Көрдік. Езуімізге әдемі күлкі үйірдік. Әлгі арзан әзіл-қалжыңға құрылған шоулардағы мәнсіз, мағынасыз күлкі емес. Абай атамның «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» дегеніндегі «қымбат күлкі». Арасында көңіл толқыды, жүрек тебіренді. «Өмір шындығын көрсетеміз» деген желеумен мақсаты табыс табуға арналған, әдепсіз әзілдерге құрылған жыртың-тыртың дүние емес, санаға қорғасындай салмақты ой салған туынды болды. Жасыратыны жоқ, өткен жылды айтпағанның өзінде биыл экранға жол тартқан қайбір фильмдерден көш ілгері, көш ілгері деймін-ау, талайын шаң қаптырып кететін көркем фильм екені даусыз. Бұл жалғыз менің ойым емес, сол күні киноны тамашалаған көрерменнің тамсана айтқан пікірі де осы ауанда өрбіді. Сөзімнің әлқиссасынан жұмбақтап айтып келе жатқан дүние режиссер Ерлан Ошақбаевтың «ҰСТАЗ» фильмі еді. Идея авторы – Бейсен Құранбек. Сценарийін жазған – Гүлмира Қадырқызы.
Бұл фильм туралы сөз қозғағанда идея авторы Бейсағамды, қазақтың Бейсен Құранбегін айналып өтіп кету, аруақ аттағанмен бірдей болар еді. Себебі «ҰСТАЗДЫҢ» бастау бұлағында ұлт перзенті Бейсағаңның асыл арманы, асқақ мұраты жатыр. Қағазбастылықтан бас алмай, саяси дүрмектен қаша алмай, тоқпағы мықтының қалаған жеріне қадай салатын киізқазығына айналған мұғалім беделі. Әсіресе, ауылдық жердегі мектеп тағдыры, маман жетіспеушілік, білім берудегі ескі сүрлеу, тәлім-тәрбиені отбасы, ошақ қасынан, әке мен анадан емес, қолындағы смартфоннан алып, алақандай дүниеге басымен кіріп, жіпсіз байланып, содан көрген көргенсіз қылықты бойына сіңіріп, амалына айналдырған санасы саяз оқушы, директордың жоғарыдан келген басшының алдында не десе де «ләпбай» деп бас шұлғып отыра беруі… Осынау шырмауықша бір бірімен шырмалып жалғасып келе жатқан мәселелердің түйінін қалай шешуге болады?..
Мектеп өміріндегі сіресіп қалған үрдісті бұзып жаратын мұзжарғыш кемедей жаңашыл ұстаздың керек екені Бейсағаңды аз мазаламаса керек. Қазіргі қазақ қоғамындағы мектеп өміріне қатысты қордаланып қалған осындай күрмеуі қиын мәселелерді көрсетуді мақсат етіп, қолға алған дүниесі Бейсағаңның ішінде арман күйінде кете барған. «Ізі бардың іздеушісі бар» деген рас екен. Үзілген үміт жалғанып, ағаның асыл арманы орындалды.
