Талдықорғанның өнеркәсіптік аймағында күнделікті тіршілігі қыз-қыз қайнаған кәсіпорын бар. Мұнда ауыр техниканың дауысы естіліп, құрылысқа қажетті бұйымдар дайындалады. Бір қарағанда, қарапайым көрінгенімен, осы өнімдердің әрқайсысының соңында көп еңбек, технология және мамандардың тәжірибесі жатыр. Бұл – «ARLAN TDK» ЖШС.
Бүгінде кәсіпорында бетон мен құрылыс бұйымдары шығарылып, өңірдегі құрылыс пен абаттандыру жұмыстарына қажет өнімдерді ұсынады. Аталған өндіріс орнының негізі сонау 2013 жылдан бастау алған. Биыл сәуір айынан бастап өндіріс жаңа кәсіпорын ретінде қайта жанданды. Бұған дейін қалыптасқан өндірістік база, құрал-жабдықтар мен тәжірибелі мамандар сақталып, жұмыс жаңа серпінмен жалғасты. Яғни кәсіпорын дайын өндірісті жай ғана қабылдап алған жоқ, оның бұрынғы тәжірибесін жаңа кезеңнің мүмкіндіктерімен ұштастыруға кірісті. Кәсіпорынның басты артықшылықтарының бірі – тәжірибелі мамандардың сақталуы. Бұрын өндірісте еңбек еткен қызметкерлердің басым бөлігі қазіргі ұжым құрамында да жұмыс істейді.
Олар қалада үй салынғанда, көше абаттандырылғанда немесе жаңа нысан бой көтергенде өздері дайындаған материалдардың пайдаланылатынын және оның негізінде жергілікті өндірістің өнімдері тұрғанын көргенде қуанады. Бұл өндірістің жұмысын жолға қоюға және жинақталған тәжірибені сақтауға мүмкіндік береді. Бүгінде кәсіпорында жиек тастар, поребриктер, кеспе тастар, іргетас және қабырға блоктары, тротуар плиталары секілді құрылыс бұйымдары шығарылады. Дайын өнімдер тұрғын үй құрылысы мен қаланы абаттандыруда кеңінен қолданылады.
Компания директоры Валерий Панның айтуынша, құрылыс материалдарын өндірудің өзіндік қиындықтары бар. Мұнда шикізатты алып, дайын өнім шығарудың өзі жеткіліксіз. Өнімнің сапасы тұрақты болуы керек. Өйткені құрылыс саласында бір ғана сапасыз бұйымның өзі үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан кәсіпорын өндірістегі сапа бақылауына айрықша мән береді. Өнімдер ішкі және сыртқы бақылаудан өтеді, сондай-ақ сәйкестік сертификаттарымен де қамтамасыз етіледі.
Жергілікті өндірістің тағы бір ерекшелігі – өнімнің тұтынушыға жақындығы. Талдықорғандағы құрылыс компаниялары мен жеке тапсырыс берушілер қажетті материалды қаланың өзінен алуға мүмкіндігі бар. Бұл тасымалдау уақытын қысқартып, жергілікті нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Кәсіпорынның дамуына мемлекеттік қолдау да ықпал етуде. Жобаны іске асыру үшін компания «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ға өтініш білдіріп, инвестиция үшін несие алды.
«Іскер Аймақ» кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағдарламасына қатысу қосымша артықшылық болды. Осы бағдарлама шеңберінде «Даму» қоры субсидиялау құралымен несие бойынша пайыздық мөлшерлемені жылдық 12,6% -ға дейін төмендетті, бұл компанияға өндірісті дамытуға, үдерістерді жаңғыртуға және нарықтағы өз орнын қалыптастыруға және қосымша ресурстарды бағыттауға мүмкіндік берді.
Әрине, өндірісті іске қосу – жұмыстың басы ғана. Алда кәсіпорын үшін өнім сапасын тұрақты сақтау, өнім түрлерін көбейту, өндіріс көлемін арттыру және нарықтағы бәсекеге төтеп беру секілді міндеттер тұр. Кәсіпорын алдағы уақытта да өңірді құрылыс саласына қажетті өнімдермен қамтамасыз етуге үлес қосуға күш салады. Өйткені өндіріс – жай ғана ғимарат пен техника емес. Оның соңында еңбек, тәжірибе, жұмыс орны және тұтас аймақтың экономикалық тынысы бар.
Айгүл БАЙБОСЫН





