Бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Мемлекеттік қызметшілер күніне орай аталған сала мамандарын құттықтады.
Жиында қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйлеген Бейбіт Исабаев мемлекетке, халыққа қызмет етудің маңыздылығы туралы атап өтіп, өңірді дамытудың негізгі бағыттарына тоқталды.
– Жаңа өзгерістер кезеңінде мемлекеттік қызметшіге артылатын жауапкершілік жүгі үлкен, оны күнделікті жұмыста өздеріңіз де сезініп отырсыздар. Мемлекеттің «адамға бағдарланған» моделін қалыптастыру жолында қолға алынған жаңа қағидаттар бір-бірімен тікелей ұштасып жатыр. Оларды бұлжытпай орындау үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, мемлекеттік қызметшілердің бойында кәсібилік пен отаншылдық қасиеттері болуы тиіс. Сондықтан қай-қайсымыз да осы талап үдесінде қызмет атқаруымыз керек, – деген өңір басшысы осы ретте облыс қайта құрылғаннан бергі 3 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық салаларда қол жеткізген жетістіктер жайлы қысқаша баяндады.
Мәселен, үш жыл бойы аймақ әлеуметтік-экономикалық даму индикаторы бойынша республикада үздік үштіктің ішінде болды. Облысқа 1,2 трлн. теңге инвестиция тартылды. Көп қабатты үйлер мен жеке тұрғын үйлер бой көтерді. Әлеуметтік нысандар жаңарды, елді мекендер газдандырылып, жолдар жөнделді. Транзиттік әлеуеті зор «Талдықорған-Үшарал», «Үшарал-Достық» жолдары пайдалануға беріліп, «Сарыөзек-Көктал» тас жолы, оның ішінде Алтынемел асуының жолы жаңғыртылды. «Жаркент-Көктал», «Жаркент-Қорғас» жолының негізгі учаскелері күрделі жөндеуден өткізілді. 30 жылдай жөндеу көрмеген «Үштөбе-Көпбірлік» автомобиль жолы қалпына келтірілді. Көп жылдар бойы жыр болған Молалыдан Балқаш көліне дейінгі жолдың құрылысы аяқталып, көлік құралдарының жүруі толық қамтамасыз етілді. «Сырт көзге бұл жұмыстардың бәрі өздігінен жасалып жатқандай көрінгенімен, оның артында қаншама тынымсыз еңбек, ерік-жігер, талап пен табандылық жатыр. Кәсіби мереке қарсаңында облысты дамыту жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін бәріңізге ризашылығымды білдіремін», – деді Б. Исабаев.
Әкім жастарды мемлекеттік қызметке тартудың маңызына да назар аударды. Өңірде жоғары оқу орындарында грантта оқып, үздік бітірген түлектерді мемлекеттік қызметке конкурстан тыс қабылдау тетігі жұмыс істейді. Осы бағдарлама бойынша өткен жылдан бастап қызметшілер қатарына 24 жас маман қосылған. Сонымен қатар жыл басынан бері облыстың барлық атқарушы органдарында eqyzmet.gov.kz порталы арқылы «адам факторынсыз» іріктеудің жаңа жүйесі енгізілді.
Өңір басшысы ашықтық, адалдық және кәсіби даярлық кадрлық саясаттағы басты алғышарттар екенін, өңірде меритократия қағидаты 70% деңгейінде қалыптасқанын атап өтті. Бұл ретте әкімдікте жұмыс істейтіндердің арасында шетелдік білімі бар, ғылыми дәрежесі бар қызметкерлер, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері, сондай-ақ Президенттік кадр резервінің қатысушылары бар. «Жан-жақты білімді, креативті ойлай алатын жастардың мемлекеттік қызмет ісіне оң ықпалын тигізетіні анық», — деген Б. Исабаев сөзінің соңында білім мен тәжірибеге қоса әрбір қызметші өзінің кәсіби-тұлғалық болмысын үнемі дамытып отыруы керектігін айтып, қарапайымдылық қағидатымен өмір сүретін адал қызметші, кәсіби білікті маман, патриот азамат қана мемлекетті алға жылжытатынын атап өтті.
Осы күні мемлекеттік қызметте жолын енді бастаған жас мамандар Еділ Орымбеков, Дастан Құдайберген, Айдана Арин Отанға, Конституцияға және Қазақстан халқына адал болуға ант берді.
– Бұған дейін екі жыл Балқаш қаласындағы әскери бөлімде екі жыл қызмет еттім. Содан кейін туған жеріме оралып, қазір Сарқан ауданы Черкасск ауылдық округі әкімдігінде жетекші маман болып жұмысқа орналастым. Туған жеріме адал қызмет етуді парызым деп санаймын, осы жолда өзімнің бар білімімді жұмсаймын деп сендіргім келеді, – дейді Е. Орымбеков.
Бұдан соң мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етіп келе жатқан бірқатар азаматқа марапаттар тапсырылды. Соның ішінде аудан-қала әкімдіктерінің, облыстық басқармалардың, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері «Үздік мемлекеттік қызметші», «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілерімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мемлекеттік қызметте 29 жыл еңбек өтілі бар Айнагүл Қонысбекова да «Мемлекеттік қызмет ардагері» атанғандар қатарында.
– Алғаш еңбек жолымды Қаратал ауданы Байшегір ауылында ауыл әкімінің хатшысы болып бастаған едім. Ұзақ жылдан бері осы ауылдық округ әкімдігінің бас маманы ретінде ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға үлес қосып келемін. Мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа талаптарңа сай жұмыс істеп, оңды өзгерістерден тыс қалмаймыз. Жас мамандарға, әріптестеріме тәлімгер болып, білгенімді үнемі үйретіп отырамын. Бүгін, міне, «Мелекеттік қызметтің ардагері» атанып отырмын. Еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын, – деді А. Қонысбекова.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі