Жаркент қаласының ғасыр жасаған тұрғыны Тұран Бақиева өз таңдауын үйінде жасады. Ол дауыс беруді халық бірлігінің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрімен, ұрпақтар сабақтастығымен және Құрылтайдың даналығымен байланыстырды.
Жаркент қаласының 100 жастағы тұрғыны Тұран Бақиева депутаттар сайлауына қатысып, өз азаматтық таңдауын жасады. Денсаулығына байланысты дауыс беру оның үйінде ұйымдастырылды. №322 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері дауыс беру рәсімін заң талаптарына сәйкес өткізді.
Ғасыр жасаған кейуана сайлауға қатысуға өзі ниет білдірген. Ол үшін бұл күнтізбедегі кезекті күн ғана емес, өз пікірін білдіріп, жас сайлаушыларға ақ батасын берудің маңызды мүмкіндігі.
«Бір ғасырға жуық өмір сүру – талай дәуірдің өзгерісін көру, ең басты құндылықтарды бағалай білу деген сөз. Ол – бейбітшілік, татулық пен халқымыздың бірлігі. Өз жерлестеріммен бірге болу мен үшін маңызды. Менің дауысым – балаларымның, немерелерім мен шөберелерімнің жарқын болашағына деген қолдауым», – деді Тұран апа.
Кейуана Құрылтайдың да маңызына тоқталып, оны дала өркениетіндегі қасиетті дәстүрлер мен елдік ойдың жалғасы ретінде бағалады. Оның пікірінше, дәстүрін құрметтеп, адал еңбек пен жасампаздықты жоғары қоятын, ішкі бірлігі берік мемлекет қана мықты әрі тұрақты болмақ.
Тұран Бақиеваның сайлауға белсенді қатысуы мен кейінгі ұрпаққа айтқан ақылы – ұрпақтар сабақтастығының және туған жер тағдырына деген азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.





