Биыл мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары қарқынды. Жоспарға сай келер жылы пайдалануға берілмек. Осындай игі бастаманың жүзеге асуын пысықтай келген ҚР Бас прокуроры Берік Асылов пен облыс әкімі Бейбіт Исабаев мектеп іргесіне «Аманат хат» уақыт капсуласын орналастырды.
Салтанатты шарада сөз тізгінін тартқан Берік Ноғайұлы Мемлекет басшысының тапсырмасы арқылы әлеуметтік саладағы кемшін тұстардың қалыпқа келетінін жеткізді. Айтуынша, қазіргі уақытта 1,2 трлн. теңге қайтару шаралары қабылданып, 780 млрд. теңге қайтарылды.
– Ел Президенті өз сөзінде «Мемлекет қаржысын жымқырған жемқорлардан ақша тәркіленіп, мектептер салуға жұмсалуы тиіс», – деген еді. Соған сәйкес жұмыстар атқарып жатырмыз. Жымқырылған қаржыға заманауи жабдықпен қамтылған әлеуметтік нысандар да салынып жатыр. Жетісу өңірінен 10,8 млрд. теңгеге тағы да бюджеттік өтінім түсіп тұр. Алдағы уақытта осы қаржыны да қарастырамыз. Бастысы, шалғай ауылда балалардың білім алуына жағдай жасалуда. Мұны көзімізбен көріп от ырмыз. Келер жылы Рудничный ауылының балалары 1970 жылы салынған ескі мектеппен қоштасып, жаңа мектепте білім алмақ, – деді Берік Асылов.
Бұдан кейін сөз алған облыс әкімі Бейбіт Исабаев облыста білім ошақтарын салуда қарқын барын, мемлекеттің ертеңін жарқын етер білімді ұрпақ өсірудегі қадамдар жайын пысықтады. Айтуынша, Мемлекет басшысы оқу-ағарту саласын дамыту, білім мекемелерін заманауи құралдармен жабдықтау, ауыл мұғалімдерінің құзыреттілігін арттыру бағытында үлкен міндет жүктеген.
– Мемлекеттің бүгіні мен ертеңі білімді ұрпаққа тікелей байланысты. Сондықтан елімізде, соның ішінде облыста білім ошақтарын салуға тұрақты көңіл бөлініп келеді. Рудничный ауылында елден заңсыз шығарылған активтер есебінен салынатын мектептің іргетасы қаланып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл оқушыларының білім деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөліп отыр. Жалпы ауыл мектептері болашақ ұлт мектебінің негізін қалаушы саналады. Сондықтан ауылдық жерлердегі мектептердің білім сапасын арттыру өте маңызды, – деді облыс әкімі.
Елді мекендегі мектеп құрылысын «Нұр-Шапағат-Құрылыс» ЖШС жүргізуде. Жоба құны 2,46 млрд. теңге. Серіктестік басшысы Қайрат Кереев бірнеше блокты заманауи мектеп құрылысына 100-ден аса құрылысшы мен 8 арнайы техника жұмылдырылғанын айтты.
– Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындарды алып жатырмыз. Қазір 30-ға жуық жұмысшы осы ауылдың азаматтары. Жалпы аумағы 2 гектарды құрайтын мектептің ішкі аумағы 3500 шаршы метр. Биыл күн суытып кетпей білім ошағының қабырғасын тұрғызып, шатырын жауып, келер жылға әрлеу, әктеу және оқу жабдықтарымен қамту жұмыстарын қалдырамыз. Осы қарқынды бәсеңдетпесек, берілер уақытынан бірер ай ерте өткіземіз, – дейді мердігер мекеме басшысы.
20 жылдан аса Рудничный ауылында тұратын Ғалия Чукубаева келер жылы 3 баласының су жаңа мектепте білім алатынына қуанышты. Айтуынша, ескі мектептің ғимараты да бос тұрмайтынын жергілікті әкімдік өкілдері шегелей айтыпты.
Бұдан кейін Бас прокурор Берік Асылов пен облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында облыс ақсақалдары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен белсенді жастар және құқық қорғау органдарының мамандарымен кездесті.
Жиынды аймақ басшысы жүргізіп, алғаш сөз кезегін Бас прокурорға ұсынды. Берік Ноғайұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру міндет екенін атап өтті. Берік Асылов аймақ басшысына және облыс тұрғындарына еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан еңбектері, қоғамда «Заң мен тәртіп» деген іргелі қағиданы нығайта түскені үшін алғысын білдірді.
– Президент бастамасымен елімізде ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары халыққа қызмет етуге бағытталған сервистік модельге көшті. Қылмыстық саясат өзгерді, тек жазалау емес, профилактикалық принцип күшейді. Мұндай бастамалар қоғам дамуына жаңа серпін берді. Мемлекет тарапынан әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуына орасан қаражат бөлуде. Оның тиімді жұмсалуы прокуратураның басты назарында. Сондықтан күш-жігеріміз мемлекетке келтірілген залалды қайтаруға жұмсалуда. Әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ететін шаралар өз жалғасын табатын болады. «Заң мен тәртіп» – азаматтардың еркін дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іргелі негіз. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қоғамның және әрбір азаматтың өмірлік ұстанымы болуы керек. Заң – әділдікке, рухани тазалыққа апаратын жол. Елімізде қылмыстың азаюы – құқық қорғау органдарының ғана емес, жалпы қоғамның еңбегі, – деп атап өтті Берік Асылов. Ол өз сөзінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және инвесторларға қолайлы жағдай жасаудың негізгі тұстарына тоқталып, республика бойынша бірнеше көрсеткіштерімен үздіктер қатарынан көрінген Жетісу өңірінің дамуына жоғары баға берді.
Қоғамдағы заң мен тәртіп идеологиясын нығайту мақсатында ардагерлер өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, қолдау білдіруде. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстың дамуына үлкен инвестиция тартқан «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс компаниясы» ЖШС-нің директоры Кенжетай Мангулов мемлекет тарапынан инвесторларға көрсетілген қолдауды, серіктестіктің іске асырып жатқан ауқымды жобасы жайлы баяндады. Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік мәселелерді шешуде және азаматтық бастамаларды жандандыруда мемлекетіміздің ең сенімді тірегіне айналды. Олар облыстағы маңызды жобаларды іске асыру барысында белсенді қатысатынын, «Заң мен тәртіп» бәріне ортақ болу керектігін «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанат Төлемісова тілге тиек етті. Ал «Жетісу жастары» мекемесінің директоры Шамиль Ванкеев жастар елдің басты қозғаушы күші екенін айтып, қоғамдағы «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуде жастарға үлкен сенім артылатынын жеткізді.
Облыс әкімдігі құқық қорғау органдарымен, оның ішінде прокуратурамен өзара іс-қимыл орнатып, әрбір органдардың міндеттеріне сәйкес өңірлік бағдарламаларды бірлесе атқарып, халықпен тығыз жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде облыста осы бағыт бойынша бірқатар бағдарлама өз нәтижесін беруде.
Дастанбек САДЫҚ
Еңлік КЕНЕБАЙ