Иә, бұл Бейсен Құранбек пен аяулы жары Гүлмира Қадырқызының ортақ туындысы. Асыл азаматтың көзі тірі болса, біз әспеттеп отырғаннанда әсерлі де әдемі дүние өмірге келер-ақ еді. Дегенмен арманы аяқсыз қалмады. Оны Гүлмира жалғады. Яғни, «ҰСТАЗ» фильмінің сценарийін жазып шықты. Отағасының жүрегінде тулап, миында қайнап жатқан дүниені сондайлық дәрежеде жұп-жұмыр етіп жарыққа шығару «АЙТУҒА ОҢАЙ». Бірақ «ҚАРЕКЕТ» жасаған адам берекесін көретінінің куәсі болдық. Құдай қосқан қосағының жүрегіне еккен Бейсағаңның рухани дәні арада бірер жыл салып барып, өз жемісін берді. Аймаңдай азамат өмірден өткенде қазақ қоғамы қара жамылғандай күй кешкен. Бейсекеңмен аралас-құралас, дәмдес-тұздас болғандар ғана емес, телеарнадағы бағдарламадан ғана көріп жүрген қазақ жұртының қабырғасы қайысқан. Ұлт болып жоқтаған Бейсенін жоғалту әкесі мен анасына, бауырлары мен туыстарына, сүйген жары мен қызғалдақ қыздарына оңай болған жоқ. Осындай зіл батпан салмақ жары Гүлмираның да еңсесін біраз уақыт басты. Орнында бардың оңалуы керек екенін сезінген Гүлмира санасына сілкініс жасады. Бейсенінің аманатын орындау үшін қайратына мінді. Өткен қыста Алматының қақ төрінде Бейсен Құранбекке арнаған көшпелі көрмесін жасады. Адал жардың рухына деген қызметі мұнымен тоқтамады. Екеуі оңашада сырласып, ой бөлісіп, кей түндері ұйқыларын ұрлаған идеяны іске асыру үшін Бейсенінің қаламын қолына алды. Қателеспесем Гүлмира Қадырқызы өмірінде бірінші рет киноға сценарий жазып отыр. Және қандай сценарий. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген Алаш арысы, әйгілі Мағжан ақынның аманатын орындаған «ҰСТАЗ» фильмінің сценарийі. Бәлкім басқа адам жазса дәл осындай әсерлі болмас. Өз басым фильмнің өне бойында Бейсағамның әңгімесін тыңдағандай болдым. Оңаша отырып ой бөліскендей күй кештім. Ағалық ақылын естігендей сезіндім. Енді бірде «Айтуға оңайда», бірде «Қарекетте» хабар жүргізіп тұрған жарқын бейнесін елестеттім. Мен ғана емес-ау, дәл осындай күйді Бейсағамды жақсы білетін кез келген адам бастан өткерді-ау сол күні. Бұл нені білдіреді?! Гүлмира ханым мен Бейсағаң осы фильмнің төңірегінде ұзақ сыр бөліскенінің, осы идея келген сәттен жұмыр басында сақтамай, аяулы жармен де сан мәрте талқылағанының жемісі. Тәтті жемісі!
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Талдықорғанда өткен «Ұстаз» фильмінің таныстырылымының дақпырты Астанаға да жетіп, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев режиссер Ерлан Ошақбайды арнайы шақыртты. Бір қауым жұртпен туындыны тамашалағаннан кейін әсерімен бөлісіп, Елорданың төрінде арнайы тұсаукесерін жасап, одан кейін Қазақстанның барлық өңірілерінде көрсетуге ықылас білдіреді. Ұлт перзенті Бейсен Құранбектің осылайша іске асқан идеясы ел игілігіне айналары сөзсіз!
Фильм режиссері Ерлан Ошақбаев інім Бейсағаңның төл шәкірті. Өткен күннен бір белгі айта кетейін. Бұған дейінгі жазбаларымның бірінде Бейсағамның қолдауымен «Жұмадағы жүздесу», «Тақиялы періште» бағдарламасын жүргізгенімді айтқан едім. Ерлан сол бағдарламаның режиссері болды. «Менің режиссерім» дейтінмін. Бір күні Бейсағам қоңырау шалды: «Батыр, бүгін түсте қолың бос па? Сенің режиссерің Ерлан ініміз келін әкеліп жатыр. Қазақтың жолымен үйге енген сәтте бетін ашып, дәстүрімізді жаңғыртып қайтайық. Інімізді де қолдау болсын», – деді. Алып бара жатқан шаруам жоқ, бірден келісіп, түскі мезгілде келін түскен үйге барып, Ерлан ініміздің қуанышын бөлісіп, келіннің бетін ашып, жырдан шашу шашып қайтқан едім. Сол Ерекем Бейсен ұстазымен бірге «О, ЛӘЙЛӘ» фильмін де түсірген. Кино арқылы жыр қағаны Жұматай Жақыпбаевтың есімін бір жаңғыртып кетіп еді. «ҰСТАЗ» фильмі Ерланның екінші қадамы. Ең бастысы Ерлан «аға» аманатын сезінген. Аса ыждағаттылықпен, зор жауапкершілікпен қараған. Тәжірибесі мол кәсіби кино режисерлардан кем дүние жасаған жоқ. Өте сапалы түсірілген. Дыбысы, монтаждауы басқа да кино талабына жауап беретін тұстары шебер қолдан шыққан жұп-жұмыр дүние. Осы үшін Ерлан ініме «арқалағаның алғыс болсын, аға аманатына адалдық танытқан інім» деп ілтипатымды да білдіре кетейін.
