Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда киік популяциясын реттеу мақсатында шамамен 800 мың бас ақбөкенді ату жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда өлген киіктердің етін өңдейтін арнайы комбинат салу да қарастырылып жатыр. Жобаға алты бірдей компания қызығушылық танытқан.
Көктемгі санақ нәтижесі
2025 жылдың көктемінде жүргізілген ресми санақ нәтижесі бойынша, еліміздегі киік саны 3 миллион 900 мың басқа жеткен. Оның ішінде:
-
2,3 млн бас — Орал өңірінде,
-
1,6 млн бас — Бетпақдалада,
-
78 мың бас — Үстіртте мекендейді.
Ғалымдардың ескертуі
Мамандардың айтуынша, жануарлардың шамадан тыс көбеюі жайылымға түсетін жүктемені арттырып, экожүйеге қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты ғалымдар ақбөкендер санын 20 пайызға дейін қысқартуды ұсынуда.
«Ғылым киіктердің жалпы популяциясының 20%-ынан арылуды ұсынып отыр. Яғни шамамен 800 мың бастан. Бұл ретте олардың жынысы мен жасы да есептелді: 40% — еркек, 40% — ұрғашы, 20% — төл», — деді Ерлан Нысанбаев.
Қытайға киік сыйлау бастамасы
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға 1 500 ақбөкенді тарту ету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген болатын. Бұл қадам көршілес елде киік популяциясын қалпына келтіруге бағытталған.