Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында елімізде әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілетін жәрдемақылардың мақсатсыз таратылып жатқанын айтып, оны біріздендіруді тапсырған болатын. Осыдан кейін көпшіліктің көкейінде «жәрдемақылар қалай қысқартылады?» деген сауал пайда болды. Бұл шара не үшін жасалып жатыр және енді кімдерге жәрдемақы берілмейді?
Редакция президент жолдауынан соң бұл бағытта қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен сұрады. Ведомствоның мәліметінше, тапсырманы орындау мақсатында жәрдемақыға мұқтаж жандардың арнайы тізбесін айқындау қағидалары әзірленіп жатыр.
«Еліміздің заңына сәйкес, аудандық және қалалық әкімдіктер, сондай-ақ Астана мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері әлеуметтік көмек көрсету тәртібін әзірлейді. Бұл тәртіпте көмек кімге, қандай жағдайда және қанша мөлшерде берілетіні үкімет бекіткен ережеге негізделіп анықталады. Ал аудан (облыстық маңызы бар қала), республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттары бұл ережелерді бекітеді. Осылайша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әр өңірде көмек алушылар санаттарының тізбесі, сондай-ақ әлеуметтік көмектің түрлері, шекті мөлшерлері мен жиілігі мәслихаттың шешімі бойынша аймақтың бюджет мүмкіндіктеріне байланысты жеке белгіленеді», – деді министрлік өкілдері.
Министрліктің мәліметінше, енді көмекке шын мұқтаж адамдардың тізімі жасалып, жәрдемақы тек соларға ғана төленетін болады.
«Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік саясатты тек категориялар бойынша емес, нақты мұқтаждық деңгейіне қарай бағыттау жұмыстары жүргізілуде. Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарының барлық санаттарын қамтиды. Отбасылар мұқтаждық критерийлеріне сай болған жағдайда ғана қосымша қолдауға ие болады. Министрлік қазір азаматтарды анықтап, қолдау шараларын тағайындап, бақылауды автоматтандыратын бірыңғай цифрлық платформаны іске қосуда. Бұл платформада скорингтік модель бар. Ол отбасылардың жағдайын алты деңгейге бөліп бағалайды – ең мұқтаждардан (1-деңгей) бастап, тұрмысы жақсы отбасыларға дейін (6-деңгей)», – деп мәлімдеді ведомство.
Министрлік бұл өзгерістің басты мақсаты – жағдайы жақсы отбасылардың жәрдемақы алуына жол бермеу екенін атап өтті.
«Отбасылардың жағдайын бағалаудың негізгі мақсаты – тұрмысы жақсы адамдарға көмектесуді тоқтатып, шын мұқтаждарға әлеуметтік қолдауды ашық әрі тиімді түрде беру. Сонымен қатар, зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақылар республикалық бюджеттен толық төленеді және инфляцияға сай жыл сайын өсіп отырады», – деп қорытындылады министрлік.
«Зәулім үйде тұрып, баспанасыздарға арналған жәрдемақы алатындар бар»
Экономист Расул Рысмамбетов бұл шараның дұрыс бағытта жасалып жатқанын айтты. Оның сөзінше, соңғы жылдары елімізде жәрдемақыны заңсыз алатын алаяқтар мен оларға көмектесетін бақылаушы органдар көбейген.
«Бұл салада алаяқтар мен алақол кәсіпкерлер өз істерін жүргізіп жүр. Бірақ олар, әдетте, мұны өз бетімен емес, белгілі бір бақылаушы органдардың көмегімен жүзеге асырады. Яғни, төлем жасап отырған мекемелер арқылы. Сондықтан қазіргі қадам – осы саладағы заңсыз әрекеттерді жоюға бағытталған. Әрине, бұл арқылы миллиардтаған қаржы үнемделуі мүмкін. Бірақ негізгі мәселе – тек жәрдемақыны қысқарту емес, сонымен қатар заңсыз түрде субсидия алып жүрген кәсіпорындарды анықтап, оларды да тоқтату қажет», – деді экономист.
Маманның айтуынша, шын мұқтаж адамдар жәрдемақыдан қағылмайды.
«Жәрдемақының көлемі қысқармайды. Мысалы, зәулім үйде тұрып, баспанасыздарға арналған көмек алатындар мен мүлде құқығы жоқ адамдар бар. Мұндағы мақсат – заңсыз алып отырғандарды анықтап, оларды тізімнен шығару. Бұл өзгерістер көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар жандарға немесе жұмыссыздарға әсер етпейді. Жалпы алғанда, елімізде әлеуметтік теңсіздік артып келеді. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Сондықтан мемлекет бұған да назар аударып отыр. Қазір цифрлық әлеуметтік карталар енгізіліп жатыр. Бұл жүйе арқылы мемлекет адамдардың ең аз деген сұранысына да қолдау көрсете алады. Бірақ соған қарамастан, менің ойымша, капиталистік ел болғандықтан, бізде теңсіздік әрі қарай да жалғасады. Дегенмен, экономиканы жақсартып, теңсіздік тым тереңдеп кетпеуі үшін нақты шаралар қабылдау қажет», – деп түйіндеді Расул Рысмамбетов.
Дереккөз: Stan.kz





