздар жиналған.  Қаламгерлер қауымын жатсынбады. Көздері отты, сөздері жалынды жастар өмірге деген көзқарасымен бөлісіп, алғырлығымен тәнті  етті. Бәсе, Жамау шыққан, Нұртілеу Иманғалиұлы өскен, Мұхаметәлі Қазбанбетов, Ораз Жұмашев атты қарымды қалмагерлер туған, бүгінде ел ағасына айналған Ғабит Тұрсынбайұлы қанаттанған топырақта дүниеге келген балалар осал болмасы анық. Қазекем: «Тақыр жерге шөп шықпайды» дейді. Ендеше, ауылды құнарлы топырақ деуіміздің мәнісі  қалам ұстаған перзентінің көп  шыққанымен байланысты.  Журналистер қауымы  ұлтқа қызмет ету үшін адам өзі тәрбиелі, әдепті, мінезді, иманды болу керек деп ой тастағанда балалар ары қарай  жұлып әкетіп,  ойларын айтып, мақсатымен бөлісті.  «Jetisy»  газетінің бас редакторы  Жұматай Әміреев: «Біздің кезімізде  білімнің ордасы Алматы еді ғой. Алып шаһарға барып, білім алып, мамандық меңгердік. Қазір армандаған адам алты құрылықты аралап келуге болады. Оқуға ынталы оқушыға қай жерден, қандай елден болса да білім алатын орын табылады. Тек білім мен тәрбиеге қос қарашықтарыңдай қарап, қос қанаттарың айналдыра білсеңдер болғаны. Бір кабинетке арнайы аты берілген Жамау ақынды Жетісу жұрты жақсы біледі. Көп жағдайда адамның аты затына лайық болып жатады. Соның бір дәлелі осы ауылдың төл перзенті жамау ақын. Ақын ағамыз бірнеше аудандық газетте, облыстық газетте еңбек етті. Отты жырлары, ойлы мақалаларымен елінің жыртығына жамау бола білді, әлеуметтік мәселелерін шешті. Осындағы әр қайсың Жамау ақынның өлеңдерін жатқа оқуларың керек. Солай еткенде ғана перзентті парыздарыңды өтегендерің.  Мысалы, Қарасаз дегена уылға барсаңыздар, тілі шыққан баладан қариясына дейін  Мұқағалидың өлеңдерін мүдірмей оқиды. Оқушылар өлеңдері былай тұрсын, бірнеше поэмасын бірінен бірі жалғап әкетіп, жатқа айтады. Жамау аталарыңа осындай құрмет көрсетсеңдер жаман адам болмайсыңдар. Ал енді газетке келейікші. Жасыратыны жоқ, қазір газет оқу, кітап оқу қалтарыста қалып барады. Оның орнын алақандай ғана смартфондар мен гаджеттер алмастырды. Бірақ осы құрылғылардан қаншама радияция бөлініп жатыр. Құлағымыздан кіріп, санамызды улап, көзіміздің жанарын құртуда. Осындай жамандығын көре тұра селт етпейміз. Жас ұрпақ түгілі алдыңғы толқын ата-апаларымыздың өзі тик-токер болып барады. Шындығына келгенде газет оқуға көңіл бөліңдер. Газет ұрпақты ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелейді. Ал телефонның зияны шаш етектен. Қазір баланың тілінің шығуы үлкен мәселеге айналды. Жастар дұрыс сөйлей алмайды. Себебі, ғаламтор деген мылқау дүниеге байланып қалған. Қағаз – табиғи өнім. Қағаз арқылы сөз қуаты бойыңызға таралалады.  Әлеуметтік желіні ашсаң мұғалімнің жағасынан алған балаларды көріп жағаңды ұстайсың. Біздің  кезде мұғалім «әке-шешеңе айтамын» десе зәреміз ұшатын.  Себебі, ата-анамыз мұғалімді жақтайтын. Алаш арысы Мағжан Жұмабаев атамыз: «Алаш баласы бас қосқан жерде – төр мұғалімдікі» деген. Яғни, ұстазды сыйлаңдар. Газет тек ақпарат қана тарататын құрылғы емес. Басылым бетінде барлық тақырыпты қозғаймыз. Көкейкесті мәселе шешімін табуға көмектесеміз. Өздеріңдей оқушыларға да арналған арнайы бетіміз бар. Жазыңдар, ой бөлісіңдер. Ол үшін алдымен білім керек. Білімді болу үшін оқу керек екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан «Jetisy» газетінің оқырманы болыңдар.  Біздің газетте мұғалім мен оқушыға керекті дүниенің бәрі бар. Қазақ жерін қорғаған бабалар біздің жарқын өміріміз үшін шейіт болды.  Енді сендер  де ата-бабамның асыл арманымын ғой, Қазақстанның туын көтерейін, Діңгек деген ауылдың діңгегі болып қағылайын деген ниетте өмір сүріңдер. Жүректеріңде Отан үшін от кешкен Есеболатовтың ұрпағымын деген мақтаныш сезімі тұру керек. Жамау Бұхарбай ағаларың айтқандай, «Адам деген атымды былғамайын» деген мақсатта болашаққа қадам басыңдар, – деген Жұматай Оспанұлының сөзінен кейін оқушылар өз ойларын ортаға салды.  Мектептің  10 сынып оқушысы Аружан Асқарқызы Жамау ақынның

