Қазақстанда «Жер-2025» атты республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтеді.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлайды.
Іс-шара 2025 жылғы 23-24 шілде аралығында елдің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде өтеді. Олар – Алматы, Шымкент қалалары, Абай және Жетісу, сондай-ақ Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары.
Республикалық оқу-жаттығу штабы Шымкентте орналасқан.
Аталған өңірлерде тұрғындар дабыл сиренасын естиді, сонымен қатар адамдар көп жиналатын нысандарда сейсмикалық жаттығулар өткізіледі.
«Оқу-жаттығу жойқын жер сілкінісінен кейін туындайтын төтенше жағдайды жоюға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің дайындық деңгейін арттыру мақсатында өткізіледі. Іс-шараға республикалық, өңірлік азаматтық қорғау қызметтері мен жергілікті атқарушы органдар қатысады, олар жойқын жер сілкінісі жағдайында әрекет ету алгоритмін пысықтайды», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Дереккөз: Tengrinews.kz





