Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков автокөліктің алдыңғы екі терезесін ақылы негізде қараңғылауға рұқсат беру бастамасын көтерді. Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Халық қалаулысының айтуынша, бұл бастама мемлекеттік бюджетке қосымша кіріс әкеліп, жол инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
«Автокөліктің алдыңғы екі терезесін қараңғылауға рұқсат беру – бюджетке түсетін тұрақты салықтың көзіне айналуы мүмкін. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елімізде 6,1 млн көлік тіркелген. Оның 86,5 пайызы – жеңіл автокөлік», – деді депутат.
Құспековтің есебінше, автопарктің тек 5 пайызы осындай рұқсат алса және оның орташа құны 50 АЕК немесе 196 600 теңге болса, мемлекеттік бюджетке жылына 50 миллиард теңгеден астам кіріс түсуі мүмкін.
Бұл қаражатты депутат жолдарды жөндеуге, инфрақұрылымды қалпына келтіруге және дамытуға бағыттауды ұсынады.
Сондай-ақ, депутат рұқсат берудің басты талабы ретінде жарық өткізгіштік деңгейін кемінде 70 пайыз ету қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе Қырғызстан мен Өзбекстанда сәтті жүзеге асырылып жатыр.
«Қосымша ұсыныс ретінде көліктерді эконом, бизнес және премиум санаттарына бөліп, әр санатқа қарай сараланған тариф енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады», – деді Олжас Құспеков.
Депутат бұл бастаманың қауіпсіздік талаптарына сай жүргізілуі тиіс екенін де атап өтті.