2026 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) мерзімінен бұрын қаражат шешу үшін қажет жеткілікті шек ұлғаюы мүмкін. Бұл өзгеріс зейнетақы қаржысын пайдалану шарттарын күрделендіреді.
Мамандардың айтуынша, жеткілікті шектің өсуіне бірнеше экономикалық фактор әсер етіп отыр. Оның ішінде инфляция деңгейі мен халықтың табыс көлемі бар. Алайда сарапшылар шекті соманы төмендетуді ұсынады, өйткені бұл тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесуі мүмкін.
Қазіргі таңда жеткілікті шек әр жастағы азаматтар үшін әртүрлі:
-
20 жастағылар үшін – 3,26 млн теңге,
-
30 жастағылар үшін – 4,58 млн теңге,
-
40 жастағылар үшін – 6,1 млн теңге.
Алайда айлығы 200 мың теңге шамасындағы азаматтар бұл межеге жете алмай, қордағы қаражатты пайдалана алмай отыр. Сондықтан кейбір экономистер орташа жалақы мөлшерін арттыру керек деп есептейді.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, зейнетақы қорынан қаражат алу мүмкіндігі ашылғанда, тұрғын үй бағасы да қымбаттап кетеді. Бұл жағдай шекті сома жеткіліксіз болып қалуына себеп болады. Оның пікірінше, құрылыс компанияларының баға саясатын бақылауда ұстау қажет. Осылайша, тұрғын үйдің бастапқы жарнасын жабуға немесе тіпті толық үй сатып алуға мүмкіндік тууы мүмкін.
Ал Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ зейнетақы жинағын болашақта зейнетке шыққанда пайдалануға шақырып отыр. Ол қазіргі экономикалық жағдайда бағаның тұрақсыздығы зейнетақы қаржысын жұмсауға қауіп төндіретінін айтты.
“Біз зейнетке шыққанда қордағы жинағымыз аз болып қалуы мүмкін. Сондықтан көбірек ақша жинауға тырысу керек. Қазақы ұғыммен бала-шағамыз асырайды деп үміттенеміз, бірақ қазіргі заман басқа”, – дейді Үнзила Шапақ.
Айта кетейік, қазіргі жеткілікті шек 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда өзгерген жоқ. Алайда 2026 жылы әлеуметтік төлемдер қайта қаралса, шектік мөлшердің де көтерілуі ықтимал.





