Ағылшын жазушысы, саяхатшы және зерттеуші Джон Масси Стюарттың бірнеше жыл бұрын Қапал жеріне арнайы келуі – тарихи сабақтастықтың жаңғырығындай әсер қалдырды. Ол осында келген сапарында әйгілі ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон мен оның жары Люси Аткинсонның өмір жолына, олардың қазақ даласындағы тағдырлы сапарына қатысты тың деректермен бөліскен еді. Жазушыдан алынған дерек бойынша тағы бір тарихи мақала жазылды. Көзі қарақты оқырман, туған жердің тарихына зер сала отырайық. Қапал топырағында Томас пен Люсидің ұлы дүниеге келген. Нәрестеге Алатау-Тамшыбұлақ деп ат қойған.
Томас Аткинсон – XIX ғасырдың орта тұсында Ресейдің азиялық бөлігін, соның ішінде қазақ даласын аралап, көрген-білгенін жазып қалдырған әйгілі ағылшын зерттеушісі, этнограф және суретші. Ол жеті жыл жеті ай бойы Ресейдің Еуропадан қиыр шығысқа дейінгі кең аймақтарын атпен, арбамен, кейде қайықпен шарлап, 60 мың шақырымнан астам жол жүрген. Мәскеу мен Санкт-Петербургте болып, патша Николай I-мен жүздескен. Қарым-қатынасы күрделі кезеңде болса да, патшаның өзі оған Азияны еркін зерттеуге рұқсат берген.
Сол сапарлар барысында Аткинсон Жетісуға да табан тірейді. Тау мен тас асып, Қиыр Шығысты, Алтайды, Оралды, Батыс Сібір мен Шығыс Қазақстанды артқа тастап, ақырында 1848 жылы Қапалға жетеді. Сол кезде Қапал — әлі жас, жаңа қалыптасып келе жатқан шағын шаһар еді. Осынау құтты мекен Ресейдің ішкі-сыртқы саясатында қандай маңызды орын алғандығын Шоқан Уәлиханов өзінің «Русский инвалид» журналының 1865 жылғы №51 санында жарияланған «Қытай империясының батыс өлкесіндегі дүнгендер көтерілісі туралы» мақаласында айрықша ашып көрсеткен. «Не думаю, что нашлось очень много из читателей русских газет, которые бы знали то место, из которого я пишу Вам мое письмо, и хотя бы приблизительно могли указать не карте Капал. А между тем знание этого пункта не показывает одного только исключительного знакомства с географиею, оно указывает и на степень того интереса, которым проникнуто наше общество к своим политическим делам отдаленных пределах Россий» делінген.
Жетісу өңірінің әкімі барон Александр Врангель мен казак командирі Степан Абакумов Аткинсондарды жылы қарсы алады. Алғашында ерлі-зайыптылар жертөледе тұрса да, жергілікті жұрттың мейірбандығы мен қазақ қонақжайлығы олардың еңсесін түсірмеді. 1848 жылдың 4 қарашасында Қапалда Томас пен Люсидің ұлы дүниеге келеді. Қазақтар шала туған нәрестені аман алып қалу үшін Тамшыбұлақтың қасиетті суымен жуындырып, аузына тамшысын тамызып, өмірге қайта әкелгендей болды.
Жергілікті халық сол жылы көптеген сәбилер шетінеп кеткен шақта, Алатау-Тамшыбұлақтың аман қалуын жақсылыққа жорып, оны өз баласындай жақсы көрді. Баланы туған жерінде қалдыру туралы ұсыныстар да айтылды.
Томас Аткинсон қазақ жерін аралаған жылдары көрген-білгенін қағазға түсіріп, сурет салып, этнографиялық және табиғат көріністерін акварельмен бейнеледі. Оның қолынан шыққан туындыларда қазақ халқының тұрмысы, киім киісі, жорықтағы сәттері, көшпелі өмірдің бояуы анық көрініс тапқан. Кейін Англияға оралған соң ол осы материалдарды негізге алып, әйгілі еңбектерін жариялады. Олардың ішінде «Восток и Западная Сибирь», «Путешествие по Нижнему и Верхнему Амуру», «Воспоминания о татарских степях и обитателях» атты еңбектері бар.
Осы шығармалар арқылы бүкіл әлем қазақ даласының кеңдігін, табиғатының көркемдігін, халқының меймандостығын таныды.
Сол кездің өлшемімен алғанда, Қапал – сәні мен салтанаты келіскен, мәдениет пен өркениеттің тоғысқан нүктесіне айнала бастаған шағын шаһар еді. Әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшы-ғалымдар келіп, осы өңірдің табиғатына, халқына, өмір салтына таңданысын жасырмаған. Аткинсондар солардың қатарынан еді.
«Өткен күннен белгі бар» дейді қазақ.
Томас пен Люси Аткинсонның сапары – жай ғана саяхат емес, ұлт пен ұлтты жақындастырған рухани көпір. Ал кіндігінің қаны Қапалда тамған Алатау-Тамшыбұлақ Аткинсон кейін Британияда білім алып, Гавай аралында қызмет еткен.
(Жақында сайтымызда Қапалда дүниеге келген Алатау–Тамшыбұлақ Аткинсонның өмірі мен қоғамдағы орны жайлы кеңірек жазатын боламыз. Сайтымызды қадағалап отырыңыздар).
Гүлжан ТҰРСЫН