Ал «ҰСТАЗ» фильмін жарыққа шығарған арнайы киностудия емес, республика бойынша жеке шаңырағы бар жалғыз телеарна Жетісу облыстық «Жетісу» теле-радио корпорациясы. Арна ішінен ашылған кино бөлімінің еңбегі. Басшылықтың барынша қолдауының нәтижесі. Ал актерларға келсек, режиссер рейтинг үшін деп танымал әртістерді тартпаған. «Ауылдағының аузы сасық» дегізбей, «Қолда бар алтынның қадірін біліп», өзіміздің Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының әртістерін, өнер ордасының ақсақалы Темірбай Кендебайұлы мен театрдың анасы Алмахан Кенжебекова апамның Оқушылар сарайынан ашқан Мұқағали Мақатаев атындағы «Жас актер» поэтикалық театрының мүшелерін, яғни мектеп оқушыларын қатыстырған. Басты роль ҰСТАЗДЫ сомдаған театр актеры Еркебұлан Айдымбаев өнерімен тәнті қылып келе жатқан ерекше дарын иесі ғой. Бұл жолы да сол биіктен көрінді. Бейсағаң күткен ҰСТАЗ осындай-ақ болар. Мектеп директорын сомдаған Абай Нұғыманов, оның әйелі мұғалім Ақмарал Төлеуова, баланы қараусыз қалдырып, ішіп кеткен ананың бейнесін 2-3 минуттық қана эпизодта соншалық шынайы көрсете білген Динара Малайсаринова, зейнетке шығып кетсе де маманның жоқтығынан әлі сабақ беріп жүрген, қажыған мұғалім Алмахан Кенжебековалар ойсарайымызға ой салар дүниені ұсынды. Тіпті, дене тәрбиесі пәніне еңбек сабағын қосымша міңгестіріп алып келе жатқан мұғалімнің ролін дәстүрлі әнші «Мен қазақпын» жобасының жеңімпазы Бейбіт Мұсаев кәсіби актердан кем ойнаған жоқ. Шағын эпизодтағы телеарна журналистерінің өзі де актерға бергісіз өнер көрсетті. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, ҚАРЕКЕТ еткен ұжымның жұмысы сәтті аяқталды. Қазақ кино әлеміне «Жетісу» телеарнасы әсері бөлек әдемі туындысын қосты. Таныстырылымда бір жарым сағатқа ыңғайлап алынған нұсқасы көрсетілді. Толық нұсқасы алдағы уақытта «Жетісу» телеарнасынан бес сериалы көркем фильм ретінде халыққа ұсынылады. Қазіргі таңда фильм облыстың барлық аудан қалаларын аралап шықпақ. Пайда табу үшін емес, рухани дүниенің пайдасын ауылдағы ағайын да көрсін деген ниетпен. Өйткені бұл туындының әу бастағы мақсаты, яғни Бейсағамды мазалаған тұсы – ақша табу үшін емес, адам үшін қолға алынған еді. Сол үддеден шықты. Бейсағамның арманы орындалды!
Жұматай ОСПАНҰЛ