  …Қара жаяу қамығамын жерде мен,

Шындықты іздеп,

Шарқ  ұрамын,

Сенделем…

Жердегінің жалған бәрі – сенбейсің,

Құдайға да құл болмайды сенбеген, – деген өлең жолдарын нақышына келтіре оқып берді. Ол жақсы адам болу үшін  бойға алдымен ар-ұятты, терең тәрбиені сіңіру керек екенін айтты. Әл-Фараби бабамыздың: «Тәрбиесіз берілген білім – адмазаттың қас жауы» дегенін айтып, өз әлінше талдап, түсіндіріп берді. Келесі сөз алған 11 сынып оқушысы Гүлнұр Нұртілеуқызы Жамау Бұхарбайға арнаған «Ақын ағама» деген өлеңін оқыды. Гүлнұрдың өлеңін алдағы уақытта газетіміздің оқушыларға арналған бетінде жариялаймыз.

Білім шаңырағындағы кездесуде жалған ұранға алданбайтын, жалпақшешей әңгімеден ада жастарды көріп, елдің ертеңіне деген сеніміміз нығайды. Басқосуда ардагер ұстаз Молдахмет Сағымбаев сөз алып, жастар тәрбиесіне тоқталды. Ол иманды болып көрінеміз деп жастардың бет ауыздарын тұмшалап алатынына налыды. «Қазақ қызын ибалы қылып өсірген. Келіндері де орамалын тағып, үлкен-кішіге ізет танытып тұрған. Бірақ, орамалды тағудың жөні бар. Әдемілеп, желегей, жүзін ашып таққан. Түгел тұмшалап, қараңғылап тастамаған. Ұлттық тәрбиені қалыптастырғанымыз жөн. Бірақ, соны бұрмалап, әсіредіншілдікке салынып, бет-ауызды жауып  алудың қажеті жоқ», – деді қария. Кездесу барысында газеттен қандай мақала оқығыларың келеді деген сауал тастадық. «Бүгінгі күннің батырлары жайлы, мысалы оттан, судан, басқа да қауіпті жағдайдан адамдарды құтқарған кісілер туралы жазсаңыздар, жастар үлгі алатын еді»,– деді Думан Аңсаған есімді оқушы.  Ал Бәтима Серікқызы: «Жастардың  шығармашылығына көбірек орын берсеңіздер, замандастарымыздың ой-пікірін білгіміз келеді», – деген ұсынысын айтты. Әлбетте,  біз газетте  жастардың жазғандарына ерекше көңіл бөлеміз.  Кездесуде айтқан талап-тілек болашақта да ескеріледі.  Ұлтқа қызмет еткісі келетін кез келген жастың көзқарасы, айтары біз үшін қымбат. Басқосуда Аңсар Омарбай, Сезім Есенбай өз пікірлерін тосылмай айтып, ерекшеленді.

Ұрпақты тәрбиелеу – газеттің басты ұтанымы. Кезінде осы басылымды қалыптастырған Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіровтер ұлтты еңбекқорлыққа, білімге, елжандылыққа тәрбиелеуді басшылыққа алған. Біз солардың жолын, ойын жүзеге асырып келеміз. Шағын ауылдағы алғыр жастардың пікірі бізді де қуантты. Ел ертеңінің сенімді қолда болатынына, жаңа Қазақстанның өз  көзқарасы бар, арбауға көнбейтін жігерлі жастары өсіп келе жатқанына сендік. Дәл Нұртілеу ағаның  дауысындай нық, өткір ойлары тыңдаушыларға бас изетті. Жан-жағына жалтақамай, қысылып-қымтырылмай, кідірмей айтты ойларын. Міне, өз ортасын үлгі  белсенді оқушылар. Олар тәрбиесіз берілген білімнің қауіпті екенін қазірден біліп,  адал еңбек етуге бет түзепті. Темірқазықтары – ар, ұят, сауап, иман, әдеп!

Ағынды Ақсу таратқан жарық сәуле

Арынды  Ақсу өзені адамзатқа  нәр ғана емес, жарық та сыйлауда. Ол тау қарынан бастау алады. Жансүгір ауылының тау бөктерінде орналасқан  Ақсу өзенінің тоспасы «Ақсу ГЭС-і»  арқылы тұрғындарға жарық таратуда. Плотинаның тереңдігі 6-7 метр. Ол жерден байқағанымыз су күшінің ерекшелігі. Тау қарының лебі байқалады судан. «Ақсу» су электр стансысында өндірілген ток «ТАТЭК» акционерлік қоғамына беріледі. Олар  дайын токты елдімекендерге таратады. Электр желісінің реттеушісі Батыржан Егізбаев: «Стансыда жұмыс істегеніме 18 жыл.  «Ақсу ГЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жазда 1,8 МБ ток өндіреді. Қыста судың азаюынан ток алу да төмендейді», – дейді.   ГЭС-те 20 шақты адам жұмыс істейді. Айлықтары 120-130 мың теңге көлемінде.  

НҰР ТІЛЕУЛІ – НҰРТІЛЕУ АҒА

Есеболатов ауылында 2000  тұрғын тұрады. Өсіп келе жатқан өрендер шетінен өнерлі, шығармашылыққа жақын. Олардың тынысын ашу үшін ауылда міндетті түрде мәдениет ошағы болуы тиіс. Балалардың бойындағы қасиетті  шыңдайтын маман керек. Осы мәселенің шешімі де табылыпты. Бұйырса ауылға 180 орынды  Мәдениет үйі мен жапсарлас спорт кешенін салуды бастапты.  Нысанды салуға жұмсалатын қаржы 1млрд. 200 мың теңге республика қоржынынан бөлінген. Құрылыстың учаскелік бригадирі Айбын Нұржанұлының айтуынша, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде қабырғасы қаланып, төбесін жабу жұмыстары басталу алдында. Келесі жылдың мамыр-маусым айларында нысан пайдалануға берілмек. Көктем шыға көгалдандыру, су кіргізу шаралары атқарылмақшы. Бір айта кетерлігі, халық  Мәдениет үйін  Діңгектен шыққан, қарымды қаламгер, тележурналист, қазақтың аяулы ұлы Нұртілеу Иманғалиұлының атына берсек деген бастама көтеруде. Өте орынды ұсыныс. Ел тілегі қалыс қалмас деген ниеттеміз.

«ЖІБЕК ЖОЛЫ»  жолаушыларға жайлы қызмет көрсетеді

Нұрсұлтан Есеболатов ауылының аумағында, Анығы Талдықорған – Өскемен күрежолының бойында «Жібек жолы» деген тойхана ашылыпты. Иесі Берік Көпжасарұлы. Мұнда той залынан бөлек, 100 орынды дәмханасы бар.  Жол жиегінде орналасқан қызмет көрсету орнының аумағы үлкен. Әсіресе,  көлік қоятын орны кең.  Тойхананың жанында жаздық тамақтану орны салынған. Шыжыған ыстықта жолаушылар далада отырып тамақтанып, аяқ-қолын жазып алғанды ұнататын көрінеді. Бұл жерге жазда Алакөлге суға түсіуге бара жатқан туристер, былайғы уақытта ұзақ жолда жүретін жүк көліктері тоқтайды. Берік Көпжасарұлының айтуынша, тамақтану орнының қасынан тұтынушылар талабын орындау мақсатында монша салынуда. Ұзақ жолда жүретін жүргізушілер жуынып-шайынатын орын іздеп келеді екен. Кең, ашық түсті  қызмет көрсету орнына барушылар саны күннен-күнге көбеюде. Енді олар қонақүйді де кеңейтуді жоспарлауда. Кәсіпкер Беріктің «Көпжасар»  атты шаруа қожалығы бар. Қожалық мал шаруашылығымен айналысады. Яғни, тамақтану орнына қажетті азық-түлік пен ет өздерінен. Жол жиегіндегі сервисті қолға алған Берік Көпжасарұлы  алдағы уақытта тойхананың жан-жағын көгалдандырып, демалушылардың тынығуына жан-жақты жағдай жасамақшы.

Гүлжан Тұрсын
Суреттерді түсірген Жұмабай Мұсабеков

Қатысты жаңалықтар

2060 жасөспірім түнгі уақытта көшеде жүрген: Жетісу облысында рейд өтті

2060 жасөспірім түнгі уақытта көшеде жүрген: Жетісу облысында рейд өтті

13.05.2025
Кремль Қазақстанның 70-ке жуық ғалымына Ресейге кіруге тыйым салды

Кремль Қазақстанның 70-ке жуық ғалымына Ресейге кіруге тыйым салды

13.05.2025
Президент Қуаныш Сұлтановқа «Отан» орденін cалтанатты түрде табыстады

Президент Қуаныш Сұлтановқа «Отан» орденін cалтанатты түрде табыстады

13.05.2025
«Азаматтарға арналған үкімет» биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізді

«Азаматтарға арналған үкімет» биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізді

13.05.2025
Мемлекет басшысы Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады

Мемлекет басшысы Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады

13.05.2025

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.